БІР КАДРЫ – БІР КІТАП, БІР КІТАБЫ – БІР ҒАСЫР
2016 ж. 05 шілде
4019
1
Фотожурналист Шүкір ШАХАЙ туралы сыр
Шығармашылық адамына, жалпы өнер адамына тән негізгі қасиет жан тазалығы деп білемін. Жаны таза адам айналасынан сұлулық, әдемілік, тазалық іздейді, әділетсіздік пен жалғандыққа төзуге тура келген күннің өзінде, іштегі күйзелістен өз жанын өзі жегендей күйде болады. Бір қызығы, осы нәрселердің бәрі адамның бет-жүзінен аңғарылып тұрады. Оны байқау үшін, әрине, үшінші көз керек. Көңіл көзі! Қазақтың «Көңіл көрмесе, көз көрмейді» деп тұспалдауында талай сыр жатыр. Қазақ фотоөнерінің көрнекті қайраткері, бүгінгі таңдағы танымал фотошежіреші, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке фотографы Шүкір ШАХАЙ туралы сөзді жан тазалығынан бастауымыздың да өзіндік себептері бар. Оны фотоөнерде заңғар биіктерге көтерген де осы жанының тазалығы деп білемін. Ең бастысы, ол бүгінде Тәуелсіздік «томдарын» дүниеге әкелуде. Бұрындары ел билігінің басы-қасында фотоаппарат арқалап тек өзге ұлт өкілдері ғана жүретін. Қазақ жастарының оған аяқ басуы мүмкін емес еді. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ бұл үрдістің сеңі бұзыла бастады. Шүкір Шахай сол уақыттардан бастап Үкімет басшыларының әрбір іс-шарасын қалт жібермей, Тәуелсіздік фототарихының негізін жасауға кірісті. Темірдің тілін табуға да талант керек Адам адам болып өмір сүру үшін де белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Бұл өзі жалпыға ортақ нәрсе болған соң, олардың түр-түсін түстеп, тәптіштеп айтып жатпай-ақ біле береміз. Мұндай дүниелер көбіне адамға ананың сүті, атаның күшімен қан арқылы беріледі. Сана арқылы келетін тәлім-тәрбие осыларды одан ары қарай жалғай түседі. Ал, адамның бойына құпия түрде келіп қонып, жанына қанат бітіретін, сөйтіп, елден ерек қасиет беретін беймәлім бір ғажайып бар. Осы беймәлім ғажайып салып кеткен ұрықты күтіп-баптап ұстай алған адам ғана биіктен көріне алады. Біз қасиет деп кие тұтатын, талант деп тамсанатын бұл табиғи жаратылыс өнердің де барлық түріне тікелей қатысты нәрсе. «Заманына қарай – амалы» дегендей, адамзат санасы өркениетке қарай қол созған тұстардан бастап өмірімізге фотоөнер саласы да ажырамастай болып еркін енді. Бірақ, компьютерлік технология қанша жерден дамып жетілгенмен, адамға берілетін жеке қасиеттің орны бәрібір менмұндалап көрініп тұрады. Темірдің тілін табуға да талант керек, әйтпесе ол да сөйлемейді. Десек те, сөйлетудің де сөйлетуі бар... Бәріміз білетін «сегіз ұлдан» Ертөстікті неге ерекшелеп отырмыз? Шүкірдің қандай ерекшеліктері бар? Бұл сауалға Шүкір Шахайдың өзі жауап береді, оның фототуындылары айтады. Фотоөнерде өзгерек көз керек Фотоаппарат «сырт» еткенмен, мәселе шешілмейді. Мәселе фотоаппарат «сырт» етпей тұрып шешіліп қоюы тиіс. Ол үшін ой керек, алғырлық қажет, сергектік пен әдіскерлік керек. Атқан оқты түсіріп үлгеретін жылдамдық қажет. Әрі асқан сабырлылық, әрі ұшқырлық керек. Осылардың бәрі бір адамның бойынан табылса, құдайдың бергені. Шүкір деп аты айтып тұрғандай, осындай қасиеттер Шахайдың бойында бар деп білемін. Әйтпесе, бүгінгідей жетістіктерге жетудің өзі неғайбыл болар еді. Екінің бірінде – фотоаппарат, елдің бәрінде – фотокамера, аспан мен жердің арасын тұтас бәсекелестік жайлаған. Құйрық үзіп, оза шабудың өзі қиын. Шүкір інімнің бойына біткен елгезектік оны табысқа жеткізді. Осы елгезектігінен ол көп нәрсе тапты. Оның ең бастысы – өзіндік сара жолын тапқаны еді. Бізде әлі фотоөнер жанрларының әрбіріне сипаттама беріліп, жеке анықтамалары жасалып, ғылыми-теориялық жағынан бір жүйеге түсе қойған жоқ-ау деймін. Десек те, жалпылама түрде журналистикамен, бейнелеу өнерімен ұштастыра отырып, олардың түр-түсін саралауымызға негіз бар. Фотопортрет жанрынан бастап, фотосуреттеме, фотоайғақ, фотодерек, фотомұң, фотопейзаж, фотолирика, фотоностальгия, фотошежіре, фотоочерк, фотоэтюд, фотоновелла, фотоәзiл, т.б. белгілі жанрларды тізбектеп кете беруімізге болады. Шүкір Шахай осы баспалдақтардың бәрінде қайталанбас өз ізін қалдырды. Поэзияны түсіндіретін адам не ақымақ болуы керек, не елден асқан ақылды болуы керек. Фотоөнер де солай. Бәрін өзі айтып тұрған нәрсе жайында сөз қозғау оңай емес. Біз шатып-бұтып әрдеңе айтып жатсақ, ел оған ойлы көзбен қарасын, тереңіне мән берсін деген ниет. Бармаған жері, баспаған тауы, алмаған шыңы қалмаған фотосуретші үшін бар керегі де осы. Шүкір де ойлы көзге, қоңыраулы кеудеге арнаған туындыларын өз алдына бір төбе санайды. Осы төбенің күннен күнге биіктеп бара жатқаны, әрине, бәрімізді қуантады. Бір ғана кадр арқылы адамға ой салып, көңілге түйер көрініс жасау үшін фотосуретшіге де өзгерек көз керек деп білемін. Тәуелсіздік тарихының томдары Шүкір Шахайдың еңбегі жұртшылық тарапынан да, әріптестері тұрғысынан да жақсы бағаланып келеді. Өйткені, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, республикамызға есімдері белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің портреттері фотожурналист шығармасының алтын арқауын құрайды. Тұлғалар бейнелерінің қай-қайсысы да альбомдық, открыткалық жиынтықтардан, безендіру нышандары ретінде түсірілген қосымша иллюстрациядан гөрі, өз алдына жеке-жеке көркем де кесек портреттер галереясын түзетін еңбектер санатына жататыны рас. Әйгiлi академиктер — Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Халық қаһармандары — Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, тұңғыш қазақ ұшқыш-ғарышкерi — Тоқтар Әубәкiров, даңқты көк сұңқарлары әрi аттастар — Талғат Бигелдинов пен Талғат Мұсабаевтардың әр жылдары түсiрiлген суреттерi ұлы тұлғалардың өнегелi өмiр жолдарынан сыр өрбiтіп тұрады. Сондай-ақ, Шүкiр Шахай өнернамасынан атақты ақын-жазушылардың, киелi қазақ сахнасы корифейлерiнiң портреттерiн де молынан кездестiресiң. Мысалы, көрнекті қаламгерлер — Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Әбiш Кекiлбаев, Тұманбай Молдағалиевтiң, сахна саңлақтары — Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибiгүл Төлегеновалардың тосыннан түсiрiлген суреттерi көрген кісіні ерекше күйге бөлейді. Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев атақты «Түркістан альбомы» атты кітапқа жазған алғысөзінде: «Америкалық философ Дж.Сантаяна айтқандай: «Өткенiн ұмытқан халық соның бәрiн қайтадан басынан кешуге мәжбүр болады». Сондықтан да, бiз өзiмiздiң өткенiмiздi бiлiп қана қоймай, оны қастерлеп, келер ұрпаққа аманат етуiмiз қажет. «Түркiстан альбомы» атты басылым туған жерiнiң тарихы мен мәдениетiн қадiрлей бiлетiн баршаға ұмытылмас бағалы сыйлық болады деп бiлемiн», – деп жазғанын білеміз. Дәл осы қырынан келгенде, Шүкір Шахай еңбектерін де баға жетпес қазына деуге болады. Ол түсірген фотосуреттер жинақтала келе, Тәуелсіздік тарихының том-том кітаптарын көзіңізге елестеді. Олардың бірсыпырасын ғана атап айта кетсек, Елбасының ант беру сәті, Парламент тынысы, депутаттар додасы, Қазақстанның рәміздерін қабылдау кезі, төл валютамыз – теңгенің дүниеге келуі тәрізді ғажайып толғаныстар мен көңіл-күй сезімдерін тасқындатқан оқиғаларды бейнелеген фотосуреттері еліміз шежіресіне қосылған өлмес туындылар болып табылады. Бұл – Шүкір Шахай еңбектерінің бір ғана қыры. Қалт жібермейтін қырағылық Отыздардың айналасындағы жастау кезім еді, «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні аяқ-астынан әкелік мейірімім оянып кетіп, жұмысқа бес жасар балам – Әділетті ала бардым. Шаһарымыздан шалғай жерде енді бой көтере бастаған «Шаңырақ» елді мекенінде жүріп, қалаға шыға бермейтін болған соң, орталықты көріп қайтсын деген ой жеңген болуы керек. Жуас, тәртіпті баланың жұмысқа еш кедергісі болған жоқ, өзімен-өзі кіріп-шығып, кешке дейін әдемі-ақ жүрді. Үйге қайтарда, әдеттегідей, аэровокзалға келіп, №77 бағытпен жүретін автобусқа отырдық. Күн ыстық, шыжып тұр. Мен күндегі әдетіммен бос орындыққа кіре сала ұйқыға бастым. Әділет терезе жақ бетінде, қасымда отырған. Бір кезде шартты рефлекс болу керек, оянып кетсем, «Массагетке», түсетін аялдамама келіп тұр екенбіз. Атып тұрдым да, жүгіре басып, түсіп қалдым. Жұмыс өз алдына, үй салып шаршаңқырап жүрген уақыт қой, келе сала, кішкене демалуды ойлап жатып қалдым. Сөйтсем... Әділет балам автобуста ұйықтаған күйі «Таугүлге» бір-ақ барыпты. Сол жақта адасып кеткенін түсінген кішкентай баланы көрген бір түрік әйел үйге дейін әкеліп тастағаны бар. Ертеңіне біздің жұмыс жақта жүрген Шүкірді көріп қалдым. Амандық-саулықтан соң, «Кеше «Таугүлде» тұрған балаңды көрдім, сені сұрасам, ештеңе демеді. Ары-бері қарасам, көрінбедің, автобусқа асығып мініп кеттім», – дейді. «Ойбай-ау, балам адасып кетіп жүр еді ғой, неге жөн-жосығын дұрыстап сұрамадың?» деп жатырмын. Бірақ, Шүкір болған жағдайды қайдан білсін... Кейінірек «Шүкір баламды қалай таныды?» деген ой келгенде, «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызмет етіп жүрген кезде әріптес ағамыз – Ақпанбет Әліш екеуінің үйде болғандары есіме түсті. Басымды шайқадым. Неге дейсіз ғой? Түнделетіп келіп, дастарқанымнан дәм татып кеткен азғантай ғана сәттің өзінде өмірінде бірінші рет көріп тұрған баланың түр-түсін есінде сақтап қалғанына. Не деген қырағылық десеңізші! Баланың түрін есте сақтамақ түгілі, біздер бір рет дәмдес болып, әңгіме-дүкен құрған үлкен кісілердің өзінің бет-жүзін есте сақтап қала алмай жатамыз ғой. Бұл Шүкірдің өз кәсібіндегі әдет-дағдысы деп білемін. Фототілші болып жүріп қырағы болмауға, қағылез болмауға, сергек болмауға болмайды. Бұл – кәсіби талап, бұлар Шүкірде бар. Шүкірдің жары мен жанры «1991 жылғы маусымның 4-і күнгі Ту мен Елтаңба қабылданған тарихи сәттегі мемлекеттік шараны суретке түсіріп, елдің тарихына таңбалап қалдыра алдым. Сол кезде күні бойы «Үкімет үйінен» кетпей, «Әй, осы бүгін қабылданып қалар. Кетіп қалсам, соны түсіре алмай қалармын» деген оймен тұсаулы аттай, шиырлап жүріп алдым. Елбасыдан бастап елдің бәрі қауырт шаруа үстінде. Мына суретте Қазақ КСР-інің Гербі ілулі тұр. Егемен Қазақстанның Елтаңбасы төменнен жоғарылайын деп, төрге ілінер күнді күтіп, етекте сүйеулі тұр. Мен түсірген суреттер соны айғақтайды. Мемлекет басшысы сол күні Туда бейнеленген Күн мен қыранды ортаға таман ысырып, Тудың шетіндегі оюды қошқар мүйізге ауыстырды. Әуелде басқаша болатын. Міне, осының бәрі менің суреттерімде сақталған... Тарихи сәттерді сараптай келе, өзім түсірген фотосуреттерімді мұқият жинақтап, хаттап, шоттап қояйын деген ой келді. Осылайша Тәуелсіздіктің он бес жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік: қас-қағым сәт», 2005 жылы «Астана: қас-қағым сәт» деген кітаптарым және «1991 – 2011 жыл. Тәуелсіздік: қас-қағым сәт» атты туындыларым жарық көрді. Қай-қайсысында да тәуелсіз Қазақ елінің тарихи жылнамасы көрініс тапқан. Ел тәуелсіздігіне байланысты тұңғыш еңбегім жарық көргенде, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев баталы сөзін айтқан еді. Тәуелсіздікке қатысты түсірген фотошежіренің түйінді сөзін Әб-ағадан асыра айту қиын, сірә. «Фотография біз үшін, сөз жоқ, тас ғасырының қырғышындай тарихи куәгерімізге айналып үлгерді. Ал Шүкір Шахайдың «Тәуелсіздік: қас-қағым сәті» – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін келісті дүние. Кереқарыс кітаптағы 500 фотосурет – біздің осы күнгі жаңа тарихымыздың 500 қас-қағым сәті. Қым-қиғаш драмалық тартысы, көп-көрім жеңістері мен жеңілістері қатар жүрген біз бастан кешкен бұл тарих – Тәуелсіз Қазақстанның өлмес шежіресі». Өзінің жеке парақшасындағы жазбасында Шүкір осылай деп ой өрбітіпті. Әрбір фотосуреті жайында осындай әңгімелерді қағазға түсірер болсақ, том-том кітап болып шығар еді. Оның бір кадрының өзі бір кітаптың жүгін арқалап тұрады. Ал, бір кітабының өзі ғасырларға бергісіз Тәуелсіздік жылдарымыздың тұтас шежіресіне айналды. Шүкір туралы әріптестеріміз де талай рет жазды, оның өмірі мен фотошығармашылығынан ел-жұрт жақсы хабардар. Сондықтан, фотожурналистің шынайы өмірдегі бейнесін көрсетуді мақсат етіп, ініміздің үйіндегі Жанар келінді сөзге тартып көрдік. «Шүкір туралы айтып беруімді тұңғыш рет сіз өтініп тұрсыз. Рахмет! Неден бастарымды да білмей тұрмын» деп, аз-кем ойланып қалған ибалы келін біраз әңгіменің басын қайырды. Жанардың жанындағы жазбалар «Менің түсінігімде, фото өнердің ішіндегі ең кенже қалған, көп ескеріле бермейтін сала болғанмен, соны жан-дүниесімен түсініп, бір-екі кадрмен бүкіл мән-мағынасын жеткізу, тарихта қалдыру, күн демей, түн демей, керек уақытында керек жерде табыла білу үлкен талғамды, талантты, білімді талап ететін үлкен сала деп ойлаймын. Сондықтан, Шүкір газеттерде жүріп те, өзінің талантының, талабының арқасында үлкен биіктерді бағындырған өз ісінің хас шебері деп ойлаймын. Әрине, бұл бір күннің нәтижесі, бір күннің жемісі емес, бұл жолда ол қаншама тер төгіп еңбек етті». «Жалпы, өнер адамына жар болу өте қиын. Себебі, олар – көңіл-күйдің адамы, әдемілікті, сұлулықты, ең бастысы еркіндікті сүйетін адамдар. Оларды тұсаулап ұстап, шабытын қайтарып, бақытты болу мүмкін емес, сондықтан барынша қолдау білдіріп, жағдайын жасаған дұрыс деп ойлаймын. Сол кезде ғана олар өздерінің биік шыңына, үлкен белестеріне қол жеткізеді». «Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады ғой, Шүкір тек фотоөнерде ғана ерекшеленбейді, қолына домбыра алып, баян ұстап, гитара тартып, әдемі ән де сала алады. Әзіл әңгімелерінің өзі өз алдына бір бөлек. Осының бәрі Шүкірдің бір бойынан табылатын жақсы қасиеттері деп білемін». «Мен Атыраудың қызымын, Шүкір Оңтүстік Қазақстаннан. Екеуміз оқу іздеп келіп, Алматыда табыстық. Содан бері қазір, міне, 29 жылға аяқ басып барады. Алғашқы бас қосқан жылдары көп қиындықтар болды. Біздің жеке басымызға ғана емес, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барша халқымызға үлкен ауыртпалықтар түскені рас. Жалақы берілмейтін кездер болды, дүкендердің сөрелері босап қалған уақыттар болды. Өзіміз пәтер жалдап жүргенде, кішкене сәбиімізбен біраз қиналдық». «Отбасымыз көрген жақсылықтар да көп болды. Құдайға шүкір, қазір аяғынан тұрып кеткен бес бала тәрбиелеп отырған отбасымыз. Төрт қызымыз, бір ұлымыз бар. Ұлымыз үйленген, екі немереміз бар. Үлкен қызымыз тұрмыста, одан бір жиеніміз бар. Құдайға тәуба дейміз». «Балаларымыздың бәрі жақсы оқыды. Шүкір отбасында өте мейірімді, балаларына қамқор әке, адал жар. Балаларды ұрып тәрбиелеу немесе орынсыз ұрысу, жеку оның табиғатына жат қылық. Сондықтан, балаларымыз өте жақсы тәрбие алып өсіп жатыр деп есептейміз. Үлкен үш баламыз да мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Үлкен қызымыз Алматыдағы Қазақ-Британ университетін бітірді. Ұлымыз ҚазҰУ-дің Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған, қазір Астанадағы ЭКСПО көрмесінде мамандығы бойынша еңбек етіп жатыр. Үшінші қызымыз Еуразия университетінің журналистика факультетінің студенті, әкесінің жолын қууға бел буған. Кіші екі қызымыз әлі мектеп қабырғасында, жақсы оқып, тәлімді тәрбие алып келеді». Аман-аман, шүкір-шүкір!.. Бір күні Шүкірдің үйіне Атыраудан қайын інілері, балдыздары қонаққа келіпті. Жол ұзақ, шаршап-шалдығып жеткен бауырларына Жанар келін дастарқан жайып, мәре-сәре болып жатады. Алыстағы шешесі – Аманның (құжаттағы шын аты – Айман) хал-жайын біліп, сағыныштарын басады. Сол кезде Шүкір: «Қой, мен апама телефон соғып, балаларының аман-есен жеткенін айтып қуантайын» деп, байланысқа шыға бастайды. Ол «Амансыз ба, апа?» дегеннен-ақ, Жанар келін қасындағы бауырларына «Аман екенін біліп тұр ғой, үйде телефонды басқа кім көтеруші еді. «Апа, сәлем бердік!» деп сәлемдесе салса қайтеді екен?» деп күйіп-піседі, Аман апасына «амансыз ба» дегені ерсілеу көрінсе керек. Жанында отырған бауыры: «Жанар, сен оған ренжімей-ақ қой, қазір апам да жетістірмейді» деп басу айтыпты. Шынында да, Шүкір «амансыз ба, апа?» дегенде, аржағынан апасы «Шүкір, шүкір» депті. Содан бері «Аман-аман, шүкір-шүкір» деген сөз көпке дейін қалжыңға айналып, ауылға тарап кетеді. Жалдаған пәтері жарға жыға жаздаған Баладай аңғал, сенгіш, көңілінде титтей де кір болмайтын Шүкірдің Жанармен бас қосып, алғашқы сәбилері дүниеге келгеніне небәрі үш айдай болған кезінде пәтер ауыстыруларына тура келеді. Алматыда орталықтан ыңғайлы пәтер табыла қоймай, біраз жүріңкіреп қалса керек. Болмаған соң, «Сен ауылға бара тұр, мен пәтер тапқан соң, хабарласып шақырамын» деп, Жанарды ауылға жібереді. Содан бір күні телефон соғып Жанарды қуана шақырып алды. «Орталықтан жайлы да жақсы пәтер таптым» дегенге Жанар да мәз. Алайда, жаңа пәтерге келген келін ә дегеннен-ақ тіксініп қалады. Бөлменің бәрі лас, ыдыс-аяғы айлар бойы жуылмаған, қабырғаның бәрі айғақ-сайғақ кір, іштен күлімсі иіс шығады. Аң-таң. «Бұл үйдің иесі қандай болған сонда?» деп сұрап қояды. «Сен уайымдама, Жанар, үй иесі орта жастағы жақсы әйел» дейді Шүкір. Оған сездіре қоймағанмен, іштей біртүрлі күй кешіп, бәрін шетінен тазалауға кіріседі. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, келуі тиіс әйел көрінбейді. Әне келіп қалады, міне келіп қалады деп жүргенде, үшінші күні есік қағылды. Шүкір жұмыста. «О, үйдің қожайыны келді» деп, қуана барып есікті ашып еді, аржағынан милиция қызметкерлері көрінді. –Сіздер бұл үйді жас баламен бекер жалға алғансыздар. Бұл үйде бізде есепте тұратын наркоман әйел тұрады, қазір бізден қашып жүр. Күштеп емдеуге жатқызуымыз керек еді. Сіздердің басқа үй тауып алғандарыңыз дұрыс болады, – дейді олар. Содан кейін-ақ Жанардың берекесі кетті. Шүкір азанда жұмысқа кеткенде, баласын арбаға салып алып, бүкіл жаялықтарын бірге ала жүріп, кешке жұмыстан қайтқанша саябақта жүреді. Үйге Шүкірмен бірге кіреді. Милиция таба алмай жүрген қожайын әйел табыла қойсын ба? Көшіп кете салайын десе, Шүкірдің аңқаулығы ғой, алдын ала алты айға ақшасын төлеп тастаған, Жанар әбден беймаза күйге түседі. Бір күні кешке сап ете қалған әйел удай мас, «Мен ақшаны қайтара алмаймын, жаратып тастағанмын. Пәтерге тұратын кісі тауып алыңдар да, ақшаларыңды содан өндіріп алыңдар» дейді. Шүкірдің аңғалдығы, кімге де болса өзіндей көріп, кіршіксіз сенгіштігі осылайша бастарына таяқ болып тиеді.Өмірдерек
Шүкір ШАХАЙ – 1966 жылы 13-маусымда туған. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Киров (қазіргі Мақтаарал) аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде фототілші болып бастаған. 1990 жылы республикалық «Халық кеңесі» газетінің фототілшісі, 1990-1996 жылдары жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінде фототілші болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Жас алаш», халықаралық «Түркістан» газеттерінде жұмыс істеді. 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасының Премьер-Министр Кеңсесі Баспасөз қызметінің Бас сарапшысы. 2003 жылы ОҚО Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша, 2006 жылы Шымкент қаласындағы «Қазақ гуманитарлық Заң университетін Заңтану мамандығы бойынша бітірген. Шүкір Шахай – «Қазақстан», «Қасым Қайсенов», «Роза Рымбаева», «Түркістан», «Қазақтың киіз үйі», «Мақтаарал», «Жер жәннаты Жетісай», «Шежірелі Шардара», «Тәуелсіздік: Қас-қағым сәт», «Елбасы мәртебесі – Ел мәртебесі», «Астана: Қас-қағым сәт», «Егемендік айнасы», «Елдің Бағы», «Құдайберген Сұлтанбаев», «Тәуелсіздік», «Астана – Қазақстанның жүрегі» атты фотоалбомьдардың авторы. Астана қаласында «Тәуелсіздікке – 20 жыл», «Елбасы мәртебесі – Ел мәртебесі» атты фотокөрмелері өткен. «Астанаға – 10 жыл», «Тәуелсіздікке – 20 жыл», «Конституцияға – 20 жыл» мерекелік медальдарының және Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасының иегері. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК
qazaquni.kz