Жер туралы мораторий бар болғаны алты-ақ айға тоқтатылды... Бұл, жер шетелге біржолата берілмейді деген сөз емес
2016 ж. 16 маусым
3310
12
Соңғы уақытта «Мәжіліс жерді жекеге сатуға, шетелге арендаға беруге тыйым салатын заң жобасын қарауына алды» деген хабар ақпарат алаңын шарлап кетті. Бүгін «Мәжіліс шетелге жерді жалға беруді, жекеменшікке сатуды тоқтататын заңды мақұлдады» деп, бірнеше ақпарат құралы (қазақ, орыс тілдерінде) елден сүйінші сұрап жатыр. Жақсы хабарды қызғанғандай болды дер кей әріптестер. Алайда, ақиқаты қымбат. Ешқандай да шетелге жер беруді тоқтататын заң мақұлданбады. Бұл - 6 мамыр күні Президент жариялаған мораторийді құқықтық тұрғыда қуаттауға арналған заң жобасы.
Президент нормаларын тоқтата тұру туралы мораторий жариялаған құжат басқа емес – заң. Яғни, Үкімет басшысының не облыс әкімінің әлдебір қаулысы емес, заң шығарушы орган, парламенттің қос палатасы бірігіп мақұлдаған заң. Заң болғанда да кодекс. Жер кодексі. Демек, президент қолданысқа енуіне уақытша шектеу қойған ондағы кей талаптар сол парламенттің қарауымен тағы бір қуатталуы, мораторий енгізу туралы президент Жарлығы заңмен рәсімделуі керек болған. Алайда, бұл, жер шетелге берілмейтін болды деген талап біржола қабылданды дегенді білдірмейді. Президенттікі мораторий туралы Жарлық болса, бұл - мораторий туралы Заң. Болды.
Бір сөзбен айтқанда, Мәжіліс мақұлдады деген заң да «Жер кодексінің» даулы нормаларын тек жыл аяғына дейін тоқтата тұрады. Мұны заң қабылдаған депутаттар да, осы ауылшаруашылығы мен жер қатынастарына жауапты министр Асқар Мырзахметов те айтып отыр.
«Барлығымыз білетіндей, жер қатынастары саласында шыққан мәселелерге байланысты Президенттің 2016 жылдың 6 мамырындағы жарлығы бойынша жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілген болатын. Нақтылап айтқанда, бұл ҚР 2015 жылдың 2 қарашасындағы «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының нормаларын жүзеге асыру; Екінші мәселе, шетелдіктерге ұсыну, азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сонымен қатар жарғылық капиталында 50 пайыздан аса үлесі шетелдіктердің меншігіндегі заңды тұлғаларға, ауыл шаруашылық жер учаскелерін жалға алу шартымен ұсынуға. Үшіншісі, мемлекеттің меншігіндегі ауылшаруашылығындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығына беру туралы норма», - дейді вице-премьер - ауыл шаруашылығының министрі Асқар Мырзахметов.
Олай болса, құқықтық құйтырқылыққа өзіміздің бой алдырғанымыз қалай? Миллиондаған қазақтың қабырғасын қайыстырып отырған күрделі мәселеде жеңілтектік танытуға, аста-төк ақпаратқа ат-үсті қарауға бола ма? Билік органдарының бюрократиялық процедураларына бола Алаштан сүйінші сұрайтындай не көрінді? «Жер сатылмайтын болды. шетелге арендаға тыйым салынды» деп кімді алдаймыз?