Францияның қаржы прокуроры Мәсімовті ақтай ма, даттай ма?
2016 ж. 09 маусым
4461
7
Француздарды Еуропадағы – қазақтар дейтін сөз бар. Осы сөз рас-ау тегі... Біздің қазақ бір кебісті бір кебіске сұқпаса отыра алмайды ғой. Француздар да сөйтетін сияқты. Әйтпесе айдалада жүріп біздің әйбат премьерімізде не әкелерінің құны кетіп бара жатыр десеңізші. Мәселе Үкімет басшысы Мәсімовке қатысты болғандықтан әңгімеміздің ашығына көшелік. Бірақ, бірден ескертіп қойғанымыз жөн, біз бұл ақпаратқа әсте сене алмаймыз. Беріден қайтқанда, Францияның қаржы прокуроры нақты шешімін айтқанша, сенбей тұра тұруымызға тура келеді. Ал, Француз прокуроры көп күттірмей бізге төмендегі жайттың анық-қанығын білдіруі әбден мүмкін.
Француздардың Mediapart деген басылымы бар. Не болса соны жазып, арзан сенсация қуып жүрген интернет-басылым емес. Французша хатқа жүйрік ағайын солай деседі. Сол газет «ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов Airbus компаниясынан 12 миллион евро пара алды деген күдікке ілінді» деп жазып жатыр. Францияның қаржы прокуратурасы Airbus комапниясының Қазақстандағы қызметін 2013 жылдан бері қарай қатаң бақылауға алып, тексере бастапты. Өйткені, аталған құзырлы органның іс барысын тексеру үстіндегі күдігі бойынша, Airbus компаниясының топ-менеджерлері 2010 жылы Қазақстанға 2 млрд евро көлемінде 45 тікұшақ сатып, сауда-саттық кезінде премьер-министр Кәрім Мәсімовтің жеке есеп шотына 12 млн евро аударып жіберген көрінеді.
Франция соты Airbus Group-ке коррупциямен айналысқан деп ресми түрде айып тағып отыр. Осы жайтты Mediapart интернет-басылымына сілтеме жасай келіп хабарлаған ca-news.org (http://ca-news.org/news:1189636) сайты: «Бізге белгілі ақпарат бойынша, Францияның қаржы проркуроры Airbus компаниясын «шетелдің лауазымды мемлекеттік қызметкерін параға сатып алып, компанияның қаржылық активін заңсыз жұмсады» деген айып тағып, істі жаңа айыптаулармен толықтыруда» деп жазады.
Қысқасы, француздар осылай десіп гулеуде. Ал, біздің мұндай сөзге сенгіміз келмейді. Бірақ, «естіген құлақта жазық жоқтың» жөнімен жария еттік. Себебі, жоғарыдағының бәрі қаңқу сөз болса, оны ел ішін аралатпай тоқтату керек. Ол үшін әрине премьер-министр БАҚ өкілдеріне өзінің ақтығы мен пәктігін жарты ауыз сөзбен жеткізсе жетіп жатыр.
Естеріңізде болса мұнан бұрын да аталмыш мақаланың орысша нұсқасын жариялаған болатынбыз.