Ақтөбедегі медреседе білім алып жүргендердің ішінен 8 уахабшы табылды
2016 ж. 21 қыркүйек
3446
0
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Алға ауданына жасаған сапарында Бестамақтағы медресе жұмысымен танысып келді деп хабарлайдыNUR.KZ тілшісі.
«Бізде имам дайындаудан проблема болмау керек. Медресемен жұмыс жасамаймыз. «Нұр-Мүбарак» университетімен жұмыс нашар. Егер олармен алдын ала байланыс жасасақ, онда оқып жатқан Ақтөбенің балалары қайтып келеді», - деді облыс әкімі
Маман дайындаудың дер кезінде қолға алынбағанын айтқан дін қызметкерлері: «Қазір қуып жете алмай жатырмыз»,- деп түсіндірді.
Медресе ұстаздарынан әкім: «Медресені бітіріп кеткендердің арасында теріс ағымға түсіп кеткендері жоқ па?»,- деп сұрады.
«Бізде қазір ондайлар жоқ. Біз классикалық кітаптармен оқытамыз. 12-13 ғасырлар алдында жазылған кітаптар. Қазіргі адасып жатқандар осы екі ғасырдың арасында жазылған кітаптарды оқып жүр. Ал классикалық кітаптарда кішіпейілділік, биязылық бар. Сондықтан біз көне әдебиеттерге сүйенеміз»,- деді Дәуренбеков.
Медресеге оқытушы болып кеткен Ақтөбенің бұрынғы имамы кездесу кезінде бұрынғы шәкірттерінің арасында дәстүрлі емес дін ұстанушылардың болғанын айтып қалды. Ол басқа ағым өкілдерінен қорғану үшін медресенің мешіттен алшақтатылғанын жасырған жоқ.
«Қазір медресе қаладан алшақтау жақсы жерде орналасқан. Ойлары көп бұзылмайды. Медресені қаланың жанындағы ауылға көшіруіміздің себебі де осы болған. 2008 жылы медресе «Нұр Ғасыр» мешітінің жанынан ашылды. 2011 жылы медресе бітірген балалардың ішінде 8 бала уахабшы болып шықты. Сондықтан осы жаққа көшіруге тура келді. Басқа дін ұстаушыларды оқудан босатып, қалған 5 балаға құжат бердік. Шәкірттерді жеке, оқшау жерде тәрбиелеген арқасында жақсы болды. Насихат тобындағы ұстаздарымыз «теріс ағымда жүр» деген балалармен жеке кездеседі. Жақын арада 20 баламен кездесу ұйымдастырдық, оның 16-сы өз қателігін мойындады. Беті бері қарап келеді. Енді олармен ұзақ жұмыс жасау керек», - дейді ол.
Облыс әкімі жүйелі жұмыстың жоқтығынан адасып жүргендердің көбейіп бара жатқанн айтты.
«Кейінгі кезде көбейіп бара жатқаны да сол. Олар азайса, мәселе басқа болар еді. Басқа дін ұстанушылар көбейіп жатыр. Үгіт-насихат топтары нашар жұмыс жасайды. Оларға барғанымен нәтижесі жоқ. Жұмыс тұрақты түрде болу керек. Олардың көзқарасы мен дінге деген ұғымы өзгермейінше кетпеуіміз керек. Бізде жүйелі түрде жұмыс жоқ. Әкімшілік өз алдына жұмыс жасайды, мешіт өз алдына жұмыс жасайды, медресе өз алдына жұмыс жасайды», - деді облыс әкімі.