Кішкентай қызын аяусыз ұрған әйел халықтан кешірім сұрады
2016 ж. 28 қазан
2204
0
Титтей қызын аяусыз соққыға жыққан павлодарлық әйел халықтан кешірім сұрады деп хабарлайды Астана арнасы.
Шенеуніктердің пікірінше, балаға қатысты жасалған қатігездік әрекет міндетті түрде жазалануы тиіс. Бірнеше күн бойы елдің жағасын ұстатқан бейнебаянның авторы істеген ісіне өкінетінін айтты. Тілшілерге берген сұхбатында Нұргүл Докуова ауыр эмоциялық қысымнан осындай әрекетке бардым деп отыр. 34 жастағы әйелдің сөзінше, бұған дейін ол балаларына қол тигізіп көрмеген. Олардың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне бар жағдайды жасадым деп отыр.
"Ол адамдар маған өте ауыр соққылар жасады. Сондықтан әрекетіме жауап бере алмай қалдым. Өз басымдағы хәлді ешкімге ашып айта алмадым. Қазір мен балам үшін қатты алаңдаймын. Оны өзіме қайтарғым келеді. Үлкен қызым да уайымдап күнде жылайды. Менің мына қылығым үшін кешіріңіздер! Балаларымның анасыз өскенін қаламаймын!", - дейді Нұргүл Докуова.
Нұргүлдің бұл өкініші ескеріледі дейді қамқоршылық органының өкілдері. Әйтсе де баласын ұрып, оны камераға жазған ананың жазаланбай қоймайтынын айтты. Бүгінде шенеуніктер әйелді ата-ана құқығынан айыру бойынша тиісті жұмыстарды бастап кеткен. Бәрі ойдағыдай болса, Айлин туған әкесінің қамқорлығына алынбақ.
" Әкесі баланы алғысы келетінін айтып, өтініш жазды. Бұл мәселе қарастырылуда. Жұмысынан мінездеме, учаскелік полициядан рапорт және үй-жайы туралы ақпаратты жинап жатырмыз. Тиісті құжаттарды тексермей тұрып, қандай да бір шара қолдана алмаймыз. Баланың өміріне екінші рет қауіп төндіруге болмайды. Анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесі көтеріліп, сотқа талап-арыз түсіруге дайындалып жатырмыз", - дейді Павлодар қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Орынбасар Темірболатова.
Әзірге Айлин арнайы мекемеде. Ондағылардың айтуынша, баланың жағдайы жақсы. Айналадағыларымен тез тіл табысып, достар тапқан көрінеді. Бүлдіршіннің бұл жерде қанша болатыны белгісіз. Қамқорлық органы әкесінің құжаттарынан мін таппаса, үш жарым жасар балғын бірер күнде туғандарымен қайта қауышады.