Жұма сайын мешітке барып, дұға тілеген орыс әйелдің ұлы ауыр сырқаттан жазылып кетті
2016 ж. 27 тамыз
3093
1
Әр жұмада мешітке барып дұға тілеген орыс әйелдің ұлы ауыр сырқаттан жазылып кетті. Бұл туралы qamshy.kz хабарлайды.
"Мына отырған ұлым алты жасқа толғанда қатты ауырып ауруханаға түсті. Баламды зертханалық сараптамадан өткізген дәрігерлер оның диагозын "обыр (рак)" деп айтқанда маған аспан айналып жерге түскендей болды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалдым. Баламның қиналғанын көргенде оған көрсетпей жылап - сықтап аламын", - деп әңгімеледі әйел жүргізушіге.
Аспанға әуелете шыққан "Аллаһу Акбар" деген әуезді үн тұла бойымды шымырлатты
Келіншек алғаш рет азанды естіп, үміті оянғанын жасырмады.
"Ондай жаман ауруды адам баласына бермесін. Әйтеуір демидрол, морфин беріп, баламның ауруын басқан боламын. Қалқиып қалған баламды өлімге қалай қияйын, емдетем деп талай тәуіптерге көрсетіп "бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ", шіркеудің де табалдырығын тоздырған шығармын, бірақ бәрінен де қайыр болмады. Осындай ауыр қайғымен баламды арқалап көше бойлап келе жатсам, аспанға әуелете шыққан "Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар" деген әуезді үн тұла бойды шымырлата өзіне тартып бара жатты. Бұл құдіретті үн Науан хазіреті мешітінің мұнарасынан айтылып жатқан азан екен", - деп есіне алды әйел.
Әйел баласын ертіп, кеш қарайғанға дейін мешітте болған.
"Азанның әуезді үні көңілге үміт ұялатып, мешітке кірсем, мүминдер жұма намазын оқуға сапта тұр екен. Балам екеуміз намазға тұрған адамдардың соңғы жағына отыра қалып, имамның күмбірлеген әуезді даусына ұйып, құдіретті Алладан баламның ауруына шипа тілеп, құлшылық етумен болдым. Содан кешке дейін Алланың үйінде баламның деніне саулық тілеп, мешіттен қас қарая үйге қайттым. Үйге келе баламды төсекке жатқызып, жанына қисая кетіп едім, көзім ілініп кетіпті. Бір кезде күбірлеген дауыстан оянсам, балам "Мама су берші" деп жатыр екен, содан аузына су тамыздым", - дейді ол.
Бұл жайттан кейін келіншектің ұлының беті бері қараған.
Ұйқысынан оянған балам, тағы тамақ сұрағанда қуанғаннан жылап жіберіппін
"Таңертең тұрып баламның көзіне көзім түсіп еді, жанарынан жарқ еткен үміт сәулесін көріп шайлығып қалған жүрегімде сенім пайда болды. Балам "тамақ ішкім келеді" деген соң құстың етінен дайындаған сорпаны аздап беріп едім рахаттана ішті. "Сыртқа шығармай бойына сіңімді болса екен" деп бауыр етім езіле тілеумен болдым. Тамақтан соң баламның бойы жіпсіп ұйықтап кетті. Жанында отырып құбылаға бетімді қаратып, Алладан баламның амандығын тілеумен болдым. Біраздан соң, ұйқысынан оянған балам, тағы тамақ сұрағанда қуанғаннан жылап жіберіппін...", - дейді келіншек.
Балақай содан кейін күнделікті тамағын жеп анасымен қуантумен болған.
"Сол күннен бастап балама аз-аздап қазақтың қымыз, айран, ірімшік, қазы, қарта басқа да тағамдарын ұсынғанда, оны рахаттанып жегенін көргенде менің де жаным жадырап көңілім жай тапты. Ең негізгісі баламның демидрол, морфинге деген тәуелділігі жойыла бастады. Содан баламның беті қарай бастады, жұма сайын мешітке барып, тілек тілеп, балама Алладан саулық тілеумен жүрдім. Бірде дәрігерге апарып баламды тексертіп едім, оның бойынан "обыр" белгісі табылмай "балаңды қалай емдедің" деп таңғала сұрағандарына "Алланың шарапатының арқасында жазылды" деп бар болған жағдайды айтып едім, ол маған сенді ме, сенбеді ме білмеймін, ал мен бұл шипаны құдіретті Алланың мейірі деп білдім", - дейд ол.
Алла тағаланың шарапаты арқасында балам ауруынан айығып, екінші рет дүниеге келгендей болды
"Алла тағаланың шарапаты арқасында балам ауруынан айығып, екінші рет дүниеге келгендей болды. Қазір балам 12 жасқа келді. Содан бері үзбей жұма намазына қатысып, Аллаға құлшылық етіп жүрмін. Жұма намазына қатыспасам, балам қайтадан ауырып қалатындай қорқамын. Бүгін қатарыма қызымды қосып алдым. Қазір екі ойлы болып жүрмін, ислам дініне кірсем бе деймін. Имаммен сөйлесіп едім, оның айтуынша пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың жер бетіне жіберілген соңғы елшісі және ислам діні бір ғана ұлтқа емес бүкіл адамзатқа түсірілген дін екенін білдім. Өзімнің туған-туысқандарыма Алланың хақ екенін, оның құдіретінің және мейрімінің шексіз екенін айтып отырамын", - деп әңгімесін аяқтады христиан дінінің өкілі.
Орыс келіншекті тағы да мешітте жолықтырған жүргізуші олардың жағдайын сұрағанда, әйел ұлының ислам дінін қабылдағанын айтып, сүйінші сұраған.