«ЕУРАЗИЯ» ЕЛБАСЫН ПРЕЗИДЕНТ РЕТІНДЕ МОЙЫНДАМАЙ МА?
2016 ж. 14 қазан
2657
2
«Еуразия» телеарнасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сюжеттерде «ҚР Президенті» деп жазбайды. Әу баста редакторлар «ҚР Президенті» деген жазуды байқаусызда ұмытып кеткен шығар деп ойлағанбыз. Өйткені, жаңалықтар кезіндегі қарбаласта мұндай қателіктің кетіп қалуы әбден мүмкін жағдай ғой. Алайда «Еуразия» арнасы президенткеhttp://www.1tv.kz/kk/news/video22082016/janalyktar_basty/3 қатысты барлық жаңалықтарында «ҚР Президенті» деп жазуды қажет деп санамайды екен.
Жуырда елімізге Ресей Федерациясының президенті В.Путин келді. Аталған сапар туралы түсірген сюжетте ең бірінші болып көрші елдің президенті В.Путин сөйлейді. Біздің ойымызша мемлекеттің басшысы ретінде ең бірінші болып Н.Назарбаев сөйлеуі (http://www.1tv.kz/kk/news/video04102016/janalyktar_basty/19) керек сияқты. Алайда телеарна басшылары Елбасын екінші «планға» ысырып, көрші елдің басшысын алдыға шығарып жіберіпті. Тіпті бұл аз десеңіз, Н.Назарбаев сөйлеген кезде қызметі тұрмақ оның аты-жөнін жазуды да телеарна қажет деп санамаған. Осыған қарап «Еуразия» телеарнасы «Елбасын Қазақ елінің президенті ретінде мойындамай ма?» деген заңды сұрақ туындайды.
Иә, бір рет «ұмытып», тіпті екінші рет «естен» шығарып алу әбден мүмкін жағдай делік. Әйтсе де бір емес, бірнеше рет мұндай «қателіктердің» қайталануы нені білдіреді? Белгілі журналист Серік Әбікенұлының айтуынша «мұның астарында «Еуразия» телеарнасының арам пиғылғы жатыр. Сондықтан да ол «тиісті орган өрескел қателік жіберген адамдарды жазалау керек» деп отыр.
– Әрине президенттің қызметін бір рет қателесіп жазбай қойса, онда тұрған ештеңе жоқ шығар. Алайда бір емес, бірнеше рет осындай қателіктердің қайталануы ақылға сыймайтын жағдай ғой. Менің ойымша аталған телеарнаның пиғылы таза болмай тұрған сияқты. Бір қызығы, «Еуразия» телеарнасы Үкіметтен ақша алып отырып сол елдің президенті мен халқын мойындамайтынын көрсетіп отыр. Мысалы, бір адамнан сұхбат алсаң оның аты-жөнінің астына етікші болса етікші, мұғалім болса мұғалім деп жазу керек қой. Ал білдей бір елдің мемлекет басшысының қызметін жазбай қою деген сөз жақсылықтың белгісі емес, – дейді Серік Әбікенұлы.
Журналисттің айтуынша «Еуразия» телеарнасын «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қаржыландырады. Алайда «Қазақстан» мен «Еуразия» телеарнасы бір біріне қарама-қайшы иделогия жүргізіп отыр. Бұл әрине алаңдатарлық жағдай. Сондықтан да журналист «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Президент әкімшілігі бұл мәселеге жауапты басшыларды жазалауы керек деп есептейді.
Жалпы «Еуразия» телеарнасының алаңдатарлық жағдай жасап, бүйректен сирақ шығарып отыруы бірінші рет емес. Бұған дейін телеарна жер мәселесі бойынша митингке шыққан халықты Американың ақшасын алды деп айыптаған болатын. Тіпті «Еуразия» өздерінің айтқандарын дәлелдеуге тырсып күмәнді видео жариялағаны көпшілікке белгілі. Ал телеарнаның мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметін жазбай, есесіне Владимир Путиннің «РФ Президенті» екенін жазуы тегін емес. Осы арқылы «Еуразия» телеарнасы Елбасын Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мойындамайтынын байқатып отыр.
Серғазы АСЛАНБЕК
Abai.kz