Ерболат Беделхан: Шаш өсіріп, сырға таққанда тұрған ештеңе жоқ
2016 ж. 10 қазан
4258
3
«Орда» тобының жетекшісі, «Ninety One» тобының продюсері, белгілі музыкант Ерболат Беделхан осылай дейді. Отандық музыка саласында қарама-қайшы пікір мен біраз дау тудырған «Ninety One» тобы тағы да сынға ілігіп отыр. Ақтөбеде өтеді деп жоспарланған концертке қала белсенділері қарсылық білдіріп, жергілікті әкімшілікке тиісті арыз жазыпты. Бұл туралы ikerim.kz порталы хабарлайды.
«Біз қазақ сахнасында сырға тағып, шаш бояған еркектердің өнер көрсетуіне қарсымыз. Бұл ұлттық санамызға жат нәрсе» — дейді наразылық білдіруші топ өкілдері.
Біз топ продюсері Ерболат Беделханның осы дауға қатысты ой-пікірін білу үшін, одан арнайы сұхбат алған едік.
Мәселе шаш пен сырғада емес…
«Ninety One» тобы құрылған күннен бастап, сыни пікірлер көп айтылып жүр. Шаштарын бояп, сырға тағып шықты деп сынады. Одан қалса, бір жынысты адамдарды қолдайды деген жаңсақ пікір қалыптасты. Бұған бір жағынан Бұқаралық ақпарат құралдары кінәлі деп те ойлаймын. Өйткені, көбі бізді жаман жақтан көрсетіп, керісінше әнші жігіттердің жеткен жетістігі мен еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, ішкі болмысы туралы айтпады. «Ninety One» тобының өз сайты бар, соған кіріп, зерттесе, балалардың өмірбаянымен танысса, бәлкім жаңсақ пікір түбегейлі өзгерер ме еді? Бесеуі де қазақтың қарапайым баласы. Ал, шаш пен сырғаға келер болсақ, біз Америка ашып, велосипед ойлап тапқан жоқпыз. Құлағына сырға таққан, шаштарын өсіріп-бояған рок-музыканттар, түрлі хиппилер әркез болған, болады да. Қазақстанда болмаса да, әлемде бұрыннан бар. Олай болса, халықаралық деңгейге неге шықпасқа? Неліктен талпынбасқа? Мәселе шаш пен сырғада емес. Бастысы – өнер мен музыка. Жан-жақты таңдау мен талғамда. Біз осы жолда жүрген адамбыз.
Музыкант ерекше адам болуы тиіс…
Кезінде «Орда» тобы болып, Батысқа да, Ресейге де бардық. Ол жақта, бізге Азиядан келгенсіңдер, мында қанша тырысқандарыңмен айтулы жетістікке жете алмайсыңдар деп жасырмай айтты. Ал Корея мен Жапония секілді елдерде танымал болуларың әбден мүмкін деді. «Ninety One» тобын құрмас бұрын, мен Кореяның поп-музыка стилін, бойз-бэнд құру жүйесін зерттедім. Нәтижесінде сол жүйені негізге алып, топ құруға заңды құқық беретін франшиза сатып алдым. Келіссөздер тоғыз ай бойы жүрді. Сары шаш, құлақтағы сырға, Zaq, AZ, Alem, Bala, Ace, деген қысқа ғана лақап аттар сол жүйеге тиімді маркетинг тәсілі. Музыканттың бірден көзге түсетін, есте қалатын өз ерекшелігі болу керек. Ол аты, келбеті, не киімі болуы мүмкін. Талантпен қатар, сауатты маркетингтің болуы әлемдік сахнаға шығуға мүмкіндік беретін негізгі жол.
Сынды көтере білетін адаммын…
Сыни пікірді көтере білемін. Оған еш ренжімеймін. Сахнада өнер көрсетіп келе жатқан үлкен ағаларымды да, халықтың еркесіне айналған інілерімді де құрметтеймін. Ойы мен көзқарасын сыйлаймын. Олардың стилі бір басқа да, біз таңдаған жол мүлдем бөлек. Десек те, сайып келгенде бәрімізді ортақтастырып отырған – өнер. Мен де өнерді дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Ешкімді алдап жүрген жоқпын, адал еңбегіммен нан тауып, отбасымды асырап жүрмін. Сыни пікірлер мен қарсылық шараларына қарамастан Қарағанды мен Шымкенттегі концерттеріміз жақсы өтті. Бізді жас жанкүйерлеріміз қолдап отыр. Өнерімізге табынушылар саны азайған жоқ. Жанкүйерлеріміздің ең көп тобы Түркия мен Ресейде. Біз жастарға жаман әдет үйретіп, қандай-да бір зомбылық насихаттап жүрген жоқпыз. Елімізде шешімін таппай келе жатқан мәселелер онсыз да көп.
Мақсатымыз – әлемдік ауқымда танылу…
Осыдан 17 жыл бұрын сахнаға шыққан «Орда» тобында аудитория жоқ. Қазір өткенді саралап қарасам, біз жалғыз болыппыз. Тым ерте шыққан сияқтымыз сахнаға. Мүмкін, қазір шықсақ, жағдай басқаша болар ма еді… 10 жылдығымызға арналған мерейтойлық концертте зал толған жоқ. Сондықтан, үлкен залдарды жинайтын отандық әншілерге бас иемін. Бұл өте қиын екен.
Отандық музыканың бір ерекшелігі – біз тек ел ішінде ғана белгіліміз. Одан әрі даму жоқ. Менің мақсатым – әлемдік музыка саласына жол салу. Сол себепті үнемі ізденісте жүреміз, тойларда өнер көрсетпейміз, тек республиканы аралап, концерт береміз.
Жапония императоры, кезінде, өзіне бағынышты самурайларға қылышты тастап, мылтық ұстаңдар деп бұйырған. Өйткені ол сырттағы жауға тойтарыс беру үшін, өз әскерінің алға ілгерілеуін қалады. Біздің Елбасы да – алға ұмтылыңдар, еңбектеніңдер дейді. Экономикамызды қаншалықты дамытсақ, өнер мен мәдениетті де солай жетілдіріп, шыңдау керек. Уақыт зымырап өтуде, сондықтан заманға сай болып дамиық. Әлемдік бәсекеге сай болатындай етіп, өсейік. Кореяда негізі салынған K-pop музыкалық жанрын үлгі ретінде ала отырып, біз Q-pop жанрын аштық, онда да бізге бұл атауды жанкүйерлеріміз беріп отыр. Өйткені, «Ninety One» тобы корей емес, қазақ поп-индустриясының өкілі. Қазір корей киносын көреміз, косметикасын қолданамыз, музыкасын тыңдаймыз – бұның бәрі өнердің арқасында. Өзге мемлекеттер деңгейіне жетем десеңіздер, өнер мен мәдениетке шектеу қоюға болмайды. Әлемдік поп-индустрияны, ондағы ерекшеліктерді мойындамасақ, онда Көктөбенің төрінде неге Ливерпульдік «Битлз» тобының мүсіні тұр?
Өнер шектеуге шыдамайды…
Менің әке-шешем Моңғолияның еңбек сіңірген әртістері. Кішкентайымнан ұлттық музыканы бойыма сіңіріп өскен баламын. Онымен қатар, шетелдің хип-хоп, поп-музыкасын да іздеп жүріп тыңдайтынмын. Менің ойымша, өнерден басқа сала тұрмақ, мына санамызда шектеу көп. Бір қатып қалған қағидаға сүйеніп, сол бойынша өмір сүруге тырысамыз. Шектеуді жойып, ерекше бір нәрсе жасайық десек, сынға ілігеміз! Неге? Біреудің ала жібін аттап, жамандық жасап жүрген жоқпыз. Бойымыздағы қабілетті пайдаланып, елімізде поп-музыка жанрын әлемдік талаптарға сай дамытқымыз келеді. Өйткені, өнер мен мәдениетті шектеуге болмайды. Менің ойымша, әрбір маман өз саласын жетік біліп, жетілдіру керек. Сонда ғана біз дамыған мемлекет боламыз. Құдайдың өзі маған ән айту, жазу қабілетін, сана-сезім берді ме, мен оны барынша қолданып, еңбектенуім керек. Топтағы балаларды да еңбекқорлыққа баулимын. Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. 21-ғасырда өмір сүреміз, сондықтан әркез ізденісте жүріп, әлемдегі өзгерістерден қалмай, алға ұмтылайық. Айтпағым осы…
Сұхбаттасқан Әлия Махамбет