Жұбаныш Жексенұлы: Қазақ әнінің қадіріне жете алмай келеміз...
2016 ж. 19 мамыр
7270
16
– Жұбаныш, өзіңіздің ең алғашқы ән салған кезіңіз есіңізде ме?
– Менің кіндік қаным тамған жер – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ынтымақ ауылы. Ең алғашқы әнімді де осы туған жерімнің төрінде айттым. Бұл кез аудан орталығы – Шолаққорғанға көшіп келген кезіміз-тұғын. Ұмытпасам, 4-сынып оқып жүргенімде бір байқауға қатысып, бірінші орын алғанмын. Қазір сол әннің әуені де, сөзі де есімде қалмапты.
Шіркін, балалық шақ дегеніңіз ештеңеге айрыбастауға келмейтін ең бір керемет кез емес пе! Ол кезде, шыны керек, аудандық газеттен өзіңнің атыңды оқудың өзі бір бақыт еді. Ондайда қуанышымызда шек болмайтын.
– Облыс орталығы – Шымкентте «Жұбаныш Жексенұлы» деген есімді елге таныту қаншалықты қиын немесе оңай болды?
– Мен Жетісай Гуманитарлық колледжінде білім алдым. Оқу орнында жүріп, ән салып, өнерлі екенімді көрсетуге тырыстым. Елге оңай танылып кеттім дей алмаймын. Шыны керек, жастық шақта ондай мақсатты көздеген де емеспін. Тек жан дүнием әнмен егіздей көрінетін. Шымкент қаласына келіп, Өнер институтында білім жетілдірдім. Сонда облыстық «Қазақстан – Шымкент» телеарнасындағы «Сәлем» сазды құттықтау бағдарламасынан «Өмір-өзен» атты әнімді көрермендердің сұранысына сәйкес қайта-қайта тоқтатпай қайталай беріпті. Содан не керек, өңір жұртшылығы менің әнімді жаттап алған ғой (күліп). Осылайша елге етене таныла бастадық. Кейін өнер ордасы – Алматыға келуді ұйғардым.
– Бір сұхбатыңызда: «Өнерге кездейсоқ келгендер көңілімді қалдырды» деген екенсіз...
– Эстрада дегеніміздің өзі көп жанрлы сахналық өнердің бір түрі. Эстрадалық музыка деген думан кештерге арналған «электрлі» музыка. Қазір біздің әндеріміз думанды шоуға емес, той-томалақтың төңірегінде қалып отырғаны көңіл құлазытады.
Негізінен, әннің мәтіні сауатты, әрі жоғары деңгейде болуы керек. Өйткені біз, бір ауыз сөзге тоқтаған халықпыз. Біз не үшін Шәмшінің, Естайдың әндерін әлі күнге дейін орындап жүрміз? Себебі, ол әндердің мәтіні мазмұнды. Тіпті, қазіргі кейбір әндерді тыңдауға құлақ ауыратын деңгейге жеттік. Мұндайға қалай ренжімейсің. Тіпті, осындай не болса соны, ән қылып айтып жүргендер мүлде кітап оқымағандай көрінеді маған. Өзге елдердің әнін алдық делік. Бірақ оны не үшін сөзбе-сөз аударуға құмармыз, осы?! Қазақтың тілі бай емес пе?! Осынау мол сөздік қорымызды өз кәдемізге жарата алмағанымыз жаныма қатты батады.
– Тойға шақыратындар көп пе?
– Аллаға шүкір дейік, тойға шақырулар болып тұрады. Тойда да баяу әндерді ұнататындар бар.
– Алдағы уақытта да осы бағыттан таймайсыз ба? Жоқ әлде стиліңізді аздап өзгерту ойыңызда бар ма?
– Меніңше, өнер адамдарына бір бағытта қатып қалған жараспайды. Сондықтан да, өзіңді жан-жақты таныта білгенге не жетсін?! Алдағы уақытта мен де өзімді өзгеше қырымнан көрсеткім келеді. Яғни, халықтың көңілін көтеретін, әдемі әндер айтсам деймін. Бірақ барынша сауатты ән шырқайтыным анық.
– Тәуір қызмет табылса өнерден кететіндігіңізді айтқан едіңіз... Ал, кеткен жағдайда қандай жұмысты атқара алар едіңіз?
– Иә, бұл пікірді бір сұхбаттың барысында айтып қалғаным рас. Ол кезде шыны керек, бір нәрсеге ашуланып тұрған едім. Тәуір жұмыс шықса, әрине, бас тартпаймын. Бірақ бұл менің өнер әлемінен түбегейлі қол үзетіндігімді білдірмейді. Мәселен мен келешекте кәсіпкерлікпен шұғылдануым мүмкін. Бірақ ән айтуды ешқашан тастамаймын. Өйткені, бұл жүрегімнің қалауы. Мен қалайда халықтың көз алдында жүруім керек деген бағытты ұстана бермеймін. Жылтыраған бейнебаяндар түсіріп, көгілдір экраннан қайта-қайта жылтыңдай бермейтінім де содан. Бірақ концерттерге шақырса, міндетті түрде қатысуға тырысамын.
– Әріптестеріңіздің көбі өздерінің жеке өнер мектептерін ашып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Ондай ой жоқ па?
– Жақын арада өнер мектебін ашу жоспарымда жоқ. Өнерімді әрі қарай өрістетсем деймін. Яғни, жаңа әндер жаздырып, шығармашылығымды одан әрі дамыта түсуді мақсат етіп отырмын.
– Ең жаңа әніңізді атап өтсеңіз...
– Жақында ғана Фариза Оңғарсынованың сөзіне, Бақытжан Қажымұқановтың әніне жазылған «Сүйгендер бақытты» атты ән жазылды. Ең жаңа әнім деп осыны айта аламын.
– Жұбаныш, осы сіз журналистер қауымына көп ренжитін әншілердің бірісіз. Неге?
– Өйткені, қазіргі журналистер... бәрі емес, әрине, біраз бөлігі жеңіл-желпі нәрсеге әуес. Түймедейді түйедей қылып шығарсам ғана жазған дүнием оқылады деп ойлайды. Айналып келгенде, кейіпкерінің айтып тұрған әңгімесі басқа, образы басқа болып шығады. Осындай жәйттерге өзім де қаншама рет тап келдім. Журналистердің жіберген олқылығының салдарынан халықтың арасында мен туралы қандай да бір теріс көзқарастың қалыптасқанын қаламаймын. Кейде түкке тұрғысыз бір нәрсені сұрайтын тілшілермен де тілдесуге тура келеді. Мұндай сәттерде кәдімгідей қарным ашатынын да жасырмаймын. Сондықтан да, журналистер халыққа дұрыс ақпарат тарату жолында еңбек ететіндіктен, олардың әрбірі осынау зор міндетті абыроймен атқарса екен деймін.
– Жұрт сізді тележүргізуші ретінде де біршама біледі. Қазір неге көгілдір экраннан көрінбей кеттіңіз?
– Тележүргізуші болып бір емес, бірнеше хабар жүргізгендігім бар. Өзім жүргізген барлық хабарым көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Бір жолы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Ұлттық шоу» хабарының кезекті бір санын жүргізуге дайындалып тұрғанмын. Хабардың қонағы – қазақ поэзиясының падишасы, қазақтың танымал ақыны қызы – Фариза Оңғарсынова еді. Хабар барысында сценарий бойынша алдын-ала дайындалған сұрақтар қойылуға тиіс еді. Бірақ дайын сұрақтар көңіліме қонбағасын, апамның қасына барып: «Апа, мен қазір өзіңізге қазақ әдебиетінің кешегі және бүгінгі жәй-күйі туралы сұраймын» деп бірауыз құлағына сыбырладым. Сөйтіп, екеуара келісім жасасып қойдық. Мұнымды режиссер байқап қалып, сценарийдегі сұрақтарды қоюымды талап етті. Маған шегінерге жол қалмады. Содан не керек хабарды «Музаңыз кім болды?», «Бәлен жылғы жазылған өлеңіңіз кімге арналған?» деген секілді сауалдармен бастауыма тура келді. Мұны тыңдап тұрған Фариза апам: «Жұбаныш-ау, есі дұрыс адам осындай сұрақ қоя ма?» деп өзінің көңілі толмай тұрғанын білдірді. Шыны керек, осы сәтте қатты ыңғайсыздандым. Сөйтіп, «Ұлттық шоу» хабарын жүргізуден өзім бас тарттым.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz