Жер комиссиясы. Басы таудай, аяғы қылдай болып барады
2016 ж. 20 маусым
3298
26
Жер комиссиясының кезекті отырысы Алматы облысының Талғар ауданына қарасты «Бәйсерке агро» агрокешенінде өтті. Өткен жолғы басқосу белгісіз себептермен болмай қалған еді. Бұл жолы Құдая тәубе жер комиссиясының жиыны ойдағыдай ұйымдастырылды. Бірақ, жиналыс соңына қарай «Алматы облысының атқамінерлері «жерді шетелдіктерге жалға беру керек» деген позициядағы адамдарды арнайы дайындап, театрландырылған қойылым қоймақ болды» деген сын айтылды. Бұл қаншалықты рас пікір? Біз арнайы комиссия мүшелерінен сауалнама жүргізген едік.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Бұл жолғы жиынның ең басты ерекшелігі комиссия басшылығының өзгеруі болды. Бақытжан Сағынтаев мырза Алматы облысындағы жиынды соңына дейін өзі басқарып, ендігі тізгінді Асқар Мырзахметов мырзаның қолына тапсырды. Бес жарым сағатқа созылған жиналыста әртүрлі позициядағы пікірлер айтылды. Рас. Жиын басында «жерді шетелдіктерге жалға беру керек» деген ойды айтқан біраз азаматтар болды. Меніңше, олар осы Алматы облысы аумағында көп мөлшерде жер иеленіп алған адамдар болуы мүмкін. Бәлкім үкімет ыңғайымен жүріп тұратын үкіметтік емес ұйымның төрағалары шығар. Олардың пікіріне залда отырған төрт жүзге жуық азаматтардың ішінен сөз сөйлегендер жеткілікті деңгейде қарсылық көрсетті деп ойлаймын. Мен мұны біріншіден биліктегі бірқанша адамдардың, жері көп азаматтардың пікірі деп білемін. Екіншіден, олар да өз ойларын айтуға құқылы. Үшіншіден «әкімдіктегілер арнайы дайындады» деп көзбен көріп, қолмен ұстамаған жайтты сөз еткім келмейді. Жиын қатысушылары олардың сөзіне селт етпеді. Керісінше, «жерді шетелдіктерге жалға беруге болмайды» деген ыңғайда сөйлегендерге көп қол соғылды. Жалпы, арнайы дайындалған қойылым ешқашан шынайы шықпайды. Шынайы айтылмаған пікір ешкімді ұйытып әкете алмайды. Сонымен қатар, өз басым жерге қатысты екі жақты пікірдің болуын заңдылық деп қараймын. Мәселен, жиында Рысбек Сәрсенбайұлы мен Хасен Қожа-Ахмет комиссияның жұмысын қатты сынға алды. Бұл сындар шынайы болғанын мойындауымыз керек.
Осы уақытқа дейін жер комиссиясының бес жиыны өтті. Енді уақыт оздырмай осы уақытқа дейін айтылған мәселелерді жинақтап, аралық бір қортынды жасау қажет сияқты.
Мысалы, жерді Қазақстандықтарға жалға беруді комиссияның барлық мүшесі қолдап отыр. Яғни, бәріміз бір келісімге келіп отырмыз. Оны кейінге қалдырмай Парламентке ұсына беруге болады. Бұл бірінші мәселе.
Екінші мәселе ауыл айналасындағы жайылым жерлерді сатуға да, жалға беруге де болмайды. Қазір еліміздің көп жерінде ауыл халқы мал жаятын жер таппай қиналып жүр. Сондықтан, ауыл маңындағы жайылымдық жер жекеменшікте болмауы қажеттілігін бекітетін Заң керек. Мұндай Заңның үлгісі іргедегі қырғыз ағайындардың өзінде же бар көрінеді. Бұл мәселеде де комиссия мүшелерінің ойы бір жерден түйісіп отыр. Бұл жайылымдық жерлер сол аймақтағы тұрғын саны, мал санымен есептеліп, реттелгені дұрыс деп отырмыз.
Үшінші мәселе шекара маңындағы жерлер мүлдем сатылмауы, жалға берілмеуі керек. Шекара маңынан шамамен 100-150 шақырымдай жер мемлекеттің қарауына беріліп, ешкімге сатылмауы һәм жалға берілмеуі тиіс.
Міне, осындай мәселелерді бір жинақтап, комиссияның нақты жұмысын көрсететіндей етіп, Парламентке өз ұсынысымызды ұсынғанымыз жөн.
Жиындарда бүгін айтылған жайтты ертең қайталап отырмас үшін комиссия отырысын екі аптада бір рет өткізіп, комиссия ішінен құрылған төрт жұмысшы тобының жұмысын жандандырған дұрыс.
Біз басында комиссия бүкіл облыстарды аралап, халықпен жүздесуі қажет дегенбіз. Әрине, барлық Қазақстанды қамту үшін комиссия мүшелері 10-15 адамнан бөлініп, бірден үш-төрт облысты аралағаны жөн болар еді. Қазір заманауи технологиялардың дамыған заманы. Сол технологиялардың көмегімен барлық жиындарды бір орталықтан қадағалап отыруға болады деп ойлаймын.
Осылай жұмысты қарқынды жүргізбесек, қыркүйекке дейін Заң жобасын дайындап үлгермей қалуымыз мүмкін.
Әрине, әр жиында артықшылықтармен бірге кемшіліктер де көп болып жатыр. Мәселен Алматы облысындағы жиында жерді жалға беруді инвестиция тарту деп қана түсінетін адамдарды көрдік. Тіпті кейбіреулер жерді жекеменшікке алу мен жалға беруді ажырата алмайтынын байқадық.
Мұхтар Тайжан, экономист:
– Алматы облысындағы жиналыстан бір күн бұрын облыс әкімінің орынбасарларының бірі шаруалардың басын қосып жиын өтіпті дегенді естіген едім. Ертесі күні комиссияның отырысында алғашқы болып сөз сөйлеген жиырмаға жуық адам жерді шетелдіктерге жалға беру керек деген позицияда болды. Егер де арнайы тапсырма болмаса, дәл осындай болмас еді. Маған Алматы облысындағы жиыннан гөрі Көкшетауда өткен мәжіліс ұнады. Себебі, арнайы дайындалған сценариймен елдің адастыруды ұят деп ойлаймын.
Бұдан кейін бұл жайт қайталанбауы қажет. Жасанды жиын өткізіп, халықты алдаудың керегі жоқ. Мысалы, Көкшетауда бәрі шынайы өтті ғой. Облыстағы жиналыстардың бәрі сол ізді жалғағаны дұрыс.
Енді сөзден гөрі нақты іске көшетін кез келген сияқты. Мәселен, комиссиядағылардың бәріне дерлік өз азаматтарымызға жерді жалға беруге қарсы болып отырған жоқ. Демек, бұл мәселені жүйелеп Парламентке ұсына беруге болады деп ойлаймын.
Жер мәселесі жайын талқылап жатқанда тағы да өзге проблемалар туындап жатыр. Яғни, қазір тоқмейілсуге әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан халқымыз бұл мәселеге енжар қарамай, қолдауын білдіріп отырса деген тілегім бар.
Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы:
– Алматы облысындағы жиналыс жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды деп ойлаймын. Арнайы дайындалған біржақты ғана пікірлер айтылды дегенге өз басым қосылмаймын. Екі жақ та өз ойларын жеріне жеткізіп атты. Негізі әр тарапты пікірлердің болғаны да дұрыс.
Мені бұдан да басқа мәселелер толғандыратынын айтқым келеді. Мысалы комиссияда жетпіске жуық мүше бар. Алматы облысындағы жиынға сол жетпістің қырыққа жуығы ғана қатысты. Меніңше, осы мәселені халық пен мемлекет бізге сеніп тапсырғандықтан, төрт көзіміз түгел болғанымыз дұрыс. Бұл бірінші жайт.
Екінші мәселе комиссия аймақтарға не үшін шығатынын қаперден шығарып алмауымыз қажет. Мәселен Алматы облысына келдік пе, сол облыстағы жерге қатысты қордаланған проблемалармен танысуымыз, сол проблемаларды шешудің жолын қарастыруымыз керек. Бес жиында да бір мәселені көтеріп келе жатқан азаматтар бар. Осыны тиып, жүйелі түрде әр жиналысқа үлкен дайындықпен келуге тиіспіз. Әкімдіктер өз облысындағы жағдайдан толыққанды мағлұматты алдын-ала комиссия мүшелеріне табыстаса жақсы болар еді (Алматы облысының әкімдігі мұндай ақпараттарды дайындаған екен. Бірақ, біз онымен жиын барысында таныстық). Сонда аудан-аудан бойынша негізгі деген мәселелерді жиып алып, талқыға салар едік.
Өзім басым бұл жиында үш мәселені көтердім.
Оның біріншісі – Заңда көрсетілгендей тұрғындарға 10 сотық беру мәселесі. Алматы қаласында елге беретін жер жоқ екені жиі айтылады. Ал, Алматының іргесіндегі Іле, Талғар, Қарасай аудандарының кез-келген ауылына кірсеңіз, тақтайшадағы «жер сатылады» деген жарнаманы көресіз. Бұл жерлердің бәрі бір кездері ауылшаруашылық саласына пайдаланылған. Қолы жеткендер оның әр сотығын ауылшаруашылығы мақсатына 4 мың теңгеден (одан едәуір қымбат болуы мүмкін) сатып алып, құжатын дайындап бес жүз мыңнан миллион теңге аралығында сатып жатыр. Мұның шекті бағасы анықталуы қажет. Меніңше, болмашы ғана ақшаға алған жерін мың есе бағаға сатып жатқандарды шектеу қажет. Халық сонда ғана қолжетімді бағаға тұрғынүй салатын жер сатып алуға мүмкіндік алар еді.
Екінші мәселе жол бойындағы жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды. Талғар ауданынан бір адам хабарласып, өзінің жайлауына баратын жолды әлдекімдердің сатып алғанын айтып, шағымданды. Халық өз жайлауына бара алмайтын жағдайға жеткен.
Үшінші жайт өзендер мен арықтар, су ресурстары мемлекеттің меншігінде болғаны дұрыс. Мәселен, қазір кейбір адамдар өзеннің бас жағын жекелікке алып алып, аяқтағы халыққа су бермей зар қақсататын көрінеді.
Түйін
Әрине, жиын болмай қалса, «өтпеді» деп шулаймыз. Өтсе, «театрланған қойылым қойылды» деп тағы да сын садағын дайындап тұрамыз. Бұл біздің ойымызша етектен тарту емес, керісінше комиссияның жұмысын қожыратып алмау үшін айтылып жатқан сыни ойлар деп түсінгейсіздер. Жер мәселесі – ұлт мәселесі. Ұлттың жайы шындықты шырылдап айтқан кезде ғана түзеледі. Әйтпесе, бес жарым сағатта сөйлеп үлгерген 56 адамның бәрі «әртіс болмағанын» халық біліп отыр...
Қанат Бірлікұлы