ҚОЯН ЖЫЛЫНА ҚОЯР МӘСЕЛЕ КӨП

Жылдағы дәстүрмен жаңа жыл кезінде өткен жылдың қорытындысы мен жаңа жылдың міндеттерін айқындау тағы басталды. Аяз мүйізді қысса, мүйіз тұғылды қысады демекші Үкімет Елбасының тапсырмасын арқаласа, министрлер Үкімет қабағына қарайды. Сөйтіп, ұлыстың ұлы күніне дейін Үкімет барыс жылын «жауып», қоян жылы қояр мәселелерді шешуге білек сыбана кіріспекші болып жатыр. Аталған шараның алғашқы бастамасы ретінде жақында ғана Байланыс және ақпарат министрлігі алқа мәжілісін ұйымдастырып, барыс жылын бағамдап, Үкіметке есеп берді. Осы орайда, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, қоян жылғы байланыс саласының айтулы жаңалықтарының бірі еліміздің бүкіл әлемдегідей сандық теле-радиохабар тарату торабына көшетіндігі болды. Үкіметбасыға министр: - Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген басты бағыттардың бірі ретінде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта пилоттық жоба негізінде еліміздің барлық аймағында цифрлық спутниктік таратылым іске қосылды, - дегенді айтты. А.Жұмағалиев осы жобаның арқасында отандық телеарналардың топтастырылған тегін топтамасы еліміздің барлық түкпіріне, тіпті бұған дейін қазақ арналарын көруге зар болып келген шалғайдағы елді-мекендерге де таратыла бастайтындығын мәлімдеді. Алқа мәжілісінде баяндама жасаған «ҚазТелеРадио» Басқарма төрағасы Абай Қадыралиев халық тегін қызықтай алатын «мультиплекске» 37 арнаны кіргізуге мүмкіндік барлығынан құлағдар етті. Оның айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін осы жаңа жүйенің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып болуға тиіс екен. - 2011 жылы министрлік цифрлық эфирлік телевизияға көшу жұмысын жалғастыратын болады, - деді министр А.Жұмағалиев. - «Цифрлық» атты пилоттық жоба аясында биылғы жылы тұңғыш рет Қарағанды облысында осындай телевизия өмірге жолдама алады. Байланыс және ақпарат министрі сондай-ақ жаңа жылда отандық ақпараттық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және көрермен үшін қызықты өнімдер ұсыну бағыттарындағы жұмыстардың да жалғасатындығына сендірді. «2011 жылы қазақ тілінде хабар тарататын «Мәдениет» телеарнасы эфирге шығады» деп мәлімдеді Асқар Жұмағалиев. Үкімет басшысы бұл бастаманы қызу құптады. - Мемлекеттік тілде тәулік бойы жұмыс істейтін телеарнаның қажеттілігі айқын сезіледі, - деді Кәрім Мәсімов. - Әсіресе, ауыл-аймақтардың игілігі үшін бұл мәселе шешімін табуға тиіс. Осы проблеманы шешпей, мемлекеттік тілді дамытуды және осы төңіректегі басқа да шараларды ілгері жылжыту мүмкін емес! 2011 жылы министрлік электронды мемлекеттік сатып алу жүйесін кеңейту мен электрондық аукциондарды енгізуді жоспарлап отыр. Барыс жылы Қазақстан тендерді электрондық жүйеде өткізуге көшті. Байланыс және ақпарат министрлігінің «Зерде» АҚ-ы Басқарма төрағасы Нұрлан Измайловтың айтуынша, былтыр жалпы 127 миллиард теңгеге келісім-шарттар жасалған. «Осы жүйені пайдалану арқасында 40 миллиард теңге үнемделді. Тұтастай алғанда, мемлекеттік органдар мен орындаушылар арасында 1 миллионнан астам келісімшарттар бекітілді» деді Н.Измайлов. Жиын соңында Премьер Байланыс және ақпарат министрлігінің атқарған жұмыстарын оң бағалады. «Министрліктің былтырғы жылғы барлық бағыттар бойынша қол жеткізген нәтижелері жақсы, әрі айқын көрініп тұр. Былтыр, мәселен, ұялы байланыстың үшінші буыны - 3G іске қосылды. Бұл бағытта тоқтап қалуға болмайды, алға жылжу қажет. Электрондық үкімет де жандана бастады. Спутниктік сандық телеарна жоба негізінде іске қосылды» деді К.Мәсімов. Ал ел басшылығының бұл ведомствоға қойған басты талабы - уақыт талабынан, өркениет көшінен қалып қоймай, тең адымдау, бәсекелестікке қабілетті болу. Өйткені отандық заманауи ақпараттық технологиялар саласының басқарушылық тізгіні осы министрліктің қолында. «Мемлекет басшысы бұдан бұрын бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірігу міндетін алға қойғаны мәлім, - деді Үкіметбасы, - Дағдарыс кезеңінде біз бәлкім, бұған аз қарайлаған шығармыз. Алайда ендігі мақсат - дәл осы мәселеге баса назар аудару керек. Сондықтан да біз әрбір министрліктің алдына нақты шешімін табуы қажет шараларды белгілеп, бөлдік. Осы арқылы біз Мемлекет басшысының алдында тиянақты есеп бере аламыз. Әрбір министрдің қалай жұмыс істейтінін де бірден байқайтын боламыз» деді К.Мәсімов. Алқа мәжілісі соңында Премьер Кәрім Мәсімов пен Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев жаңа тұрпатты, бұрын-соңды болып көрмеген меморандумға қол қойды, бұл қызықты құжат өз саласы бойынша, 2011 жылғы міндеттердің басты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және мақсаттық индикаторларды орындауға министр Асқарды міндеттеп отыр. Жақында ғана Елбасының А.Жұмағалиевті қабылдауы да сол міндеттің басы шығар. Демек, қоян жылға қояр мәселе де көп болып отыр деген сөз ғой. Илаһим, іс табысты болғай!