Ермұрат Бәпи: Әлімбайдың "ӘЛЕГІ"
2016 ж. 17 қазан
4439
1
Әлімбай! Қайран курстас досым!
,КазГУ-де оқып жүрген кезімізде, ай сайын жатақханада қабырға газетін шығарушы едік (Құлтөлеу Мұқаш, Сергей Плютенко, Бауыржан Жақып, Гүлбаһрам Жебесін... тағы кім бар еді?). Мен - редакторы.
Сол газеттің бір нөміріне Әлімбай "Жол сілтеу" (ұмытпасам) деген сықақ әңгімесін алып келді. Оқып шығып, ішегім қатқаша күлдім. Ауылдан келген бір қарт адам көшеде кезіккен студенттен таба алмай жүрген жерін нұсқап жіберуді сұрайды. Сонда студент көше бұрылыстарындағы өңшең пивнушкалар мен кафелерді орентир етіп, өзі білетін "мәдениет" орындарын тізіп шыққан ғой.
Газетке шығардық. Ертеңінде партбюроның хатшысы Рахым аға Сатаев аудиторияға іздеп келіп: "Ізбаев екеуің деканға жүріңдер!" - дейді. "Не боп қалды?". "Не болғанын Темкеңнің алдында білесіңдер!". Темкеңі - атақты профессор Темірбек Қожакеев. Жүрегім дір ете түсті. Байқаймын - Әлімбайда да өң-түс жоқ - бет-жүзі қуарып кетіпті. Қожакеевтің алдына бардым дегенің - біттім дегенің... Бардық. Кабинетіне кірдік. Көзілдірігінің үстімен алайып бір қарады да: "Сендерді кім шақырды?"- деді қаламын үстелге ұрып. "Сіз...". "Маған екеуің керек екенсіңдер... Мен шақырған жоқпын!". "Сатаев айтты...". "Білмеймін... Сатаевтарыңды алып келіңдер!". Әлімбай лып етіп, қабылдау бөлмесінде бөгеліп (әдейі болу керек) қалған Рахым ағаны ертіп келді. "Тә-ә-әк! Мына екеуін неге маған жібердің?" - деді Темкең партбюро хатшысына көзі шатынай қарап. "Темке, бұлар әлгі не ғой..." - деп Рахым аға көзі жыпылықтап, тұтығып қалды. "Бұлар не емес, кім ғой - бойларында жаны бар шығар..." - деп, Темкең бізді адам баласына теңеп қойды. Әлімбай екуіміз бір-бірімізге қарап, Темкеңнің алдында "кім" болғанымызға қуанып қалдық. "Темке, айтып едім ғой... әлгі әңгімені... Қабырға газеттегі... Жатақханадағы..." - деп, Рахаң сөзден жаңыла бастады. "Қайсы? Қане? Енді оны оқу үшін жатақханаға барайын ба?". Аңғалақ Әлімбай әңгімені іліп әкетті: "Ағай, ол газет бүгін корпуста ілулі тұр...". "Онда не бар деп едің?" - енді Темағаң хатшыға қаһарлана қарады. "Әлгі ішкіш студенттер туралы ше?... Айтып едім ғой... Алматының бүкіл сыраханаларын тізіп шығыпты деп... Партиялық саясатқа жат қылық деп...". "Әйдә, кеттік, оқиық!" - деп, Темағамыз қолын сілтей сермеп, басын қайқайтып ап, жол бастай жөнелді. Келдік. Ілулі тұрған газетке көз жүгірте бастады. Ұзындығы бес ватман (6 метр) газетке көңілі тойды-ау деймін: "Әй, мынаның соңына жеткеше көтенішегіміз үзіледі ғой, түге! Көрсетсеңдерші - қайсысы партиялық принципке қайшы кеп тұрғанын!". Рахым аға да бөтелкенің түбіндей қалың әйнекті көзілдірік киюші еді - мұрынын ілулі газетке тақап тұрып, Әлімбайдың сықағын іздеуге кірісті. Сықақ жанры әдетте соңында болады - Әлімбай декан ағамызды алты метрлік газеттің ано-о-у басына қарай бастады. "Мынау". "Тә-ә-әк!" -деп, Темкең көзілдірігін киді де, машинкаға Гүлбаһрам басқан мәтінді оқи жөнелді. Ара-тұра Рахым аға күңкілдеп қояды: "Кооператор сыраханасынан оңға бұрыласың деп жазыпты... Ал дәп жанында опера театры тұр - оны айтпайды...". Бас-аяғы екі параққа толар-толмас сықақтың соңына жете бере Темкең өзіне тән сықылық күлкісіне салды. Біз де аң-таң, Сатаев та аң-таң. "Әй, Ізбаев! - деді бір кезде күлкісі басыла бере. - Сен бе жазған?!". "Иә, м-м-мен...". "Ертең тағы бір данасын ап кел - "Араға" шығарамыз!". "Қалай?" - Әлімбай мен Рахым ағаның дауысы қатар шықты. "Солай! Сатирадан докторлық қорғаған мен білсем, бұл - нағыз сарказмға толы юмор!". Рахым ағаның әншейіндегі жыпылық көзінің қас қағымы жиілеп кетті. "Все! Пошел перед!" - деп, Темағаң оң қолын солдатша сілтеп, басын қисайтып ап, кабинетіне қарай қайқайды. Әлімбай екеуіміз ыржың-ыржың етіп, жатақханаға қайттық. Рахым аға сол жерде қалған... ...Білмеймін - есімде жоқ: кейіннен Әлімбайдың сол сықағы "Араға" шықты ма, жоқ па? Білетінім - Әлімбай Темағаңның сабағынан "автомат" (кезінде осындай баға болған) алып кеткен.
Ермұрат Бәпи,