Сәләфизмді тоқтатудың бір жолы - оны жарнамалаушы БАҚ өкілдерінен арылу
2016 ж. 18 маусым
3214
5
Ақтөбедегі орын алған лаңкестік әрекет елдегі күштік құрылымдарды, қоғамдық институттарды діни радикализм, экстремизм мәселелеріне қайта оралуға итермеледі. Ол да дұрыс. Қаншама адам қаза тапқан оқиғадан соң ешқандай реакция байқалмаса, сорақысы сол болар еді. Лаңкестерді ұстау, жою бойынша арнайы операция аяқталмай жатып-ақ, белді, беделді тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, дінтанушылар мен әлеуметтанушылар қоғамдық ортада, ақпараттық кеңістікте террактіні, оны ұйымдастырушыларды ашық айыптады. Ресми ақпараттар біршама кешеуілдесе де ел аумағында ақпараттық ваккумның қалыптасуына, жалған мәліметтердің тарап, арандатушылықтың орын алуына жол берілмеді.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген Президент те бұл оқиғаны қатаң айыптап, қылмыскерлердің қатаң жазалануы керектігін баса айтты. Ақтөбе оқиғасын ескере отырып, заң жүйесіндегі олқылықтарды да ескеруді, қайта қарайтын тұстары болса жетілдіруді тапсырды.
«Күш құрылымдарының әрекеті қылмыскерлердің түгелге жуығының көзін жоюға мүмкіндік берді, бірнешеуі іздестірілуде. Біздің құқық қорғау органдарымыз барлығын табады деп ойлаймын, олар тиісті жазасын алатын болады. Террористік актілер қоғамның көңіл-күйін өзгертті, халық оларды әділ айыптап, батыл әрекет күтеді», – деді Президент ол кеңесте.
Президент сонымен бірге күштік құрылымдарға, құқық қорғау органдарына экстремизм, терроризм мәселесінде жалпы ұғымдарға алданбай, нақтылыққа көшуді, әр нәрсені өз атымен атап, бұрынғы кемшіліктерді қайталамауға шақырғандай болды. Олай дейтініміз бұған дейін де елімізде бірнеше рет террористік актілер орын алды. Қылмыскерлер өлтіріліп, аман қалғаны сотталғанымен одан кейінгі атқарылуы тиіс жұмыстар тиісті деңгейде болмады. Сол дүрбелеңдерден соң мемлекеттік орган ретінде құрылған Дін істері жөніндегі агенттік те бұл мәселеде қауқарлы бола алды дей алмаймыз.
Содан болар президент бұл жолғы терактіге нақты баға бере отырып, оны істегендердің кім екенін де ашып айтты. Президенттің бұл мәлімдемесі құқыққорғау органдарының кейінгі жұмысында батылырақ болуы үшін жасалған әрекет десе де болады. Президенттің:
«Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз», – деген сөздері арнайы қызметі бар, басқасы бар алдағы уақытта қай тарапта жұмыс істеу керектігін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп отыр.
Президент пәрменін арнай ыоргандар өз өкілеттіктері шегінде қабылдағанын, жұмыс бастағанына шүбә келтіруден аулақпыз. Көп жағдайда құпия түрде әрекет ететін ондай мекемелердің жұмысының нәтижесін кейінірек көре жатармыз.
Ал, ақпарат құралдары, сарапшылар қауымдастығы Елбасы тапсырмасын айтылған күннің ертесіне-ақ орындауға кірісті. Елбасы жариялаған Аза тұту күнінде Ұлттық арна бастаған телеарналар салафизм ағымын айыптаған хабарлар көрсетіп, имамдарға, дінтанушыларға микрофон ұсынды. Одан кейін де бірқатар ақпарат құралдары осы жат идеологияны сынаған материалдар жариялауда. Бір сөзбен айтқанда, белгілі-бір деңгейде ағартушылық жұмысқа жан бітті. Елге танымал дінтанушылар, мешіт имамдары әлгі адасқан ағымнан келер қауіп-қатерді, олардың сыртқы белгілері мен іштеріне жасырған мақсаттары туралы айтуын айтып-ақ жатыр.
Бір қарағанда адасқан ағымға аясуыз соғыс ашылғандай көрінгенімен сарапшыларға (бүгінгі терроризм тақырыбында пікір қосып, ой айтып жүрген түрлі сала мамандарын шартты түрде осылай атай тұрсақ) әлі де батылдық жетіспейтін сияқты. Індетпен күресу үшін, оны жеңу үшін нақты сипаттарын, пайда болу себептерін анықтап алып, сонымен күресу керек емес пе? Экстремизм, терроризм де сондай. Қайдан пайда болды, теріс идеяларды кім алып келді, елге қалай тарап жатыр, кім таратып жатыр, қолдаушысы кім, қорғаушысы кім? Санамалай берсе сауал көп. Сауал көп болмай қайтеді, осы күнге дейін салафиттер ештеңеден сескенбай емін-еркін әрекет етіп келген. Әлемнің әр түпкірінде болып жатқан лаңкестік, сонау Сириядағы соғысты «харижиттердің ісі», «тәкпіршілердің бүлігі» деп қойып, өздерін оңай ақтап алып отырған. Оған біздегі билік органдары да оңай иланып, айтқандарына еріп кеткен. Тіпті, салафизм идеясына ерушілерді мотхалид, сурурит, такфирит деп үшке бөліп, ішінде бір тобына «байсалды» деп баға да беріп қойған. Сол «байсалдымыз» дегендер бүгінде түрлі салада елге ақыл айтып, дінін таратып келе жатыр.
Осы Ақтөбе бүлігіне орай қоғамда айтылып жатқан түрлі пікірлерге көз жүгіртсек, салафизмнің өте қауіпті екенін және оның біраз жерге дендеп еніп алғанын көреміз. Бұған белгілі-бір деңгейде биліктің де, құқықорғау органдарының да, молдалар мен дін комитетіндегілердің де кінәсі барын аңғарасыз.
Ақтөбедегі қанды қырғынға билік «теракт» деп баға берісімен қоғам мүшелері ол терактінің артында салафиттер тұр деп ашық айыптады. Кейін бұл айып президенттің аузымен айтылды. Сол салафиттердің елімізде біршама ықпал иеленетіні, түрлі салада өз мүддесін жүргізетін күшке айналғаны айтылып жүр.
Танымал ақын Дәулеткерей Кәпұлы осы мәселеге орай қалам тербеп, бүгінде салафиттердің нақты мақсаттар бойынша жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқанын айтады.
«Қазақстанда билік салафиттермен ауыз жаласып отыр деген болжам түюге болады. Тіпті, кейбір жағдайларда президенттің жолдауы, жер мәселесі тағы басқа дүниелерде солардың блогер, журналистерінің пропагандалық жұмысты жұлқына істеуі көп нәрсені аңғартады...
Халық салт-дәстүр мен тарихыңды мансұқтайтын, қой терісін жамылған уаххабистерден әбден жалықты. Ерқашты болды. Оны соңғы жер мәселесінде анық көрдік. Жұрт кімнің кім екенін нақты біледі. Билікте кім отырғанын, парламентте кім отырғанын, қанша ақын, қанша журналист, (мемлекттік арналар мен басылымдарда да бар) қанша блогер, қанша әнші мен т.б. адамдардың осы дін атын жамылған саяси идеологияны ұстанатынын бес саусақтай біледі.
Қазақстан салафиттері өзінің идеологиясын жасап алды, ақпараттық насихатты шебер меңгерген. Сайттары бар, телеарнасы бар. Әлеуметтік желілер арқылы ұйымдасқан түрде жұмыс істейді. Біреу туралы пікір жазсаң шибөрідей талап жеуге дайын. Біреу бір пост жазса өзгелері жанталаса лайк басып, тоқтаусыз бөлісе жөнеледі»,- деген ақын «Ислам мемлекеті» деп өздеріне айдар таққан атышулы ұйымға тілеулес топтардың Қазақстандағы лидерсымақтары әлі тайраңдап жүргенін» айтады.
Ақынның айтысынша, теріс ағым жетегінде кеткендердің материалдық жағдайы да нашар емес. «Бізде қаншама адам жұмыссыз, жұмыссыз жүрсе де дөңкиген Джип мініп, шалқып үш-төрт әйел құшып жүргендер жетеді...».
Имамдар да салафиттердің ертерек қамданбаса сан соқытарытынын айтады. «Диапазон» газетіне сұхбат берген Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы теріс ағым жетегіне ергендердің өз айтқандарынан қайтпайтын бірбеткей екенін, пікірі қайшы келгендермен төбелесуге де дайын тұратынын айтады.
«Ондай жігіттер мешітте уағыз айтылып жатса, құлақтарына құлақ қап тағып тұрады ғой. Имамды тыңдаңдар, шешіңдер десек төбелесуге дайын тұрады. Біз олармен жеке сөйлесіп, кімді тыңдайтынын, кімдерге еретінін білдік. Олар көбіне Сауд Арабиясы, Египеттегі ғалымдардың уағыздарын тыңдайды, ДАИШ ұйымын үлгі тұтады. Оларда адамға деген мейірім жоқ. Ата-аналарын кәпір санайды. Бұл олардың басты белгісі. Сол үшін қатаң заңдар жасау керек. Олардың қызметін Қазақстанның аумағында тоқтату керек. Мысалы, Өзбекстанда полиция елдің қалай намазға жығылып жатқанын бақылап отырады. Біреудің теріс қылығын байқаса, дереу тергеуге шақырады», - дейді ол.
Яғни, дін өкілдері де, қоғамның былайғы мүшелері де салафизм идеологиясынан қауіп көреді, күманданады. Көп созбай бұл қауіптің алдын алу керек. Заңға қажет өзгерістер енеді, талаптар күшейеді. Бірақ, онымен іс біте ме? Бітпейтін сияқты. Секталар бүгінде «заман түлкі болса, тазы болып шалуды» жақсы меңгеріп алған. Заң талаптарын айналып өтудің, жазадан құтылудың небір жолдарын тауып қойған.
«Екі жыл бұрын "Ат-тәкфир уәл хижра" ұйымын экстремистік деп танып, уаххабилікті тыйған секілді болып, өз-өзімізді алдадық. Анығында, біздің еліміздегі тәкфирші-сурурилердің "Ихуан Муслим" партиясынан бөлініп шыққан "Ат-тәкфир уәл хижраға" ешбір қатысы жоқ. Соны біле-тұра құр аспанға оқ атып, өз-өзімізді алдаусыратқан сот шешімін шығардық. Құқық қорғау органдары "тәкфиршілердің" соңына шырақ алып түсіп еді, олар "ойбай біз "САЛАФИМІЗ" деп түлкі бұлаңға салып, жауаптан жалтарып шыға келді. Енді маған мынадай ой келуде: "Ертең сот "салафияға" қатысты шешім шығарса, лаңкестер "біз салафи емеспіз, "УАХХАБИМІЗ" деп тағы жалтарып кетіп жүрмей ме екен...?», - дейді заңгер, шариғат маманы Мұхан Исахан.
Шынымен де ертең заң жүзінде салафизмге тыйым салынса, ол ағымда жүргендердің бәрі болмаса да бір бөлігі танып шыға келуі, бұрынғы «дінінен» бас тарта салуы ғажап емес. Қазірдің өзінде бұрын салафизмді, араб мәдениетін ашық жақтап, әсіредіншілдігімен көзге түсіп қалған біраз журналистер мен блогерлер, әнші, композиторлер әу бастағы ұстанымдарынан бас тартқандай сыңай танытып, радикалдарды сынаған болып көрінуде. Биік мінберлерден, әлеуметтік желілерден, БАҚ-та діни радикализммен қалай күресу керектігі туралы, қандай жолдың дұрыс, қандай жолдың қате екенін көрсетіп, билік жүйесіне енгізілуі керек реформаларды ұсынып, ақыл үйретуге дейін баруда. Бір қараған адамға жан-тәнімен отаншыл, радикалдарға жаны қас кісі болып көрінуде. Бұл да – қулық. Президенттен бастап, біраз құзырлы органдардың салафизмге қатысты ұстанымы белгілі болды. Бастарына анық қауіп төнді. Сол үшін жанталасуда. Тіпті, ақпарат алаңына елдің назарын басқа жаққа аударатын қоқыстар тастап, діни сауаты шамалы былайғы жұртты жынды қылуда. «Діни сауаты шамалы» деген ұғым тек қара халыққа емес, билік пен құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне де қатысты екенін қаперде ұстау қажет.
Осы ретте мына бір жағдай еске түседі. 2011 жылы елде «зікірші сопылар» аталған бір топ осылай қуғынға түсті. Бірнеше жетекшісі қамауға алынып, енді бірі шетел асып жатты. Заң бойынша жауапқа тартылмаса да, былайғы мүриттерін де оңдырмады. Ол зікіршілердің де бұл салафиттердікіндей болмағанымен белгілі-бір жұмыс жүйесі, аз-маз ақпараттық ресурсы болатын. Соның алдында ғана «Қазақстан» ұлттық арнасын жаппай зікіршілер жаулап алыпты» деген қауесет шықты. Артынша ашық қудалау болмаса да, сол телеарнадағы әлгіндей сөзге іліккен журналистер біртіндеп қызметтен кете бастады. Білетіндер сол журналистердің біраз уақытқа дейін лайықты жұмыс таппай, дұрысы ешбір редактор жұмысқа алмай, қиналғанын айтады. Діни сектаға қарсы соғыс ол жолы жоғарыдағы лидерінен бұрын төмендегі ұйымдастырушыларына, жария, жасырын түрде қолдап жүретін журналистерге шабуылдан басталды. Ол да дұрыс шешім болғанын кейін тақсырлары темір тордың ар жағына кеткенде, бас көтерер, араша сұрар күштің қалмағанынан білдік. Сондықтан да, билік егер салафизмді жеңеміз десе, ең алдымен оларды кешегі сопылардан кем бағаламауы қажет сияқты. Кез-келген ұрыста қарсыласты өзіңнен төмен санау жеңіліске әкелетіні секілді, бұл топтың да барлық мүмкіндіктерін ескеріп, жан-жақты әрекет ету керек. Сырттан келген бір-екі уағызшысын қамауға алып, жауапқа тартқанмен іс бітпейді. Жоғарыдағы идеологтарымен қатар әр өңірдегі мешіт салғыш, молда ұстағыш кей кәсіпкерлер мен қалталыларын, түрлі ақпарат құралдарында қызмет етіп жүрген журналистері мен әлеуметтік желілерде көсемситін кей блогерлерін де жөнге салмаса, теріс түсінік пен қияли догмалардың ел ішіне жайылуы оңайлықпен тоқтамайды.
Жомарт Абдоллаұлы