Министр тіл мәселесін жер дауымен салыстырды
2016 ж. 21 мамыр
2883
2
Министрдің айтуынша, бұл мәселе Үкіметте қаралды. Жақын арада тіл мәселесі бойынша әрбір министрлікке нақты функциялар берілуі керек, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазіргі кезде қазақ тілін дамыту мәселесінің бір бөлігі бізде, бір бөлігі білім және ғылым министрлігінде. Тіл мәселесі бойынша мәдениет және спорт министрлігін сынағанда біз білім және ғылым министрлігіне сілтейміз. Ал оны сынға алғанда бізге сілтеп жатады. Бізге жақсы болды, бір-бірімізге сілтейміз де, нақты жауап беретін ешкім жоқ», - деді А.Мұхамедиұлы қоғамдық кеңес алдында есеп беру кезінде. Оның айтуынша, қазіргі кезде министрлік тіл мәселесін нақты бір мекемеге беру қажеттігін алға тартып отыр. «Әйтпесе, Қазтест білім министрлігінде, әдістемесі бізде. Шыны айту керек, екі жақтағы жұмысты үйлестіре алмай жатқан жағдайымыз бар», - деді ол.
Министр тіл мәселесін жер дауымен салыстырды. «Мәселен, «Жер туралы» кодексіне экономика министрлігі жауапты болды. Ал онымен ауыл шаруашылығы министрлігі айналысуы тиіс болған. Негізі, бұл мәселеге ашық қарауымыз қажет. Мен көрпені өз жағыма тартып жатқан жоқпын. Бұл мәселені бірлесіп шешу керек. Егер онымен білім және ғылым министрлігі айналысса, онда оны толығымен сол мекемеге берген дұрыс шығар. Дегенмен, мәдениет және спорт министрлігі әдістемені әзірлеу жұмысымен айналысады. Онда Қазтест және заң жүзінде іске асыруды бізге беру керек. Бұл менің жеке амбициям емес», - дейді министр.
Дерек көзі: Baq.kz