Ақжолдықтар қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті
2016 ж. 01 маусым
2182
0
«Ақ жол» партиясының өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына қатысып, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті. «Ақ жол» демократиялық партиясы – Қазақстандағы саяси партия, өзін ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасары деген ұстанымын айқындаған.
31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде жылда аталып өтеді. Себебі, сонау нәубет жылдарындағы ашаршылықпен қоса, Кеңестік солақай саясаттың зардабын шеккендердің рухына тағзым етіледі.
Бүгін де «Ақ жол» партиясы «Жеңіс» саябағындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш маңында митингке қатысып, арнайы гүл шоқтарын қойды.
Партия елімізде тұратын барлық ұлттардың өкілдерін және қазақстандықтарды 31 мамыр күні көгілдір лентаны саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, құрмет көрсету белгісі ретінде тағып жүруге шақырады.
Сондай-ақ митингіде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, Қостанай мемлекеттік университетінің оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Алмасбек Әбсадықов, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтары сөз алып, тоталитарлық озбыр саясат жүргізген қудаулаудың нәтижесінде ұлтымыздың абзал арыстары құрбан болып, көптеген азаматтарымыз түрмеге тоғытылғандығын өзек жарды толқыныспен еске алды.
Сол ауыр кезеңдерде Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргін көріпті, 25 мыңнан астам кісі ату жазасына кесілді. Соның ішінде Қостанай облысынан 4 мың адам саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған.
А.Қалдыбек
Суретті түсірген Алексей Краснов
qazaquni.kz