Асхат Садырбайдың анасы Ерке Есмаханның шынында қандай адам екенін жайып салды
2016 ж. 07 қазан
16634
3
Танымал әнші Ерке Есмаханның бұрынғы күйеуі Асхат Садырбайдың анасы Оразгүл апай ikerim.kz сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, Ерке Есмахан мен ұлы Асхат арасындағы жайтты егжей-тегжейлі баяндап берді деп хабарлайдыNUR.KZ.
Ерке Есмаханның енесі болған Оразгүл апай ұлы Асхаттың Еркеге қол көтеруі мүмкін емес дегенді жеткізді. Оның айтуынша, оның балалары әйелге ешқашан қол көтермейді.
“Себебі сабырсыздық, қол алып жүгіріп, әкіреңдеу деген менің балаларыма жат нәрсе. Ол елге солай деп айтты. Бірақ ел өзі електен өткізіп, Еркенің кім, Асхаттың кім екенін ажыратып алды деп ойлаймын”, – деген ойын ашып айтты Оразгүл апай.
Сонымен бірге, Еркенің бұрынғы енесінің сөзіне сенсек, Ерке үйден кетерде неке жүзігін Асхатқа қарай лақтырып жіберген.
“Сол сәтте балам «қайта қосылып жатсақ тағармын» деген үмітпен ғана аяқ астынан көтеріп алып кетіп қалған. Осы жағдай оған «сыйлықтарын қайтарып алды» деп айтуға негіз болды. Алла тек абырой берсін. Еркеге еш жамандық тілемеймін. Қайта дұға, тілектеріме қосып отырамын. Өйткені ол немеремді бағып отыр”, – деп ағынан жарылды ана.
“Өте жақсы келін болды. Біріншіден, өте таза. Екіншіден, ақкөңіл. Күліп қарсы алады. Тағамның түр-түрін, өте дәмді етіп әзірлейді. Қашан, қалай үлгергенін де байқамай қалатынбыз. Қолы берекелі. Істеген асы көбейіп кетеді. Дастарқанды жайғанда жайнатып жібереді. Сондай жайлы келін болды”, – дейді ол.
Еркенің еркелігін Асхаттың мінезі көтере алмады дейді анасы. “Себебі, әйел адам ерінің айтқан сөзіне иіле алмаса, еріне қарсы шықса, оның да көңілі қалары белгілі”, – дейді шындықты айтуға бекінген ана.
Анасының айтуынша, Асхат Еркеге ешқашан өнер көрсетуіне қарсылық танытпаған, керісінше қолдап жүрген.
Бүгінде, Асхат Садырбай Еркеден кейін тағы бір рет шаңырақ көтерген. Оның бүгінде Зейін есімді ұлы бар. Асхаттың анасы екінші келінін мақтап, оның жақсы келін екенін де атап өтті.