Әскерилер "үй алып берем" деген алаяққа алданып қалған
2016 ж. 17 маусым
2910
0
Алматы облысындағы Боралдай ауылында бес әскери қызметші ҚР Қорғаныс министрлігінің есебінен қызметтік баспана алып берем деген бұрынғы әріптестерінің құрбаны болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Іле аудандық сотының судьясы Жамиль Арыстановқа сілтеме жасап.
Ер адам бір бөлмелі пәтер алып беру үшін 4 мың доллар, екі бөлмелі пәтер үшін 5 500 доллар, үш бөлмеліге 6 500 доллар сұрған екен. Әскери қызметшілер оған жинаған қаражаттарымен қоса, банктен несие алып берген. Жалпы алғанда олар 5,5 миллион теңгеден айырылыпты.
Сот отырысы кезінде жәбірленушілер ер адамның пәтерді ҚР Қорғаныс министрлігінде қызмет ететін Марат есімді танысы арқылы алып берем деп айтқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол Алматыдағы "Ақкент" ықшамауданында орналасқан пәтерлерге 2015 жылдың 16 желтоқсанында кіретіндерін жеткізген екен.
Сотта ер адам өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Ол ақшаны таныстарының бірінен ғана қарызға алғанын айтты. Оның бұған дейін де алаяқтық үшін қылмыстық жауапқа тартылғаны белгілі болды.
Нәтижесінде Іле аудандық соты оны 3 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі. Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ.
Дерек көзі: tengrinews.kz