77 жасында диплом алған шымкенттік кейуана жұртты таңырқатты
2016 ж. 06 қыркүйек
2714
0
Шымкент қаласының тұрғыны Ботагөз Есжанова 77 жасында жоғары оқу орнының дипломын алған. Жоғарғы оқу орнын тәмамдап шыққан апа жайлы Замана басылымы жазды.
Ал оқуға түсуіне атылмыш оқу орнының ректоры Амангелді Еренғайып мырзаның өзі себепкер болған екен.
"Алдында Иерусалимге аттанғанда Амангелді ініммен бірге сапар шеккен едік. Сол кісі маған өзі жетекшілік ететін оқу орнына түсуге ұсыныс жасағанда бас тарта алмадым. Өйткені менде қайтсем де діни сауаттылығымды арттырсам екен деген ой жатсам-тұрсам есімнен шыққан емес. Сондықтан төлемақының сол кездегі құны 70 мың теңге екеніне де қараған жоқпын, төрт жыл бойы Алматыда тұратын Венера деген қызымның үйінде жүріп оқыдым», – дейді Ботагөз апа.
Ботагөз апаның айтуынша, ол кісілер алғашқыда 25 студент бір топта оқыпты. Студенттердің алды 60 жаста, ең жасы 23-те екен. Оқудың алғашқы жылы тек қана араб әріптерін оқып үйренумен кетіпті. Біірінші курсты 17-ақ адам бітіріпті. Осы 17 студенттің үшеуі екінші курста Құран ережелерін жаттағанда үлгерімі төмендігіне байланысты оқудан шығып қалыпты. Сонымен үшінші курста қалған бар-жоғы 13 адам келесі жылы оқуды ойдағыдай бітірген.
Ботагөз Есжанова 13 құрсақ көтерген батыр ана. Қазір оның жетеуі аман-есен, түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Бүгінде апаның 30-дан астам немере-шөберелері бар.
Сонымен қатар ол кісі жұрт жиналған жерде имандылық жөнінде көптеген ғибратты әңгімелер айтудан жалықпайды екен.
«Оқығысы келген адамға оқу ешқашан кештік етпейді. Мұндайда адамға ең бірінші керегі – ықылас пен ниет қана. Білім алу адамның ең алдымен өзіне жақсы», – дейді ол кісі.