"Рұқсатсыз митинг ұйымдастыру» бабы бойынша ҚАМАЛҒАНДАР ТІЗІМІ
2016 ж. 19 мамыр
3352
7
Елімізде қолға алынған жер реформасына наразылық танытқан бірнеше белсенді кешеден бастап қамауға алынуда. Оларға ҚР-ның «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Кодексінің бейбіт шерулер ұйымдастыру мен өткізуге қатысты баптарын бұзды деген айып тағылуда, – деп хабарлайды Qamshy.kz Азаттыққа сілтеме жасап.
Кеше Астана, Алматы қалаларында және өңірлерде сегіз адам тұтқындалса, бүгін олардың саны оннан асқаны белгілі болып отыр. Полиция тұтқындаған азаматтардың дені 10-15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Астана қаласында азаматтық белсенді, заңгер, «Алаш жолы» қозғалысы жетекшілерінің бірі Мақсат Ілиясұлы кеше кешке сот шешімімен 10 тәулікке қамалды. Оған «Рұқсат етілмеген наразылық акциясына шақырды» деген айып тағылған.
Мақсат Ілиясұлы – жер реформасы комиссиясы мүшесі. Комиссияның алғашқы отырысына қатысқан ол келесі жиындарына барудан бас тартқан.
Атырауда азаматтық белсенді Макс Боқаев 15 тәулікке қамалды. Оны кеше Орал прокуратурасы шақырып, жауап алған еді. Боқаев абақтыға рұқсат етілмеген наразылық акциясына шақырғаны үшін жабылған.
Атырау әкімшілік соты Талғат Аян есімді азаматтық белсендіні де 15 тәулікке қамауға шешім шығарған.
Белсенділерді қамау шешімі әкімшілік құқық кодексінің 488-бабы (“Бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу”) 3-тармағына негізделген.
Макс Боқаев пен Талғат Аян – Атырауда сәуірдің 24-і өткен жерді сату мен шетелдіктерге жалға беруге қарсы митинг ұйымдастырған белсенділер.
Мамырдың 17-сі күні кешкі сағат алты-жетілер шамасында алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзін және тағы бірнеше азаматты полицейлер ұстап, Алмалы ауданаралық әкімшілік сотына апара жатқанын хабарлады.
Бақытжан Төреғожина «Мені 488-бап, яғни «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру» бабы бойынша айыптап отыр. Менімен бірге полиция көлігінде отырған Геройхан Қыстаубаев «бұзақылық» бабы бойынша айыпталған, ал, Алтынай Әділова, Сүйіндік Алдабергенов пен Құрал Исмановқа 488-бап бойынша айып тағып жатыр» деген.
Кейіннен белсенділер Facebook парақшасында Сүйіндік Алдабергенов пен Бақытжан Төреғожинаның әкімшілік құқық кодексінің 488-бабы бойынша 15 тәулікке қамалғанын жазды. Cотқа қатысқан адвокат Жанар Балғабаева олармен бірге Марат Уатхан есімді азамат пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) мүшесі Қуат Күнболатов деген адамның да «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру» айыбы бойынша 15 тәулікке қамалғанын хабарлады.
Түрлі ақпараттарға қарағанда, Алматыда белсенділер Ермек Нарымбаев және Сахиб Жаңабаев та ұсталған. Кейін олардың босатылғаны хабарланды.
Ал түстен кейін ауданаралық әкімшілік сот Мөлдір Адылованы әкімшілік құқық кодексінің 488-бабы (рұқсатсыз митинг ұйымдастыру) бойынша айыптап, 15 тәулікке абақтыға жапты.
Ермек Нарымбаевтың айтуынша, Геройхан Қыстаубаевқа қатысты сот та бүгін өтуі керек.
Кеше Алматы облысы Талғар аудандық ішкі істер басқармасы (ІІБ) қызметкерлерінің 22 жастағы Манас Әбдіманап есімді азаматты ұстап әкеткен болатын.
Бүгін аталған ауданның Бірлік ауылы тұрғындары Манас Әбдіманап пен Қуаныш Сұлтанәли екеуінің 15 тәулікке қамалғаны анықталды. Оны осы ауданның ІІБ учаскелік инспекторлар бастығы Нұржан Күнтунов растады. «Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша (рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру) олар 15 тәулікке қамалды», – дейді Күнтунов.
Жезқазғандағы азаматтық белсенді Берік Жағыпаров та Facebook парақшасы арқылы өзінің қала прокуратурасына шақырылғанын хабарлады. Жағыпаров прокуратураға өзінің жер мәселесі бойынша шақырылуы мүмкін екенін жазды.
Ал, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы азаматтық белсенді Жанат Есентаевтің үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы (араздық қоздыру) бойынша айыпталып, сотқа дейінгі тергеу шарасы аясында үш күнге тұтқындалған.
Сондай-ақ, ақпарат құралдары Азаттық сайтының ОҚО-дағы тілшісі Дилара Иса мен Шымкенттегі «Темірқазық-ой» газетінің бас редакторы Анар Сүлеева да Азаттыққа прокуратураға шақыртылғанын хабарлады.