Ақтөбедегі лаңкестер тізімінен өз есімін көрген оқушы таңқалысын жасыра алмады
2016 ж. 22 маусым
2859
12
Ақтөбе облысы Мәртүк ауданы Байнасай орта мектебінің түлегі Сағынған Сейітқали бесінші маусым күні лаңкестік жасаған күдіктілер тізімінен өз есімін тауып, таң болды.
Бұл туралы «Диапазон» порталы хабарлайды.
Тізімді оқушыға достары көрсеткен.
"Маған достарым қоңырау шалып, менің лаңкестер тізімінде жүргенімді айтты. Мен бастапқыда қалжың шығар деп сенбедім. Содан кейін желі арқылы тізімді алып, өз көзіммен көрдім. Қорықпадым, тек мені колледжге оқуға алмай қоя ма деп алаңдадым", - деп есіне алды түлек.
Сейітқали бұл тізім өмірін өзгерткенін айтуда.
"Кей балалар маған ендігі хабарласпауымды сұрап, олардан аулақ жүруімді өтінді. Мені өмірлерінен аластатып, желіде достар арасынан өшіріп тастады. Мен оларға тізімде қате кеткенін түсіндіріп жатпадым. Дегенмен бұл менің жаныма батты", - деп көзіне жас алды Сағынған.
Әкесі жоқ бала анасымен бірге Байнасай ауылында тұрады.
"Біз тізім туралы 12 маусымда білдік. Әкім кешкісін бізді әкімдікке шақырды. Мен бұл қателік екенін айттым. Дегенмен, шағын ауылда сыбыс тез тарайтынын білесіз ғой. Олар тізімді Қостанай облысынан таратқанын алға тартты. Күдіктілер арасында оның фотосы жүр. Бұл фотоны өткен жылы біз жеке куәлік алу үшін жасатқан болатынбыз", - дейді түлектің 40 жастағы ағасы Шайхислам Жалғасбаев.
Ол әзірге бұл қателікті ешкім жөндеуге асықпайтынына күйінді.
"Біз бармаған жер жоқ. Ешкім ештеңе айтпайды, кешірім де сұрамайды. Балаға хабарласып, қателік кеткенін айтып, тыныштандырса болады ғой. Оған өзгелер сол үшін тап берсе қайтеміз? Біз тек оның кінәсіз екенін растайтын қағаз берулерін сұраймыз», - дейді ағасы.
Шайхисламның айтуынша, Сағынған түскісі келген колледжге дәл сол тізім ілініп тұр екен.
"Сағынған жауапкершілігі мол, еңбекқор оқушы. Оның бұл тізімге қалай тап болғанын өзіміз де түсіне алар емеспіз. Ол ауылдан ешқайда шыққан емес", - дейді Байнасай орта мектебінің директоры Виктор Мезенец.
Ал ҰҚК мен ІІД болса, тізімді желі арқылы таратпағандарына сендірді.
"Күдіктілер тізімі желі арқылы біздің тараптан таратылған емес", - дейді ҰҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары Бурин.
Дерек көзі. «Диапазон»