Түлектеріміз үшін төрткүл дүниеге жол ашық
2016 ж. 13 тамыз
2008
0
Ермек Күзенбаев, «АРЕС Petrotechnic жоғары техникалық мектебінің»директоры:
Жоғары техникалық мектеп – жаңа заманға сай оқу орны. Мұнда студенттер тек қана ағылшын тілінде білім алатындықтан әлемдік деңгейдеге сапа стандартына сәйкес маман болып шығады. Әлемдік деңгейдегі алғашқы кәсіптік білім ордасы «АРЕС Petrotechnic жоғары техникалық мектебі» деген атау иеленген. Бізге жуырда осы мектептің директоры Ермек Күзенбаевқа жолығып, арнайы сұхбаттасуға мүмкіндік туған еді.
– Білуімізше, бұл оқу орны Канадамен әріптестік орнатып, тығыз қарым-қатынас жасап жатыр екен. Әріптестік шеңберінде қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Елімізде мұнай-газ саласында көптеген шетелдік, отандық компаниялар жұмыс жасайтыны белгілі. Солар бізге отандық кадрлардың талапқа сай болмайтындығы себепті мамандарды шетелдерден әкелуге мәжбүр болатындықтарын алға тартатын. Тіпті жергілікті жас мамандарды жұмысқа алғанның өзінде қайтадан оқытуларына тура келетін. Оған компанияның ақшасы жұмсалғанымен, айналып келгенде ол да еліміздің экономикасының ақшасы. Сонда біз бір адамды екі қайтара оқытып шығындаламыз. Осылардың бәрін ескере отырып Елбасымыз елімізде әлемдік стандарттарға сай техникалық және кәсіптік білім беретін мектептер ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма негізінде 2013 жылы мектебіміз өз студенттерін қабылдады. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі колледжер желісін құру туралы тапсырмасының арқасында 2013 жылы ашылған мұнай-газ саласына кәсіби маман даярлаушы «Кәсіпқор» холдингіне қарасты «APEC Petrotechnic» (АПЕК Петротехник) жоғары техникалық мектебі бүгінде халықаралық деңгейде білім беретін оқу ордасына айналып үлгерді. Оқу ордасы, жаңа өзіңіз айтып өткендей, мұнай-газ саласы мамандарын дайындау бағытындағы әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі – Канаданың Оңтүстік Альберта Технологиялар институтымен тығыз әріптестік қатынас орнатты. Өйткені 100 жылдық тарихы бар «SAIT Polytechnic»-тің түлектерінің білімі мен біліктілік деңгейі 98 пайызға бағаланады және жыл сайын институт бітіретін түлектерінің 95 пайызы бірден өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Осындай көрсеткішімен оқу бағдарламасындағы жетістіктеріне сәйкес таңдау Канаданың озық білім ордасына жасалды.
– Сонда оқу орнында негізінен канадалықтар сабақ бере ме? Өзіміздің отандық кадрларды да білім беру ісіне тартатын шығарсыздар?
– Дәл қазіргі уақытта бізде Канададан келген 21 нұсқаушы сабақ береді. Оларға жергілікті екі мұғалімнен бекітілген. – Әлемдік деңгейді басты мақсат етіп алғандықтан біздегі оқытушы құрам канадалық білікті мамандардан құралды. Шетелде арнайы біліктіліктен өткен жергілікті мұғалімдер де бар. Бірінші үш мамандық бойынша 300 оқушы қабылдадық. Оның біріншісі кен орнын пайдалану, екіншісі мұнай мен газды өндіру технологиясы және үшіншісі бақылау-өлшеу приборлары мен автоматтандыру технологиясы мамандары. Алдағы уақытта мұнайды химиялық өңдеу, бұрғылау технологиясы, бақылау-өлшеу құралдарының инжинирингі сияқты тағы үш мамандық ашылатын болады. Өзіміздің мұғалімдер әзірге тағылымдамадан өтушілер болып саналады. Олар өздерінің мамандықтары бойынша өзінің оқу жоспарын, оқу-әдістемелік құралдарын жасайды. Бұған қоса, Канадаға барып біліктілік курстарынан өтіп келді. Мұнда келгенде де біліктілік курстарынан өтіп отырады. Осылайша тағылымдамадан өту бағдарламасынан өткеннен кейін барып мұғалім мәртебесіне ие болады. Бүгінде жергілікті 8 мұғалім осы мәртебені иеленіп, өз беттерімен шетелдік инструкторларсыз сабақ беріп жатыр. Жалпы, осылайша екі-үш жыл көлемінде шетелдік мұғалімдерді толық жергілікті мамандармен алмастырамыз деген жоспарымыз бар. Шетелдік нұсқаушылар қасындағы жергілікті екі тағылымдамадан өтуші әрі кетсе үш жыл көлемінде барлық тағылымдамадан өтіп, шетелдіктердің деңгейіне көтерілуі тиіс.
– Оқыту бағдарламаларыңыздың өзгешеліктеріне тоқтала кетсеңіз...
– Бізден бітіргендерге екі диплом беріледі, бірінші «Сайт политехник» институтының халықаралық дипломы, екіншісі қазақстандық диплом болады. Түлектеріміз халықаралық дипломымен әлемнің кез келген елінде жұмыс жасай алады. Біздің оқыту бағдарламамыз жұмыс беруші компаниялар және Канададағы стратегиялық әріптесіміз «Сайт политехник» институтының мамандарымен бірлесіп әзірленген. Бізде мемлекеттік оқыту стандарты деген бар, ол бәрімізге ортақ. Ал білім беру технологиясы, әдістемесі, мазмұны біздің мектебімізде басқа. Оқу бағдарламалары модульдік негізде құрылған. Ол дегеніміз, мысалы мұнай-газ саласы компанияларында жаңа технология енгізілгенде, жалпы барлық өзгерістер мен жаңашылдықтарға сай оқыту бағдарламалары іске қосылады. Компаниялардағы өндіріс технологиялары үнемі жетілдіріліп отыратынын да айта кеткен жөн. Біз сол жетілдірулерге ілесіп отырамыз. Жұмыс беруші компаниялармен арада индустриялдық кеңесіміз бар, осы кеңеспен оқыту бағдарламасының мазмұнын үнемі келісіп, талқылаймыз. Бұл кеңес бізге өндіріске енгізілген жаңа жүйе, технологиялық өзгеріске байланысты ұсыныстарын, пікірлерін айтады. Соған сәйкес біз оқыту модулдерін жаңа өзгеріске сәйкестендіреміз.
– Жалпы әлемдік білім кеңістігі, халықаралық білім стандарттары, кәсіби бәсекелестік туралы соңғы кездері жиі айтатын болдық. Бұл өзі бос қиял ма, әлде қол жетерлік меже ме, өз пікіріңізді білсек деп едік.
– Бізде студенттер тек қана ағылшын тілінде білім алады. Өйткені, мұнай-газ саласында негізінен қолданылатын тіл – ағылшын тілі. Сенімді серіктестік пен өзара әріптестік байланыстың арқасында біздің отандық ұстаздар да халықаралық білім беру жүйесін игеру үстінде. Мысалы, 2014-2015 жылдар аралығында Қазақстандық 18 ұстаз Канадаға барып шетелдің озық білім беру әдістерін түбегейлі меңгеріп келді. Олардың барлығы қазір сабақты тек ағылшын тілінде жүргізеді. Бұл жоба кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Болашақта отандық ұстаздар қауымы шетелдік әріптестерін түпкілікті алмастырып, халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламасын өздері оқытатын болады. Ұстаз лекциясы ғана емес жоғары техникалық мектептегі теориялық білім беру жүйесі тікелей мұнай-газ кеніштеріндегі іс-тәжірибемен ұштастырылады. Бұл мақсатта жергілікті және шетелдік біріккен мұнай-газ компаниялары арасында келісімшарт жасалған. Студенттер теориялық білімнен бөлек, кен алаңындағы өндіріс басында вахталық әдіспен жұмыс істеп өз мамандығының қыр-сырын меңгеруге толық мүмкіндік алған. Мысалы, еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі 5,5 мың жұмысшысы бар «Ембімұнайгаз» АҚ болашақ мұнай-газ саласының мамандарына инвестиция салуда. Яғни үздік студенттерге арнайы грант бөліп оқу ақысын төлеп, аз қамтылған отбасылардан шыққан, сабақты тек 5-ке оқитын студенттерге шәкіртақы төлеу және өндірістік тәжірибеден өткізу бағдарламаларын жүзеге асырып отыр.
– Кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау ісіне белсене қатысып, мемлекетті қажетті маманмен қамтамасыз етуге үлес қоса бастаған колледждің ашылғанынан үш жыл болады, биылғы жылы колледждеріңізде қандай жаңалықтар бар?
– Ел өркендеуіне үлес қосу – әрбір азаматтың борышы десек, ерінбей еңбек ету де әрқайсымыз үшін маңызды. Бүгінгі жаһандану дәуірінде көрші елдер күн санап өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп жатқанда, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстан үшін жан-жағына жалтақтауға да уақыт жоқ. Жаңа техниканың тілін меңгеруге міндеттіміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 30 қарашасында жариялаған Жолдауында 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының қолға алынатындығын айтты. Яғни, мемлекет әрбір қазақстандық азаматтың алғашқы техникалық білімді тегін алуын қамтамасыз етеді. «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз» деп мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей, осы бағытта еңбек етіп келеміз. Ал, жаңалыққа келсек, қазір жоғары техникалық мектепте екі дипломды оқыту жүйесі негізінде білім берілуде. Оқу орнында «Бұрғылау технологиясы», «Мұнай жән газ кен орындарын пайдалану» және «Электрмен қамтамасыз ету» мамандары дайындалып жатыр.
– Яғни, сіздің түлектер жерде қалып жатқан жоқ деңіз. Дегенмен, экономикалық дағдарыс кезеңін жоққа шығара алмаймыз, мысалы, осы жылғы түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші қандай болмақ?
–Жалпы биылғы түлектердің 80 пайызы бірден жұмысқа орналасады. Ал қалған 15-20 пайызы білімдерін ары қарай жалғастырмақ. Жоғары техникалық мектебінің білім беру бағдарламасы жыл сайын жетілдіріліп, мамандық беру аясы да жоспарлы түрде кеңейтіліп отырады. Қазір 800-ден астам студент білім алып жатқан Жоғары техникалық мектеп өз тарихында тұңғыш рет 270 түлегін қанаттандырып, биылғы оқу жылында толыққанды 6 мамандық бойынша бірінші курсқа 300 студент қабылдайтын болады. Сонымен қатар,оқу бағдарламасының аясы кеңейтіліп геология негіздері, барлау-өндіру, мұнай химиясы, мұнай мен газды тереңдете өңдеу салалары толық қамтылады деген жоспар бар. Өйткені, бұған жоғары техникалық мектептің педагогикалық әлеуеті де, материалдық-техникалық базасы да толығымен жетеді. Сонымен бірге, әлемдік деңгейде және халықаралық талаптарға сай маман даярлайтын оқу орталығының озық тәжірибесін өзге де отандық кәсіби-техникалық білім беру ордаларына енгізу ісі бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
– Бүгінгі берілетін білім бәсекелестікке қабілетті болса, ғылым мен тәжірибе өзара ұштаса алса, дәл бүгінгі таңдағы ең озық инновациялық технологияларды енгізе алса, оқу үрдісін жетілдіру мақсатында студенттердің білімін тәжірибеде нақты қолдануына мүмкіндік жасалса ғана – ол білім беруді нәтижелі деп айта аламыз. Бұл тұрғыда не дейсіз?
– Әрине, сұрағыңыз өте орынды. Шынында да оқуды үздік бітіріп халықаралық үлгідегі диплом және сертификат алған жастардың Ұлыбритания мен АҚШ секілді дамыған елдердегіоқу ордаларында да білімін жалғастыруына мүмкіндігі жеткілікті. Ең бастысы болашақта дәл осындай білімі мен біліктілігі жоғары, әмбебап мамандар Қазақ елінде жұмыс істеп жатқан шетелдіктерді ығыстырып отандық үлесті арттыратын болады. Сонымен жоғары техникалық мектептің түлектері әлемнің кез-келген түкпіріндегі мұнай-газ кенішінде жұмыс істеуге де қарым-қабілеті толық жетеді. Бұл орайда айта кетелік, Мұнай-газ өндіруші компаниялар да жоғары техникалық мектептің озық білім беру тәжірибесі мен студенттердің қабілеттілігіне ден қоя бастаған. Жұмыс берушілер қазірдің өзінде болашақ жас мамандарға таңдау жасай бастады. Өйткені жоғары техникалық мектеп отандық және шетелдік ірі компаниялармен бірлескен әріптестік жобаларды жүзеге асырады. Сонымен бірге оқу ордасы жанынан құрылған тұрақты индустриалдық кеңес мүшелері заманауи білім беру бағдарламасы мен нарық сұранысына сай маман даярлауда үлкен септігін тигізіп отыр. Жоғары техникалық мектепте 10 айлық оқу бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, былтырдың өзінде 150 кәсіби маман тегін оқу курстарын аяқтап, мұнай-газ кәсіпорындарына жұмысқа жолдама алып кетті. Оған қоса өңірдегі кәсіпорындардың мыңға жуық жұмысшысы теориялық білімдерін жетілдіру, қайта даярлау және еңбек қауіпсіздігі техникалары бойынша біліктіліктерін шыңдады. Атап айту қажет, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында Африка құрлығының 20 мемлекетінен келген жас мамандар да Атыраудағы жоғары техникалық мектепте кәсіби білімдерін жетілдірді.
– Әлеуметтік серіктестіктерді нығайту мақсатында қандай базалық мекемелермен тығыз байланыстасыздар?
– Қазіргі уақытта 18 компаниямен келісімшарт жасалған. Атап айтсақ, «Қазмұнайгаз», «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау мұнай өндеу зауыты», «Теңізшевройл», «НСиОСи», «Шлюмбер» сияқты ірі компаниялар. Олармен жасалған келісімшарт бойынша студенттеріміз оқу барысында тікелей өндірісте арнайы тәжірибеден өтеді. Сондықтан оларды компанияға жұмысқа алғанда қайыра оқытудың қажеті жоқ. Тіпті, сол компаниялардағы еңбек қауіпсіздігі шарттары да арнайы оқытылатындықтан жұмыс беруші мұндай қысқа мерзімдік оқытуларға да уақытын жоғалтпайды. Бір сөзбен айтқанда, бізден шыққан мамандар өндіріске жүз пайыз дайын күйінде барады. Біздің оқу орнының негізі мақсаты да сол. Ал компаниялар, әлбетте, осындай дайын мамандар болғандықтан ең бірінші кезекте қажетті кадрларды бізден алуға тырысады. Қазіргі уақытта бірқатар компаниялар ақылы өндірістік тәжірибеден өтуге бірнеше студенттерімізді шақырып отыр. Олармен арнайы әңгімелесулер жүргізген болатын. Ақылы деп отырғаным, студенттер өндірісті тәжірибедегі жұмыс күндеріне сай еңбекақы алады. Бірқатарын болашақта жұмысқа тарту жөнінде де келісім жасасу үстінде.
– Сол бірлесіп жұмыс жасап жатқан компаниялар тарапынан демеушіліктер де жасала ма? Болашақта жұмыс табуға септігін тигізе ме?
– Жалпы, біздің оқу орнын бітіргендердің жұмысқа тұру мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Енді демеушілік мәселесіне келетін болсақ, «Қазмұнайгаз» және тағы басқа компаниялардың демеушілігімен бізде 10 айлық қысқа оқу курстарын да оқыту жолға қойылған. Мұнда негізінен тұрмысы төмен отбасынан шыққан, көп балалы отбасы, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын династия отбасылардың балалары оқиды. Бүгінде 160 бала қысқа курста мұнай-газ саласына қажетті мамандықтарды меңгеруде. Оны бітіргендерге де түрлі халықаралық стандарттарға сай және мемлекеттік үлгідегі сертификаттар беріледі.
– Ал сіздерге оқуға түсудің тәртібі қандай?
– Жаңа айтып өткенімдей бізде тек қана ағылшын тілінде оқытылатындықтан үміткерлер арнайы емтихан, тест тапсырады. Жалпы ҰБТ-ның нәтижесі бойынша қабылдай алмаймыз. Біздің өзіміздің бағалау жүйеміз бар. Үміткерлер екі кезеңнен тұратын сынақтан өтеді. Бірінші кезеңде интернет арқылы онлайн емтихан тапсырады немесе кәсіптік бағдар беру жобасы бойынша біз әр облыс, аудандарға шығып мектеп бітірушілермен, мұғалімдермен кәсіптік техникалық мамандықтардың маңызын түсіндіру бағытында кездесу өткіземіз ғой, сондай кезде бізге сол жерден емтихан тапсыруға болады. Ал екінші кезеңде алғашқы сынақтан өткендер біздің жоғарғы техникалық мектеп базасында емтихан тапсырады. Оқу мерзімі екі жыл, он ай. Елбасы айтқандай, мемлекет әрбір адамға жеке мамандық беруді қолға алатын болады. «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
– Студенттерге көрсетілетін әлеуметтік және басқа да жеңілдіктер бар ма? Сіздердің оқытумен бірге тәрбие әдістемелеріңіз де біздегі басқа техникалық колледждермен салыстырғанда бөлек шығар?
– Біздің мектеп арнайы жобада салынғандықтан материалдық-техникалық базамыз да талапқа сай. Арнайы салынған төрт жатақханамыз бар. Студенттер тегін оқытылады. Шетелден, еліміздің басқа өңірлерінен келетін мұғалімдерге де бөлек орын жай қарастырылған. Бізде студенттер мемлекеттік тапсырыс негізінде оқытылып жатқандықтан оқуға түскен әрбір адамның қырларын ашуға, оқуға деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыруға баса көңіл бөлінеді. Өйткені, ешкімді мәжбүрлеп оқыта алмайсың. Сондықтан адамды ынталандыру керек. Оның өзі жаңа әдістемені қажет етеді. Мысалы бір күні топты бірге оқытса, келесі күні командаларға бөліп оқыту, одан соң топтың өзін үшке бөліп оқыту әдістемелерін қолдану тиімділігін байқатты. Адам жекелей оқығанда кейде жауапкершілікті төмендетіп, өзіне өзі жеңілдіктер жасауы әбден мүмкін. Ал командаларға бөлінгенде команданың намысын жер қылмау үшін өзіне қосымша жауапкершілік жүктеп оқиды. Команданы артқа тартудың өзі әр адамға ауыр тиетін жағдай. Сондықтан әр команда мүшесі, келесісінен төмендеп қалмау үшін білім ағанда өзінің бар мүмкіндігін тежемей жұмсайды. Біздегі командалардың білімін бағалау жүйесі де солай құрылған, егер бір мүшесінің көрсеткіші төмен болса, ол барлық команданың жетістігіне үлкен нұқсан келтіреді. Сондықтан оқу үлгерімі нашар студентке мұнда орын жоқ. Қазақта «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген сөз бар емес пе, сен үшін бүкіл команда төмендеп қалмасын десең, намысыңды жаны. Сондай-ақ бізде студенттердің қоғамдық белсенділігі де жоғары. Студенттік үкімет, парламент, білім министрлігі сияқты лауазымдар бойынша студенттер өз ішінде кәдімгідей қызмет атқарады. Түрлі мәселелерді шешіп отырады, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Студенттердің өздері арнайы құрған клубы бар. Осы клубқа өндірісте ұзақ жыл жұмыс жасап жатқан мамандарды шақырып кездесулер өткізеді, тәжірибелерін үйреніп, әңгімелерін тыңдайды. Мұның бәрі олардың болашақ мықты маман ретінде қалыптасуына айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ