Тағы бір заңды белден басушы! Бозымбаев журналистерге қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартты
2016 ж. 24 мамыр
3138
1
Бүгін Астанада басталған баламалы энергетика бойынша I саммитінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сұхбатты орыс тілінде беруді өтінді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Бұл салада терминология көп. Сондықтан мен орысша сөйлейінші?», – деп сұрады министр. Қазақ тілді журналистер оның бұл өтінішін құптағаннан кейін министр баламалы энергетика тақарыбына арналған сұхбатын орыс тілінде берді.
Айта кетейік, жақында аталған мәселені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да көтерген.
«Шыны керек, министерство инвестиций (инвестициялар және даму министрлігі – авт.) дейміз ғой, олар хаттарынан шатасып жатады, қазақша аударғанда. Енді, анау жаңадан келген сөздер не өздері түсінбейді. Соны бәріміз…Инвестицияның өзін өзгертіп жатамыз бірнеше…», – деді ол қоғамдық кеңес алдындағы есеп беру кездесуі кезінде.
Сол кездесуде Мұхамедиұлы тіл мәселесінің бір бөлігі мәдениет және спорт министрлігінде, бір бөлігі білім және ғылым министрлігінде екенін жеткізген.
«Тіл мәселесі бойынша мәдениет және спорт министрлігін сынағанда біз білім және ғылым министрлігіне сілтейміз. Ал оны сынға алғанда бізге сілтеп жатады. Бізге жақсы болды, бір-бірімізге сілтейміз де, нақты жауап беретін ешкім жоқ», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде министрлік тіл мәселесін нақты бір мекемеге беру қажеттігін алға тартып отыр.
«Әйтпесе, Қазтест білім министрлігінде, әдістемесі бізде. Шыны айту керек, екі жақтағы жұмысты үйлестіре алмай жатқан жағдайымыз бар», – деді ол. Осы орайда ол тіл мәселесін жер дауымен салыстырды.
Дерек көзі: Baq.kz