Білім және ғылым министрінің байлығы қанша?
2016 ж. 14 мамыр
4243
1
Нұралы Бектұрғанов, Шәмші Беркімбаева, Жансейіт Түймебаев, Бақытжан Жұмағұлов, Бірғаным Әйтімова, Жақсыбек Құлекеев, Қырымбек Көшербаев, Владимир Школьник, Ғалым Әбілсейітов, Аслан Сәрінжіпов... бұл Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде Білім мен ғылым министрлігін басқарып, әр қайсысы бір-бір реформа жүргізіп шыққан министр мырзалар мен ханымдардың тізімі. Жоғарыда аталғандардың кейбірінің есімдері ел құлағынан суып кетсе, кейбірі үшін БҒМ карьералық өрлеудің кезекті баспалдағы ғана болғаны жасырын емес. Реформатор Аслан Бекенұлының бастамаларын есептемегенде, әлгі министр жолдастардың не бітіріп, не тындырғаны естеріңізде ме? Әй, қайдам...
Жақында «radiotochka.kz» сайты Қазақстанның Білім және ғылым министрінің креслосына соңғы болып отырған Ерлан Сағадиевтің өзі және отбасының дәулетін есептеп шығыпты. Ерлан Кенжеғалиұлы бұл орынтаққа бар болғаны ақпан айында отырса да, қазірге дейін Елбасы мен Үкімет алдында өзінің белсенді реформатор екендігін дәлелдеп үлгерген.
Биографиялық анықтамалық:
Ерлан Кенжеғалиұлы 1966 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген.
1990 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша аяқтап, 1993 жылы АҚШ-тың Миннесота штатындағы Миннеаполис университетінде магистрлік білім алған (Министрдің сол университеттегі "жетістіктері" туралы алдағы уақытта кеңірек тоқталып, жазатын боламыз).
Ғылыми дәрежесі – ғылым магистрі.
Еңбек жолын 1990 жылы Сыртқы істер министрлігінің Қолданбалы экономика департаментінің халықаралық экономикалық қатынастарды дамыту жөніндегі екінші хатшысы лауазымынан бастаған. Дүниежүзілік банкінің ауыл шаруашылығы департаментінің ахуалын талдау жөніндегі ассистенті, Шығыс Еуропа, ТМД елдерінің кураторы болған (АҚШ, Вашингтон қ.). 2003 жылдан бастап 2009 жылға дейін «Жаңа технологиялар. Қазақстан» АҚ-ның Директорлар кеңесінің төрағасы болып, бас директордың лауазымын атқарған. 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 2014 жылдың ақпан айынан тамыз айына дейін Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болды. 2014 жылдың тамыз айында ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары болып тағайындалды. Еліміздегі Халықаралық IT университеті мен Халықаралық бизнес университетінің негізін қалаған.
Сонымен қатар, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты бақылаушы-сарапшы қызметін қатар атқарады.
Ата-анасы:
Анасы – Кішкенова Нағитай Әбітайқызы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Әкесі – Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев, экономика ғылымдарының докторы, профессор, 3-4 шақырылымдағы ҚР Мәжілісінің депутаты. 1994-96 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті болған. Пәкістан ғылым академиясының мүшесі, АҚ «МУИТ» IT-университеті директорлар кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, Кенжеғали Әбенұлының немересі – Бауыржан Ерболұлы да аталған университеттің директорлар кеңесіне мүше екен (IT IT-уверсиетіне бакалаврды оқыту үшін жылына мемлекеттен 500 грант беріледі).
Айтпақшы, «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» мен «Халықаралық бизнес университеті»(UIB), Ерлан Сағадиевтің балаларының дәулеті әм сәулетін көрсетеді. Сондай-ақ, АҚ «МУИТ» - «Зерттеу және жобалау институты» бөлімшелерінен түсетін салық 132 мың мен 161 мың теңгенің төңірегінен аспайды.
Ал жаңағы айтып отырған МУИТ «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім қорының» еншілес ұйымы болып табылады (2004.04.13) және UIB-consulting ЖШС ретінде аффилирленген.
Аталған ЖШС-нің жылдық салық төлемдерінің кестесі төмендегідей:
2010 ж. – 316 мың.
2011 ж. – 322 мың.
2012 ж. – 608,9 мың.
2013 ж. – 582,6 мың.
2014 ж. – 738 мың.
2015 ж. – 0,00 тг.
2015 жылдың қорытындысы бойынша 0,00 теңге салық төлеген аталған ЖШС-нің негізін қалаушы деп министр Ерлан Сағадиевтің анасы – Нағитай Кішкенова көрсетілген. Оның бірінші орынбасары – Гүлнара Нұрмұханова ханым. Гүлнара ханым жоғарыдағы «Нархоздың» да серіктес мүшесі ретінде тіркелген екен. Бұл Болат Өтемұратовтың Fortebank-інің аффилирленген құрылымы болып саналады.
Сонымен қатар, Нағитай Әбітайқызы – 2003 жылы тіркелген «Болаш» ЖШС-нің серіктесі екен. Бұл серіктестік – жылжымайтын мүлік саудасымен және түрлі тауарлар тасымалдаумен айналысады.
Ерлан Сағадиевтің шешесі басқарып отырған екінші ЖШС-нің жылдық салықтық төлемдерінің кестесі:
2010 ж. – 422 мың.
2011 ж. – 469,5 мың.
2012 ж. – 415,7 мың.
2013 ж. – 456,1 мың.
2014 ж. – 460,1 мың.
2015 ж. – 460,6 мың теңге.
Сонымен қатар, министрдің мамасының меншігіне «Халықаралық бизнес университетінің» жарты акциясы тиесілі екен. ЖШС 2010 жылдан бері қарай Мемлекет қазынасына 1 677 089,3 мың теңге салық төлеген.
Бауыры – Нұрлан Кенжеғалиұлы Сағадиев - ILS edutainment ЖШС негізін қалаушы және меншік иесі.
Аталған ЖШС ең соңғы рет осыдан алты жыл бұрын 2010 жылы 613,6 мың теңге және 2011 жылы 230,1 мың теңге салық төлепті. Одан кейін бес жыл уақыт өтсе де бюджетке бір тиын да аударылмаған.
Министр мырзаның екінші бауыры – Ербол Кенжеғалиұлы – 2009 жылы логистика және сатумен айналысатын «СК-Фармация» ЖШС-нің директоры болып тағайындалған.
Сағадиевтер отбасының дәулеті қысқаша айтқанда осындай.
Ал Қазақстан біліміне астаң-кестең революция жасауға талаптанып жүрген министр Ерлан Сағадиевтің есімі өткен жолғы Панама офшорларының тізімінен бір-ақ шыққан еді.
Шетелде ақша жасырғаны әшкереленгеннен кейін ол кезде бизнеспен шұғылданғанын айтып ақталған миристр өзінің шетелдік компаниялардағы акцияларын түгелдей сатып жібергенге ұқсайды. Қазір ол министрліктен өзге ешбір кәсіп көзі жоқ екенін айтып жүр.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz