ҚАЗАҚ ЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДА ЖӘНЕ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ
2016 ж. 08 маусым
8187
0
Алып империя - Кеңес одағының ыдырап, оның құрамындағы одақтас республикалардың өз тәуелсіздіктерін жариялаған, 1991 жылдың әлем тарихындағы орны айрықша. Осы жыл тұтастай алғанда Қазақ елі Тәуелсіздігінің елең-алаң шағы болды. Міне, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен публицист Сауытбек Абдрахмановтың «Сергелдеңнің соңы» атты сұхбатында баяндалған (Егемен Қазақстан. 2012. 19 тамыз).
Президент журналист сұрағына орай өзі қат-қабат оқиғалардың бел ортасында жүрген жан ретінде осы жылға жан-жақты сипаттама береді. Ол жылы Кеңес одағының ғана емес, бүкіл әлемнің тағдырына әсер еткен аса маңызды оқиғалар орын алды. Әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қирап бітуімен, нарықтық қатынастардың жоқтығынан өндірістегі дағдарыс тіпті тереңдей түсті. Базардағы, кооперациядағы баға аспандай берді...
Ішкі саясаттағы, соның ішінде, ұлтаралық қатынастардағы қателіктер бара-бара қатерге айнала бастады. Жыл басынан-ақ одақтық басшылық Балтық бойындағы республикаларға байланысты тізеге салу, күшке басу әдісіне көшті.. Ақыр аяғында Вильнюске әскер кіргізіліп, атақты «Альфаның» көмегімен сондағы Баспасөз үйі мен телеорталық басып алынды. Халық өзі сайлаған Жоғарғы Кеңесті қорғауға шықты. Қан төгілді. Онымен де қоймай, мұндай күш көрсету біраз күннен кейін Ригада қайталанды...
Сол кездегі дағдарыстың бар себебін қоғамдық жүйеге сүйей салуға болмайды. ...Демократияның дамытылу қарқынында да асығыстық орын алды. Горбачевтың қайта құру саясатының сәтсіздігі – саясатты экономиканың алдына шығарудың қандайлық зардаптарға соқтыратындығының айқын айғағы болды.
Осы орайда әбден күшіне мініп алған әміршілдік-әкімшідік жүйенің ауыр зардаптары жөнінде ашық айтыла бастаған болатын.
«Шынтуайтына келгенде, - деп жазған еді Е.Я.Виттенберг «Квинтэссенция» альманағындағы «Страшное и чудовищное» деген мақаласында, - мемлекеттік мономеншікті құру, кооперативті меншікті мемлекет қарауына айналдыру саяси-экономикалық бюрократияның қоғамдық өндірістік құрал-жабдықтарға озбырлықпен иелік етуі үшін қолайлы жағдай туғызды. Экономикалық тетіктер... басшылықтың регрессивті әдіс-тәсілдері деңгейіне тез көтерілген әміршілдік-әкімшілдікпен ауыстырылды».
Ал З.Бзежинский үзіндісі осы философиялық альманахта жарияланған «Большой провал. Рожденние и смерть коммунизима в двадцатом веке» деген мақаласында былай деп жазды: «Биліктің бір партиялық жаңа жүйесін жалпы мемлекеттік шоғырландыру, ірі көлемдегі әлеуметтік күштеуді институциаландыру, ортодоксальды доктринаны таңу мен идеологиялық қажеттілікке сай келетін кез-келген саяси әдісті, ең тарандықты да қоса алғанда, ақтау практикасының тамырын терең жайғызу кең қанат жайған номенклатура жүйесі арқылы қоғамның барлық құрылымына бақылау жасайтын барған сайын бюрократтандырыла түскен біртұтас саяси билікті партия авангардының қолына шоғырландыруға әкеліп соқты, бұл барлығын да – жоғарыдан бастап төмендегілерге дейін – тағайындалғандардың қатаң бақылау жүйесін қалыптастырды. Бұл уақыт өте келе, тұрғындардың тұтас әлеуметтік қабаттарын кең көлемде қудалауға, алдымен саяси, сонан соң экономикалық және ақыр соңында әлеуметтік және мәдени проблемаларды, ең бастысы, ұйымдастырылған күшпен шешуге аса қолайлы жағдай туғызды...».
«Горбачев Кеңес Одағының бұрынғы қалпында тұра алмайтынын ақыры толық түсінбей-ақ қойған сияқты, – дейді Президент. – Басқасын былай қойғанда, КСРО-дай алып елді бір орталықтан басқару ендігі жерде мүмкін еместігі анық болатын. Мен жаңарған Одақтың ендігі жерде федерация күйінде қала алмайтынын әу бастан-ақ ескерткенмін... «Қазақстан ешқашан да бірде-бір аймақтың айыл-тартпасы болмайды, ешқашан да оның «кіші інісі» болмайды», деп те басын ашып айтқанмын... Кеңес Одағы ең әрі барғанда конфедерация түрінде ғана сақтала алатын еді. Горбачев конфедерация идеясын да қолдамай, ақыр аяғында федерациядан да айырылды. Біз ел бірлігін одақты қалайтындармен болса да, сақтап қалғымыз келген еді. Оның бел ортасында Ресей бар... Михаил Сергеевич тіпті көнбей қойды...». Саяси дағдарыс күшейген үстіне күшейе берді. Горбачев билігіне Ресей басшылығы тарапынан орасан мықты соққы жасалды. Ресейде президент сайлауы өтті. Ельцин жеңіске жетті. Сайлау алдында елді аралау кезінде Ельцин Ресейдің одақтық құрылымдардың бәрінен, одақтық министрліктердің бәрінен бас тартатын мәлімдеді... Ресейдің халықаралық қатынастар субектісі ретіндегі тәуелсіздігін жақтады...
Көктем, жаз бойы жаңа Одақтық Шарттың төңірегінде дау-дамай қызып жатты. Сәуірде Ново-Огаревода тоғыз республика басшының КСРО президентімен кездесуі болды. Республикалар нақты құқықтар мен өкілеттіктер талап етті, орталық болса биліктің бар тетіктерін өз қолында қалдыруға жанталасты. Ақыр аяғында олар елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы ортақ хаттамаға қол қоюмен тарасты...
«Одақты сақтау, жаңа мәртебесін айқындау, құрылымын анықтау мәселелерінде Горбачев пен Ельциннің ұстанымдарын жақындату жөнінде талай әрекет еткенімді айтқанмын,– деп сөзін жалғастырады Президент. – Сондай бір кездесуіміз шілденің аяғында өтті... Бұл кездесу өте құпия өтті. Біз күні бойы, одан кейін түннің бір уағына дейін көп мәселені талқыладық. Мынадай жоспар жасалды. Одақтық шартқа қол қойылғаннан кейін іске батыл кірісуге бекіндік... ». Осы кездесу жөнінде өз естелігінде М.С.Горбачев былай деп жазады: «Шілденің дәл аяғында, мен демалысқа кетердің алдында Ново-Огаревода Ельцинмен және Назарбаевпен кездестім. Әңгіме Одақтық Шартқа қол қойғаннан кейін қандай қадамдар жасайтынымыз жөнінде болды. Шарттың республикалар үшін де, Одақ үшін де жасайтын мүмкіндіктерін барынша пайдалануға келістік. Кадрлар туралы әңгіме қозғалды. Әрине, алдымен Егемен мемлекеттер одағының Президенті туралы сөз болды. Ельцин бұл қызметке Горбачевты ұсынды. Пікір алысу барысында Назарбаевты Кабинет басшылығына ұсыну жөнінде ұсыныс туды. Ол егер одақтық Кабинеттің дербес жұмыс істеу мүмкіндігі болса, бұл жауапкершілікті өз мойына алатынын айтты. Атқарушы биліктің жоғарғы эшелонын едәуір жаңарту – премьердің орынбасарларын, әсіресе, түйінді министрліктердің басшыларын ауыстыру қажеттілігі жөнінде мәселе қозғалды. Әлі есімде, Ельцин бір түрлі тынышы кетіп отырды: тап жанында біреу тың тыңдап тұрғандай. Тынышы кеткені сондай, ол тіпті бірнеше рет дәлізге шығып, жан-жағына қарағыштап та келді». Бұл туралы М.Вече де өз жазбаларында былай дейді: «1991 жылдың 20 тамызында жаңа Одақтық шартқа қол қойылады деп белгіленуі консерваторларды шешімді әрекеттерге итермеледі, өйткені келісім СОКП басшылығын нақты биліктен, қызметтер мен артықшылықтардан айыратын еді. М.Горбачевтың Б.Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен МҚК төрағасы В.Крючковқа белгілі болған құпия уағдаластығы бойынша, шартқа қол қойылғаннан кейін КСРО премьер-министрі В.Павловты Н.Назарбаевпен алмастыру ойластырылды. Қорғаныс министрін, Крючковтың өзін, басқа да бірқатар жоғары лауазым иелерін осындай тағдыр күтіп тұрды».
Енді осы орайды публицист С.Абдрахмановтың «Сергелдеңнің соңы» сұхбатында Президент Н.Назарбаевқа қойған сұрағының толық мәтіні мен Елбасының нақты жауабын келтіре кетуді жөн көреміз:
-Нұрсұлтан Әбішұлы, Кеңес одағының үлкен қантөгіссіз тарағаны бәріміздің бағымыз. Дегенмен, оның финалында да драмаға толы беттер бар. Енді 1991 жылғы атақты тамыз бүлігіне қарай ауыссақ деймін. Сонымен Горбачев, Ельцин үшеуіңіздің құпия әңгімелеріңіз жазылып алынып, тасқа басылып, КГБ басшысы Крючковтың алдына жетті. Сіздер үшеуара әңгімеде Одақтық шартқа қол қойылғаннан кейін премьер-министрден бастап, әлеуметті құрылымдардың бәрінің басшылары ауыстырылатын ойластырдыңыздар. Дәл сол адамдар түгелдей дерлік бірнеше күннен кейін құрылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің құрамына кірді. Ельцин құпия кездесудегі әңгіме тамызда атылған мылтықтың шүріппесін басуға итермеледі деп жазды. Сіз осыған келісесіз бе?
-Кез келген оқиғаға бір нәрсе түрткі болуы керек. Құпия әңгімеміздің КГБ басшысына жетуі ондағы жоспарларды орындатпауға итермелеуі көкейге қонады. Бірақ бұл түрткі ғана. Негізінде, КСРО-дай елдің тарауы тым жаймашуақ жүзеге асуы мүмкін емес еді. Сондықтан, егер нақты қарасақ, ақыры болмай қоймауға айналған үдерістің тездеуіне осы оқиғаның қозғау салуы ненің не екеннін, кімнің кім екенін айқындауға да мүмкіндік бергенін айтуға тиіспіз.
Жалпы, ГКЧП бүлігі арада жиырма жыл өтсе де, талай кітап жазылса да әлі күнге ақиқаты толық ашылмаған жайлардың бірі.
–Горбачев Форостан келгеннен кейінгі алғашқы баспасөз мәслихатында: «Всего я вам не скажу. Всего я не скажу никогда» деген болатын журналистерге.
– Қалай дегенде де бұл қадамның арғы жағында бес-алты жыл бойғы бітпейтін де қоймайтын көпсөзділіктен әбден шаршаған, төзімі сарқылған, түңілуге айналған халықтың ыза-кегін өз мақсаттарында пайдаланып қалуға тырысқан шағын топтың заңсыз әрекеті тұрғаны анық. Олар өз мақсатына жету үшін айла-шарғыдан, ашықтан ашық өтірік айтудан да тайынған жоқ.
ГКЧП бүлігіне қозғау салған негізгі жай – Горбачевтың 20 тамыз күні жаңа Одақтық шартқа қол қойылатынын жариялауы. Оны ұйымдастырушылар ең алдымен республикалардың жаңа мәртебеге ие болуына қарсы шығуға тырысты. Сондықтан бұл бүлікті ең алдымен одақтас республикалардың егемендік жолындағы күресіне қарсылық деп бағалаған орынды. Мәскеудегі 1991 жылдың 19-21 тамыз аралығында болған тамыз оқиғалары партиялық өктемдікке біржолата нүкте қойды. Мұндай оқиғалар кез-келген публицист-журналистің ұстанымын, саяси ойлау машығын айқындауда маңызды рөл атқаратындықтан бұған тоқтала кеткен жөн. Тамыздың 19 күні таңертең радио елімізді дағдарыс күйден шығару, елде қатаң тәртіп орнату мақсатын «көздейтін» төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет деген құрылып, Президент М.С.Горбачев денсаулығының нашарлауынан өз міндетін атқара алмайтынына байланысты президент билігі вице-президентке ауысады деп хабарлады. Әдеттегідей, барлық газеттер сол төтенше комитеттің алғашқы құжаттарының бәрін жариялады. Соның ішінде Кеңес басшылығының (үш адам Г. Янаев, О. Бакланов, В. Павлов қол қойған) Кеңес халқына үндеуі дегенді, оның N1 қаулысын, шетелдерге арнаған мәлімдемесін (кәдімгі үкімет өзгерісі болғанда айтатындай – бұл біздің ішкі ісіміз, ешкім бұған араласпасын, ал біз басқа мемлекеттер алдындағы борыш-міндеттемелерімізді қалтқысыз орындаймыз дегендерді айтты) жариялады. Олардың N2 қаулысы (нәбәрі үш қаулы қабылдап үлгерді, оның үшіншісі радиомен берілді де баспасөзде жарияланып үлгермеді) бойынша орталықта тоғыз газеттен басқа газеттердің барлығы тоқтатылып, қайтадан тіркеуден өтуге тиіс болды.
Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдап, ол 20 тамыздағы газеттерге Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің мәлімдемесімен қатар жарияланды. Елбасы ақыл-парасатты, халық алдындағы жауапкершілік сезімін басшылыққа алу маңызды деп республикада төтенше жағдай еңгізілмейтін айтты. Әсіресе, үш адам құрған республикалар қатыспаған комитет егемендік туралы декларацияларды аяқасты етуде деп ашық мәлімдеді. Қазақстанда жағдай қалыпты болды. Әрине, 20 тамыз күні барлық газеттер бұрыннан орнап қатып қалған тәртіпті сақтап, ресми құжаттардың барлығын да жариялады. Қарсы жақтың құжаттары бізге жетпеді.
21 тамызда газеттер өздерінің көзқарас-қимылын айқындай бастады. «Егеменді Қазақстан» төтенше комитеттің көп құжаттарын жарияламай қойды. «Лениншіл жас» пен «Ленинская смена» да ресми материалдарға орын берген жоқ. «Казахстанская правда» сол құжаттың кейбіреуін беріп, онымен қатар өздерінің түсініктемесін (ол төңкерістің түсініксіз, заңсыз екенін ашық айтқан) жариялады. Қарағандының «Орталық Қазақстан» газеті сол алғашқы күннің өзінде төңкеріске қарсы, әшкерлеген, ашынған мақалалар берді. Сөйтіп, газет редакторы Нұрмахан Оразбеков ерлік жасады Тамыз оқиғасы Кеңес Одағындағы саяси үдестерді жеделдетіп жіберді. Енді Одақтың ыдырауын тоқтату мүмкін болмай қалды...
Осы ретте кеңестік дәуірдің соңғы кезеңінде КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Н.И.Рыжковтың мына лебізін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: «Мен, - деп еске алады ол, - Н.Ә.Назарбаевпен ол Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесін басқарған кезде де, кейіннен республиканы басқарған кезде де бірге жұмыс істедім. Сондағы кездесулер барысында-ақ менде оны үлкен саяси болашақ күтіп тұр деген кәміл сенім қалыптасты. Байсалды, ұстамды мәнері, әңгімедегі ең басты нәрсені қас қағым сәтте қағып алып, даралай қоюы, алғыр ақылы, ой-өріс кендігі, шығыс адамдарына тән дарқандығы – Нұрсұлтан Әбішұлын елден ерекшелеп тұратын қасиеттерін осылай жалғастыра беруге болады. Бұған республиканың экономикалық және әлеуметтік проблемаларын тамаша білетіндігін қосу керек, бұл оған ең күрделі мәселелерді де тиімді шешуге дейін мүмкіндік беретін». Кеңестік жүйенің соңғы кезеңінде Қазақстанда экономикалық дағдарыс жайлады. Экономикалық қуаты, өнеркәсіп потенциалы одақта үшінші орын ала отырып, республика халыққа қажет игіліктер, әлеуметтік тұрмысты қамтамасыз ету жөнінен 8-12 орындарда болды. Елде 250 елді мекен суды тасып ішті, 1648 мекенде аурухана, 2090 жерде мектеп, 3800-інде балалар мекемелері болмаған. Республика жерінен өтетін газ құбырларының бойында отырған 2000 елді мекеннің 78-і ғана сол құбырдағы газды пайдаланды. 210 селолық ауданның 71-інде жағдай қанағаттанғысыз, ал 30 алыс аудандарда (оларда 1 миллионнан астам қазақ тұрды) адам төзгісіз еді...
Тәуелсіздік қарсаңында Қазақстанның өзіндік конституциялық заңнамасын қалыптастырудың басы уақыт жағынан Кеңестер Одағының ыдырауына сәйкес келді. Тәуелсіздікке қарай барар жолдағы алғашқы қадам 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы болды. Ал, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық акт Заңы қабылданып, Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялады. Осы орайда Елбасының өзі жазған мына жолдарды да келтіре кетсек артықтық етпес деп ойлаймыз: Біздің республикамыз бен халқымыз қиын да қайғылы жолдан өтті. Сталинизм жылдарында Қазақстанда концентрациялық лагерьлер орналасып, оған кейбір халықтар тұтасымен жер аударылды, атом сынақтары жасалды. Космодром мен сынақ алаңдарының да көбі осында. Сырттан 2 миллион адам күштеп көшірілгендіктен көп ұлтты елге айналдық. Тағы да 2 миллиондай адам тың көтеруге жіберілді. Бұл – әрине, демографиялық естен тандыру еді. Ұлт ретінде жұтылып кетудің қасіретті қаупі қара бұлттай торлаған ауыр саяси-экономикалық жағдайда еліміз өз Тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қадам басқан болатын. Міне, осындай ауыр сын кезеңде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел тұтқасын қолына алды.
Ұзақ жылдар бойы адамзат көшінен көз жазып, азаттық, еркіндік дегеннің, иелік, қожалық, егемендік дегеннің байыбына барып көрмеген ұрпақ ойламаған жерден империяның казармалық бұғауынан босап, бостандық әлеміне шыққанда, қайда бет аларын білмей абыржып қалған-ды. Жуық арада іргесі ыдырамастай көрінетін қызыл империяның күрт күйрегені сонша, жұртшылық түсінбестей беймаза күйге ұшырады. Бірінші кезекте тәуелсіздік жағдайында мемлекет ретінде қалыптасуға бағыт алу міндеті алға қойылды. Биліктің мемлекеттік институттарын құруға, түрлі деңгейдегі дүниежүзілік ұйымдарға кіруге алғашқы қадамдар жасау ауадай қажет болды. Осы орайда 1992 жылдың басында дүниеге келген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» тұңғыш жоспарлау тәжірибесі еді. Президент Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жасалған Стратегия қазақстандық ұлттың өзін-өзі танып білу жөніндегі мәселенің идеологиялық іргетасын қалаған республиканың тұңғыш ресми құжаттарының бірі болды. Елбасы «Қазақстан жолы» атты кітабында алғашқы жылдардағы күрделі кезеңді сарабдалдықпен ой елегінен өткізе отырып, былай дейді: Стратегия, өткенге қысқаша шолу жасай келіп, Қазақстанның қазіргі замандағы шекарасы алғашында тайпалардың этникалық мекен еткен ата қонысы, кейінірек қазақ ұлтын құраған және қазіргі Қазақстанның барлық жеріне бақылау жүргізген халықтың тарихи жері болғанын айтып түсіндірді. Біз тәуелсіз мемлекет өзінің қазіргі көрінісімен сақталып келгенін – ол әлде біреудің қазақтарға берген сыйы емес, біздің тарихи отанымыз, қазақтың ежелден бергі жері екенін ресми түрде мәлімдедік. Біз халыққа айқын бағдар бердік. Сондай-ақ біз мемлекеттің унитарлық тұтастығын, оның жерінің бірлігі мен мызғымастығын қамтамасыз ету үшін билік барлық конституциялық амалдарды пайдалана алатынын ашық айттық. Бұл сондайлық аумалы-төкпелі кезең үшін маңызды мәлімдеме еді. Осындай қиын жағдайда жарық көрген Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деп аталған тұғырнамасы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған, өтпелі кезеңді жан-жақты сипаттаған, болашақтың бағдаршамы іспеттес аса маңызды еңбек болды. Онда азат елдің алдында тұрған ұлы міндеттер – тағдырдың ұрпақ маңдайына жазған мемлекет құру, ел басқару ісін демократияландыру, осымен бір мезгілде нарықтық экономикаға көшу жан-жақты сараланды. Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында империялық шовинистік пиғылдағылар ұлттық мүддеге нұқсан келтіру, азаттық жолына түскен жергілікті халықтың тілін, дінін, мәдениетін, басқа да рухани қазыналарын жандандыруға қалай да тосқауыл жасау әрекеттеріне ашық түрде барып жатты. Ресей журналистері бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған республикаларға жөнсіз тиісіп, олардың ішкі өміріне ашықтан-ашық араласуды дағдыға айналдыра бастады. Қазақстандық орыс интеллигенциясының кейбір өкілдері қазақ халқының рухани, мәдени проблемаларына түсіністікпен қараудың орнына, «біртіндеп құриды» дегендей «сәуегейлік» айтуға тырысып бақты.
Осы орайда төмендегі жайларды да айтуға тиіспіз. Жасыратыны жоқ, Қазақ елінің болашағы жайында әр түрлі болжам айтушылар аз болған жоқ. Ұзақ жылдар бойы отарлық езгіде кіріптарлық күй кешіп, егемен елге айналған жас мемлекет енді қандай бағыт ұстайды, өз бетінше өсіп-өркендеуге мүмкіндігі бар ма деген мәселе ой-пікір жарыстырудың негізгі нысанына айналды. Осы тұрғыда ұлт зиялылары ғана емес, шетел сарапшылары да ой қозғап отырды. Бұл өзекті де күрделі міндетті еліне, жеріне жан-жүрегімен берілген, ұлт мүддесін алаулатқан қазақ публицист-жазушылары атқаруы тиіс еді. Солай болды да. Олардың алғы сапында публицист-қаламгерлер Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Әзілхан Нұршайықов, Әкім Тарази, Мұхтар Шаханов, Рахманқұл Бердібаев, Өмірзақ Айтбаев, Сауытбек Абдрахманов, Ақселеу Сейдімбеков, Сапабек Әсіпов, Марат Қабанбаев, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубаев, Алдан Айымбетов, Михаил Есенәлиев, Амангелді Айталиев, Жанболат Аупбаев, Қуанбек Боқаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Жұмабай Шаштайұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Аманхан Әлім, т.б. жүрді. Мерзімді басылымдарда ұлт мүддесі тұрғысындағы терең ойлы салиқалы да өткір мақалалар жарияланып жатты. Осылайша олар Қазақ елінің өзін-өзі билеуге деген ұмтылысына, ел егемендігі жолындағы құлшынысқа кедергі келтіруге тырысып, отарлық озбыр саясатты көксеушілерді әшкереледі...
Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ғасырға пара-пар маңызды істер атқарылды. Республиканың тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Қазақстан өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар тәуелсіз дербес елге айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Шанқай Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам конференциясына, тағы басқа бірқатар беделді ұйымдарға мүше болды, шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды, шетелдік іскер адамдардың егемен елімізге деген ынтасы арта түсті. Осылардың бәрі тұтас ұлт болашағының алтын діңгектеріне айналды. Ұлттық сананың өрлеуі ұлттық жаңғырудың тұтас жүйесін қозғалысқа келтірді. Осынау ұлы істердің басы-қасында Н.Назарбаев жүрді, теңдессіз маңызға ие болған сан қырлы игілікті шаралардың ұйытқысы болды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың керегесін кеңге жайған тәуелсіз мемлекет құру идеясын жанына желеу ететіні, туған халқына берген антына адалдығы осы кезге дейін атқарып келе жатқан жасампаздыққа толы айшықты істерінен айқын аңғарылады. Елбасының өз қолынан шыққан төл туындылары – «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Евразия жүрегінде», «Қазақстан жолы», «Бейбітшілік кіндігі» атты еңбектеріндегі жүрекжарды ой-пікірлері, нақты тарихи тұжырым-толғаныстары кім-кімді болмасын терең ойларға жетелеп, көкірек көзін ашады.
Қазақ үшін аса маңызды саналатын манадай жайтты айтпай кетуге болмас. Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді: «Дәстүршілдік жөніндегі жағдай күрделірек болды. Ұлтты сақтау үшін мәдениет саласында дәстүршілдік өте маңызды екеніне қарамастан, ол саясаттан жол тауып шығуға болмады. Сонда қоғамдық құрылымның архаистік түрі – ру-тайпалық психологияны тірілтуге негізделген саяси идеологияның дәстүрлі үлгісі бізге мүлде қабыспайтынын менің сан мәрте ескертуіме тура келді. Түрлі трайбалистік көзқарастар мен пікірталастардың қауіптілігі маған сол кезде-ақ түсінікті еді. Сондықтан менің іс жүзіндегі саяси қызметім кез келген трайбалистік пиғылдың жолын кесуге бағытталып отырды». Рушылдықтың ұлттық психологиямен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын ұғынатын кез келді. Еліміз әлемдік өркениетке қадам басып бара жатқанда адамдардың санасында рушылдық психологияның дендей түсуі қауіпті. Мұны Президент ұдайы айтып келеді. Бұл жерде басты қауіп рушылдықтың санада берік орнығып қалуында емес, оны жасанды түрде қайта қоздырып, өз ыңғайларына орай белгілі бір мақсаттарда шебер пайдаланып отырған кейбіреулердің саясатшылдығында. Ұлтты аздыратын осы індетті аяусыз әшкерелеу керек, кесірлі кесапаттың алдын қазір алмасақ, ертең кеш болады. Мұны жақсы түсінетін қазақ зиялылыры, оқыған-тоқығандары жоқ емес, бар. Сондай азаматтарымыз салиқалы сөз бастар болса Тәуелсіздігіміздің іргесі бекемделе түсері анық. Рушылдықтан гөрі ұлтшылдық – әрбір саналы, көкірек көзі ояу адамға тән патриоттық асыл қасиет. Осы орайда академик Т.Сайдуллиннің «ұлтшылдықсыз ұлт қалыптаспайды, ал ұлтшылдығын жоғалтқан ұлт өзін-өзі сақтай алмайды. Бұл қарапайым ақиқат ешбір дәлелдеуді керек етпесе керек-ті» деген сөздерімен келіспеске болмайды.
Қасиетті Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шаңырақ ккөтеруінен бастап, қазірге дейінгі аралықтағы өсіп-өркендеу тарихы көз алдымызда жасалуда. Біз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың күллі түркі халықтарының рухани астанасы болып келген киелі Түркістан қаласын қайта жандандыру жөніндегі идеяны өзі көтеріп, оны нақты қамқорлығымен жүзеге асырып отырғанын жақсы білеміз. Елбасының Жарлығымен Қазақ елі Тәуелсіздігінің елең-алаңында, 1991 жылдың 6 маусымында Түркістан Мемлекеттік университетінің ашылып, оған ұлы ойшыл-ақын, алғашқы түрік-ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға еді. Осылайша Президент идеясы Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне негіз болды. Кеңестік дәуірде артта қалған ауданның орталығы ғана болып келген шаң басқан шағын шаһар қазір мәдени орындары көз тартатын жасыл желекті, келбеті көрікті қалаға айналып келеді. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде кезінде Президенттің өзі үкілі үмітпен ашқан Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Білім ордасы еліміз Тәуелсіздігінің символына, күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді.Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың әлемдік ядролық қарусыздану бағытындағы теңдесі жоқ еңбегі ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында, яғни 1991 жылғы 29 тамызда «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойған күнінен бастау алады. Қазіргі таңда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің осыдан жиырма алты жылға жуық уақыттағы тарихи Жарлығы жер шарында мойындалып отыр. Сол тұста Елбасының азамат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға баруын асқан көрегендік пен даналықтың жарқын символы ретінде бағалаған жөн.
«Мені сынайтындар да табылар, - деп жазды Елбасы. – Келісе қоймайтындар да бар шығар. Бірақ халқымыздың көпшілігі қолдап отырған қазақстандық жол – біреудің таптаурын ізімен кету емес, өз соқпағымызды тауып, сонымен жүруге талпыну. Қай мәселеде де қатал ұстануға тырысатын қағидамыз: бассыздыққа ұрындырып, қантөгіске апаратын демократияны біз тегін берсе де, алмаймыз. Біздің демократиямыздың негізі – саяси, әлеуметтік және ұлтаралық тыныштық». Көпұлтты Қазақ елінің тәуелсіздік тұғырындағы ұлан-ғайыр табыстары, еңсесін көтеріп, әлемдік өркениет көшінде өзін-өзі әлемге таныта білуі ең алдымен сан алуан ұлттардың ынтымақ-бірлігінде, тізе қоса қимылдауында. Республика халықтарының ұлтаралық, дінаралық, қоғамдық келісім-ынтымағы қалыпты өмір салтына, барлық жетістіктердің қайнар көзіне айналғаны нақты өмір шындығы. Қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттер – кеңпейілділік, дархандық, толеранттық өзге ұлттармен сыйластық, құрмет сезімінің негізіне айналған. Ынтымағы жарасқан елдегі жасампаздық салтанатының бүгінгі айшықты бейнесі әлем алдындағы беделді биікке көтеріп, алға бастауда. Қазақстан халқы Ассамблеясының Тәуелсіз еліміздегі алар маңызы да ерекше сипатқа ие болып отырғандығы сондықтан.
Қазіргі қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына шүбәсіз алып баратын бірден-бір жол елдегі тыныштық, сан алуан ұлттар арасындағы өзара келісім болып табылатындығын Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстар, күллі әлем алдындағы арта түскен абырой-бедел, «Қазақстан» деген елдің, «қазақ» деген халықтың бет-бейнесі мен өзіндік үнінің асқақтай түсуі, еліміздің Орталық Азия көшбасшысы ретінде таныла бастауы айқын дәлелдегендей. Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыр жер бетіндегі Бейбітшілік генераторына айналып отыр! Мұны көкірек көзі ояу әр қазақтың, күллі Қазақстан халқының мақтан етуге хақысы бар. Президентіміздің әлемдік беделінің асқақтай түсуі Қазақ елінің, ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, мерейін асыра түсті!
Сейдулла Садықов,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы
qazaquni.kz