Өмірзақ Ақжігіт: Әке ұл мен қызды тәрбиелейді, әйел - Ұлтты тәрбиелейді
2016 ж. 29 қазан
3463
0
Жігіттің: 1.ӨЗ жұрты; 2.НАҒАШЫ жұрты; 3.ҚАЙЫН жұрты бар. Әйелдің: 1. ӨЗ (КЕЛГЕН) жұрты; 2.НАҒАШЫ жұрты; 3.ТӨРКІН жұрты бар, ҚАЙЫН жұрты жоқ, қайнаға, қайнысы болса да!
Неге? Себебі, ол "қонақ үйден" 20-25-тен былайғы бар ғұмыры өтетін ӨЗІНІҢ шын үйіне, сүйегі шығатын үйіне келді.
Ал, осыны бүгінгі ананың бәрі бірдей қызына айта ма, үйрете ме? "Ажырасамын!" деп келген қызына "Ол сенің СҮЙЕГІҢ шығатын шын үйің, қайт үйіңе!" деп айта ма? Әй, қайдам!.. "Ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды" деуге дайын тұратын секілді. Соны көрген қыздар жас отбасыда пайда болатын проблемаларды шешудің ең бірінші әрі ең оңай жолы - ажырасу деп біледі. Баласының бар екеніне де, оның өмір бойы психологиялық тұрғыдан жазылмас жаралы болып қалатынына да қарамайды. Шектен шығып бара жатқан ажырасу статистикасы соның дәлелі. Тіпті, кейбір "көпті көрген қыздар" тек ажырасу үшін ғана күйеуге шығатын тәрізді...
Отбасылық "обкатка" ең кемі 3 жылға созылады. Сондықтан, осы мерзімде екі жақ та жас отауға барынша қолдау көрсетуі тиіс. Әсіресе, қыз жағы өз перзентіне ажырасу жайлы ойлаудың өзіне тыйым салғаны жөн. Қазақ дәстүрінде кеткен қыз қашан балалы болғанша төркініне қыдырып келуге де болмайтын. Бұны да ескерсек нұр үстіне нұр жауар еді...
Қалай болғанда да бүгінгі күннің басты мәселесі - "қырық үйден салынатын" тыйымнан толық азаттық алған қыздың тәрбиесі болуы тиіс. Өйткені, жігіт "мен - еркекпін!" деп қанша қоқиланғанмен отбасы бақыты ең алдымен ақылды, білімді, көргенді қызға тәуелді. Әке ары барғанда ұл мен қызды тәрбиелейді, ал, әйел - Ұлтты тәрбиелейді!
Өмірзақ Ақжігіт,