Шымкентте қыздардың ұятсыздығын тыюды көздейтін тұңғыш медресе ашылды (ФОТО)
2016 ж. 22 тамыз
6411
3
21 тамыз күні Шымкентте қыз балаларды адамгершілікке тәрбиелеп, Құранды үйрететін тұңғыш медресе ашылды. Бұл туралы ratel.kz сайтына сілтеме жасапNUR.KZ порталы хабарлайды.
"Бүгінде қоғамдағы қыздардың 90 пайызы кіндігін, денесін жарқыратып жүреді. Біздің қазақ мұсылмандары ашық-шашық жүргенін қайдан көрдіңіз? Қаншама қыз жезөкшелікпен айналысып, түсік тастатып жүр. Ішіп, шегіп, ажырасып жатыр. Ал бұл оқу орнында біз қыздарды адамгершілікке баулимыз. Олар - болашақ аналар. Сол себепті, тәрбиелі, сыпайы болуы тиіс", - дейді "Ықылас" қоғамдық ұйымының төрағасы Мағжан Халиулла.
Медіресенің салтанатты ашылуына Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Ибрагим Элмаз келді. Қыздар оқу кезінде мектепте тұратын болады. Мектепте жатын бөлмесі, спортзал, демалыс бөлмесі, компьютерлік сынып, жуынатын бөлме, намаз оқитын бөлме, жеке тігін шеберханасы бар.
Барлық тұрғыдан дінге баулитын мектепте, тіпті теледидардан араб арналарын көрсететін болады. Ал мектептің оқытушылары қыздарды ешкім хиджаб киюге күштемейтініне сендірді. Алайда бұл жерде кішкентай қыздардың өзі басына орамал тағып жүргенін байқауға болады.
"Қари болуды армандаймын", - дейді сегіз жасар Зейнеп Айқожа. Тағы қандай арманың бар деген сұраққа қыз бала жауап бере алмады.
Бұл мектепті ашуға көмек көрсеткен кәсіпкерлер өз есімдерін жасырын сақтауды жөн көрді. Мектепке балаларын бергісі келетіндердің қарасы көп. Бүгіннің өзінде 80 бала жиналып үлгерді.