Сәбит Досановқа Махмұд Қашқари сыйлығы тапсырылды
2016 ж. 14 маусым
3627
0
Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досановқа «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» берілген Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлықты тапсыру салтанатына арналған әдеби кеш Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасының үлкен конференц залында өтті.
Басқосуды университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып, жүргізіп отырды. Әзірбайжан жазушысы, « Шынар» журналының бас редакторы, Қашқари атындағы қордың төрағасы Эльхан Зал Махмұд Қашқари сыйлығын Сәбит Досановқа салтанатты түрде тапсырды. « Сәбит Досанов бұл сыйлықты көркем прозадағы алғашқы туындысы « Ақ аруана» повесі үшін алып отыр. Осы уақытқа дейін бұл еңбек орыс, француз, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, т. б. тілдерге аударылып, алыс – жақын шетелдерден лайықты бағасын алып үлгірді» деді ол.
Алматы қаласының әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов қала әкімі Бауыржан Байбектің арнайы құттықтауын жеткізді.
Жиын барысында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен Сәбит Досановқа « ҚазҰУ – ға 80 жыл» алтын медалі берілгендігін жеткізіп, сый – сияпат табыс етті. Сонымен қатар шығармашылық кеште Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, Мәскеу қаласындағы қазақ мәдени автономиясының құттықтауын алып келген Жарқын Қоңырбайқызы кеш иесіне ақжарма тілектерін айтты.
Қазақстанның еңбек сңірген қайраткері, күйші- композитор Шәміл Әбілтай қаламгерге арнаған «Сәбең сал» атты әнін тамылжыта шырқаса, ақсақал сатирик Мыңбай Рәш Сәбит Досановқа арнаған «Тектілер тоғысуы» атты қияли элегиясын, сондай - ақ ақын Мырзан Кенжебай кеш иесіне арнау өлеңін оқыды.
Жиында сөз алған «Түрік әлеміне сіңірген еңбегі үшін» М. Шолохов, С. Есенин, Ш. Айтматов, А. Дельвиг атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері, Ресей Әдебиет академиясының академигі, «Парасат» орденінің, Василий Шушкин алтын медалының иегері, профессор Сәбит Досанов: «Мен бұл университеттің 1964 жылғы түлегі боламын. Былайша айтқанда, ата – анам секілді. Ендеше, бұл оқу орнында болған әдеби кеш мен үшін үлкен құрмет» деп отырған жастарға аталы сөз арнады.
qazaquni.kz