Имам: Алматыда ұсталған азаматтың қалтасынан табылған жазба салафилерге тиесілі
2016 ж. 19 шілде
2571
3
Алматыда ұсталған азаматтың қалтасынан табылған жазба салафилерге тиесілі екенін маңғыстаулық имам айтып отыр деп хабарлайды Skifnews.kz порталы.
АЛМАТЫДА ҰСТАЛҒАН АЗАМАТТЫҢ ҚАЛТАСЫНАН ТАБЫЛҒАН ЖАЗБА. ФОТО ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН АЛЫНДЫ
18 шілдеде Алматыда орын алған лаңкестік оқиғадан ел әлі есін жиып болған жоқ. Полицейлер күдікті ретінде екі адамды ұстағанымен, қылмысты олардың тек біреуі ғана жасағанын сеніммен айтып отыр. Ал, екіншісі күдіктіден жәбірленушіге айналуы мүмкін. Кеше әлеуметтік желілер арқылы сол күдіктілерді ұстау операциясының суреттері "қолдан қолға" тез тарады. Онда ұсталған азаматтың қалтасынан шықты делінген бір жапырақ қағаз жұрт тарапынан кең талқыланып, күдіктінің діни ағымдардың біріне қатысы бар болуы мүмкін екені де айтылған еді.
Ал, маңғыстаулық имам Исмайыл Сейітбеков болса қағазға жазылған жазба сәләфи ағымының ақидасы бойынша кәлиманың 7 шарты екенін айтып отыр. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасына жазды.
«Алматыдағы террорлық әрекетті жасағандар сәләфиттер екені тағы дәлелденді. Сәләфиттер өздерін судан таза, сүттен ақпыз, террорлық әрекетті жасайтындар тәкфирлер деп, тәкфирлерді жамандауға кіріседі. Ал, ұсталған жігіттің қалтасынан шыққан қағазда Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб негізін қалаған уаһһаби, сәләфи ағымының ақидасы бойынша кәлиманың 7 шарты жазылған. Сәләфилер сол шарттарға сәйкеспеген адамды мұсылман санамай кәпірге, адасқанға шығарады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде мұндай 7 шарт жоқ және ешбір жанға исламды қабылдар кезінде мұндай талап қоймағанын білеміз. Әһлу сүннет сенімі бойынша Лә иләһә иллалаһ Мухаммадур расулуллаһ деген адам мұсылман саналады. Сол қағаз лаңкес жігіттің сәләфи екеніне нақты дәлел деп санаймын. Бұған сәләфилер не уәж айтар екен?», - дейді имам өз сөзінде.
Айта кетсек, мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов Алматыдағы лаңкестікті жасаған Қызылорда облысының тумасы Куликбаев Руслан Алпысұлы екенін айтты. Күдікті бұған дейін екі рет сотталған және түрмеде салафизм ұстанушыларымен тығыз байланыста болған дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы.
Ал, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек болса аталған терактінің артында салафилер тұр деп айту әлі ертерек деген болатын.