Баян Мақсатқызы күйеуін кешірді
2016 ж. 19 қазан
2267
1
Баян Мұхитденованың қорғаушысы болып Бақытбек Есентаевтың бажасы Марат Асқарбеков тағайындалыпты. Өз кезегінде танымал продюсер күйеуіне кешірім беріп, бұдан бұрынғы оған қатысты айыптауларынан бас тартты.
Бұл туралы informburo.kz хабарлайды.
Сот отырысында Марат Асқарбеков Баянның атынан сөз алып продюсердің күйеуін кешіргенін және Бақытбек Есентаевқа ешқандай өкпесі жоқтығын айтты. Сот отырысында Баян соттан күйеуін қатаң жазаламауды сұрады.
«Мен Баян сияқты әйелді алғаш көріп отырмын. Ол күйеуін кешіре білді. Қазақстанда осындай әйелдер көп болғаны маңызды. Олар күйеуінің әрекетіне түсіністікпен қарап кешіре білуі, шектен шықпауы маңызды» деді өз сөзінде Марат Асқарбеков.
Өз кезегінде Баян Мақсатқызы соттан күйеуі Бақытбек Есентаевты бас бостандығынан айырмауды сұрады. Оның айтуынша, балалары әкелерінің тағдырына қатты алаңдап жүр және оның түрмеге қамалғанын қаламайды.
«Күйеуіммен арадағы жанжалдың шығу себептерін барынша байыптап барып осындай шешімге келдім. Әрбір отбасында мұндай түсінбеушіліктер болады» деді продюсер.
Айта кетелік, Бақытбек Есентаевқа қатысты сот процесі кеше басталған. Атышулы жанжалды Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарастырып жатыр. Істі қарау жабық режімде өтуде.