Тұманың тұнығындай тума талант
2016 ж. 12 мамыр
9101
17
Қазақтың музыка әлемінде өзіндік ерекше орны бар, тамаша әндерімен тыңдармандарын тамсандырып келе жатқан Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, журналист, шәмшітанушы-музыка зерттеушісі Қалдыбек Құрманәлі ердің жасы – елуге толып отыр. «Қариялар азайып бара жатыр», «Кірмеші жиі түсіме», «Жайықтың толқындары», «Шай ішіп кетсем, қайтеді?» «Сырдария жағалауы», «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу»секілді көптеген әсем әндері әрбір қазақтың жүрегіне жол тауып, өшпестей жатталып қалған композитор Қалдыбек Құрманәлімен сұхбаттасқан «Қазақ үні» газеті тілшісінің әңгімесіне құлақ түрелік...
БІЗ ҚАЛАЙ «БАУЫРЖАН МЕН АЛЕКСАНДР БЕК» АТАНДЫҚ... немесе жиырма бес жылдан кейінгі ой
Өмір деген қызық қой, дәп осылай болады деп мен де, ол да ойлаған жоқ шығармыз. Қалдыбекпен алғаш танысқаннан бері табаны күректей жиырма бес жыл жымын білдірмей өте шығыпты. Былайша айтқанда ширек ғасыр. Ширек ғасыр дегеніңіз аз уақыт емес. Қәзіргі адамдардың орта есеппен алғандағы жасы жетпіс бес деп есептегенде бір ғұмырдың үштен бірі екен. Оңай емес-ау! Сол ширек ғасыр ішінде одан кейін әрі кетсе екі-үш рет бетпе-бет кездескен болармыз, одан артық емес. Онда да өзі үнемі ұйымдастырып жүретін атақты Шәмшіге арналған концерт пен ортақ таныстарымыздың жаназасында ғана. Ондай көпшілік жиналған жерде жарытып әңгімелесу қайда, аман-саулықтан әрі аса алмайсың. Бірақ, жиі жүздеспесек те оның шығармашылық өнерін сырттай тамашалап, табысты болуына үнемі тілектес болып жүрдім.
Қалалық «Алматы ақшамы» газеті жаңадан ашылған жылдар болатын. Әлдебір жұмыстарымен редакцияға келе қалған Қалдыбекті әріптесім, талантты ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Қайрат Әлімбеков таныстырған-ды. Еңселі, ешкімді жатсынбай, өзін емін-еркін ұстайтын жап-жас жігіттің кімді болсын баурап алатын мінезі бірден байқалды. Ол туралы азды-көпті естігенім болмаса алғаш көруім. Журналистика факультетінің студенті, жас та болса композиторлығы да бар. Университеттегі, қаладағы ірі мәдени шараларды жүргізетін өнері де аян. Оның үстіне сол кезде дарынды жастарға үлкен демеу болған Жазушылар одағы жанынан құрылған «Жұлдыздар» атты шығармашылық бірлестікке жетекшілік ететін. Қалдыбекпен әңгімеміз сол жерде-ақ жарасып кетті. Газеттің кезекті санында оның суретімен бірге көлемділеу материал да жарияланды. Ертеңінде қолына газетті ұстаған Қалдыбек жетіп келіп, алғысын айтып жатыр. - Нағыз Баукеңнің өзі болып шыға келіппін, ә! - дейді жас баладай қуанышын жасырмай. Бұл мен туралы шыққан алғаш сұхбат дейді оған қоса. Ол кездер Бауыржан Момышұлын бәріміз де пір тұтатынбыз. Әлі де солай. Ол туралы жазылған алақандай ғана хабар шыққан газетті іздеп тауып жарыса, таласа оқитынбыз. Бәріміз де соған ұқсауға тырысатынбыз. Бірақ, оған жету қайда! Дегенмен ұқсап баққанның айыбы жоқ. – Сіз Баукең туралы алғаш жазған Александр Бек болыңыз,- дейді Қалдыбек бір керемет жаңалық ойлап тапқандай шаттана. Келістік. Қол алыстық. Сөйтіп, бір сәтте біріміз - «Баукең», екіншіміз - «Бек» болып шыға келдік. Шіркін, жарасымын тапқан көңілге не жетсін!.. Енді міне ширек ғасыр өткенде, халыққа танымал, тыңдармандарының ерекше ықыласы мен сүйспеншілігіне бөленген Қалдыбекпен кездесуге келе жатырмын. Көңілде күдіктің өзі болмаса да, сол құрғырдың көлеңкесі қылаң беріп қояды. Өзім бұрыннан білетін ашық-жарқын «Бәукеңнің», бүгінгі көптің көзайымына айналған кейіпкеріммен бәленбай жылдар өтіп кетсе де ортамызда айтылатын әңгіменің көп екенін ішім сезеді. Тіпті сол жылдар мүлдем болмаған да секілді. Тек қана «Тағы да жиырма бес жыл өткенде ол туралы жазуды Құдай маған бұйырар ма екен?» деген қайдағы бір қаңғыған ой келгенде ғана қиялшыл көңілім су сепкендей басылып, сабама түсіп, есімді жиып ала қоямын...
ӘН ӘСЕРДЕН ТУАДЫ
Оңтүстік өңірдің тумасы Қалдыбектің әкесі Арыстанбек - аймаққа танымал, беделді азамат болған. Жарлығы жер жарған басшы болмаса да еліне сыйлы, көпшілік құрметтейтін қарапайым шопан болып өткен. Өзінің адал еңбегінің арқасында депутат атанып, 1985 жылы қашан көз жұмғанша халыққа қажырлы қызмет еткен. Он екі ұл-қызын тәрбиелеп өсірген ата-анадан бір академик, екі ғылым докторы, бір полковник және белгілі композитор атанған ұлдары қазір - ел мақтанышы. Солардың бірі - Қалдыбек. Осындай ұлағатты әкені жоғалту Қалдыбектей ұлына оңай болмағаны белгілі. 1988 жылы аудандық мәдениет саласында істеп жүрген Қалдыбекке анасы Төлбасының төсек тартып жатып қалуы да қиынға соғады. Иыққа түскен салмақ сананы да езеді. Осындай ауырпалығы мол сәтте Қалдыбек арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың жырларынан жұбаныш іздейтін. Әрбір өлеңінен көркемдікпен бірге өмірдің ащы шындығы шыңғырып тұрғандығын балаң жігіт бірден байқаған-ды. «Неменеге жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» Сол келместің кемесіне мініп кеткен әке бейнесі мен жағалауда өз кезегін күтіп тұрған ана кейпі жүрегін сыздатады. Қолына домбырасын алып, өлеңді қайта-қайта жатқа айта отырып жүректің үнімен үндескен әуен сыртқа лықсып шығады. Сөйтіп бүгін барша қазақққа танымал «Қариялар азайып бара жатыр» атты ән өмірге келеді. Бұрындар ән жазамын деу үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Алғаш тыңдаушысы ағасына айтып берген жас дарын дәп сол кезде кейін кеңінен танымал болатын ән шығардым деп ойлаған да жоқ-ты. Осы ән шыққан соң үш күннен соң анасы да өмірден озады. Балаң жүрек бәрін де алдынала сезген екен. Сол бір көңілге түскен қаяудың әсері, әке-шешесінің орнына мәңгілік жасайтын, өлмейтін ән алып келген еді.
Бұл Қалдыбектің тұңғыш әнінің шығу жайындағы шындық қана. Ал оның таралуы мен танылуының да тарам-тарам тарихы бар. Қазір оның бәрін жинастырып алудың өзі оңай емес. Журналистер қауымының, әсіресе радиода істейтін әріптестеріміздің аузынан тастамайтын мынандай бір аңызға айналған ақиқат бар. Қазақтың ардақты ұлы Дінмұхамед Қонаев атамыздың ел тізгінен қол үзіп, демалысқа шыққан кезінде болған екен. «Қариялар азайып бара жатыр» әнін алғаш тыңдағаннан аңсары ауған атамыз осы әнді радиоға хабарласып, жазбасын тауып беруді сұрайды. Бірақ, атын дөп басып айтпайды. Қариялар туралы бірнеше әнді көшіріп әкелген журналист әкелген әндерді Қонаевқа тыңдата бастайды. «Бұл емес» дейді әрбір әнді тыңдаған сайын. Кезек Қалдыбектің әніне жеткенде «Міне, осы!» деп қуанып кетеді. Кейін өзінің сексен жастығын тойлағанда осы әнді алғаш орындаған белгілі әншіміз Майра Ілиясованы Бақанасқа арнайы шақыртып орындатқан екен. Бұл бір әннің тарамданған тарихының бір бұтағы ғана.
ЖАҚСЫ ӘНГЕ ӨЛЕҢ СӨЗДЕРІ ӨЗІ ӨРІЛІП ТҰРАДЫ
Әнге мәтін жазудың майталман шебері, белгілі лирик ақын, марқұм Ибрагим Исаевтың айтқан жүрекжарды бір сыры еріксіз еске түседі. Әңгіме ән мәтіні туралы болған бір сәтте, сазгерлерден тапсырыс жиі түсіп тұратынын айтып, ағынан жарылған-ды. Бірақ, әнге өлең жазудың машақаты аз еместігін де жасырмады. Ол үшін музыканы жаныңмен түсініп, соған орай өлеңнің мазмұны мен ұйқасын ұштастыруың керек, онсыз жүрекке жетер жақсы ән өмірге өлсең де келмейді деген-ді әдеттегідей өзінің бәсең үнімен. Бірде бір композитор әніне өлең жазып беруді өтінген екен. Әуенін әрі тыңдап, бері тыңдап түсіне алмаған Ибрагим өлең жаза алмайтынын ашық айтыпты. «Онда былай етсем қайтеді?» деп аяқ астында әуенге өз өзгертулерін ұсынады. Бірақ, бәрібір ұнамайды. Ақыры ештеңе өнбейді. «Қалдыбектің әндері өлеңге өзі сұранып тұрады. Өйткені жүректен шыққан әндер. Бұл өнер күштегенді көтермейді. Жалпы жақсы әнге өлең сөздері өзі өріліп тұрады» дейтін белгілі ақын.
АУЫЛДАҒЫ АНАНЫҢ АМАНАТЫ
Күміс көмей әншіміз Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Кірмеші жиі түсіме» әнін білмейтін қазақ жоқ. Өнерді түсініп, талдай білетіндер әннің әуені, сөзі және орындалуы үйлессе ғана жүрекке жол табады дейді. Расында да солай екен. Дәп осы әнде жаңағы айтылған үш талап та сақталған. Содан да болар, сонау 1991 жылы алғаш орындалған кезден осы күнге дейін ел аузынан түсіп көрген жоқ. Белгілі қаламгер Ермұрат Бапи шырайлы Шығыс өңірінде туып өскен. Қазіргі бәріміз сияқты арман қуып Алматыға келіп, оқуын бітірген соң қызмет бабымен қалада қалып қойғандардың бірі. Алыстағы ауылына барған сайын анасы «Балам, осы сен «Кірмеші жиі түсіме» әнін жазған адамды білесің бе? Білсең, барып жолығып, осы әні үшін анаңның алғысын жеткізіп, менен сәлем айтшы» дейтін көрінеді. Бұл қу тірлік жан-жағыңа мойын бұрғызған ба? Қызметтегі адамның әрбір күні, әрбір сағаты санаулы. Қалдыбекпен жолығудың бір сәті түспей-ақ қояды. Кейін Ермұраттың анасы қайтыс болып, Алматыда арнайы ас бергелі жатқанын естіген Қалдыбек көңіл айтуға өзі арнайы барады. Қалдыбекті көрген Ермұрат «Алыстағы ауылда тұрған анамның көзі тірісінде айтқан аманаты бар еді. Сенің «Кірмеші жиі түсіме» атты әніңді тебірене отырып тыңдайтын. Өзіңе арнайы барып, аналақ сәлемімді, алғысымды жеткіз деп еді. Кеш те болса сол аманатын жеткізіп, парызымнан құтылайын» деген екен.
АУЫЛЫН АҢСАТҚАН ӘН
Бірде Шымкенттен ауылына бет алған Қалдыбек, қаладан шыға беріс тұстағы жанар-жағармай бекетінен көлігіне бензин құйып алмақшы болып тоқтайды. Қасында тұрған көліктен көркем келіншек шығып ізетпен сәлем береді. Жыға танымаған бұл аңырып тұрып қалады. - Сіз мені танымайсыз,- дейді ол Қалдыбектің таңырқаған кейпін көріп. -Сіз композитор Қалдыбек Құрманәлісіз ғой? Мен Гүлжан деген қарындасыңыз боламын. Сіздің әндеріңізді сүйсіне тыңдайтын тыңдаушылардың бірімін,- дейді де машинада отырған жолдасын шақырады. – Мақсат, мына кісіні танисың ба? Сен жолшыбай қайта-қайта тыңдаған «Сырдария жағалауы» әнінің авторы – Қалдыбек ағамыз. Алматыдан Сыр бойындағы туған ауылына келе жатқан Мақсат кәсіпкер екен. Ауылына бармағалы бір-екі жыл болыпты. Әдетте жиі-жиі қатынап, әке-шешесінің басына құран оқып қайтатын кәсіпкердің соңғы жылдар жұмыстан қолы бір босамаған көрінеді. Күні кеше ғана Гүлжан осы ән жазылған күйтабақты тыңдатысымен лезде жолға жиналыпты. Әсерлі ән жігіттің жүрек қылын шертіп, көзіне жас алдырып, ауылына жетелепті. «Қалдыбек аға, ауылға жүріңіз, құрметті қонағымыз боласыз» деп жата жабысқан Мақсатқа алғысын айтып, ауылға апарар жолға түскен-ді. Көз алдынан екі жас көпке дейін кетпей қойды. «Әннің де осындай құдіреті болады екен!» деген болатын іштей. Өнерге еш қатысы жоқ кәсіпкер жігітке де риза еді.
ҚАРАШАҢЫРАҚ
«Бір кездерде Алматыға жету қандай қиын болса, Алматыдан кету де сондай қиын болды.» Бұл осы ару қалада отыз жылдан аса өмірін өткізген Қалдыбектің өз сөзі.
Ия, Алматы аяулы қала, оны бір көрген адам ешқашан ұмытпайды. Талай-талай жастардың болашағына жол ашқан арман-қала. Алматыны қиып тастап кету қиынның қиыны. Ол да өмірінің ажырамас бір бөлшегі. Содан да болар, Қалдыбек жай ғана қоштаспай «Алматым - әнім, тағдырым» атты сүйікті қаласына деген тебіреніске толы жаңа бір әнін арнады. Сөзін жазған белгілі ақын Қасымхан Бегман. Алматыдай ару қаланың тұрақты тұрғыны болғанмен Қалдыбектің жүрегінің түкпірінде жатқан туған ауылы Тасқұдық өзіне бір тыным беріп көрген емес. Кіндік қаны тамып, топырағында аунап өскен Тасқұдыққа келген сайын ата-анасы он екі бала тәрбиелеп өсірген қарашаңырақтың бос қаңырап, көз алдында қирап жатқаны жанына қатты бататын. 2013 жылы барғанда Қалдыбек ауылға біржола көшемін деп соңғы берік шешімге келді.
Көшіп келе салу оңай, бірақ ауылда тұру қиын екенін сезді. Алдымен қара шаңырақтың орнына жаңа үй тұрғызып, ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету қажет болды. Сол кездерде 63 үйлі Тасқұдықты «болашағы жоқ ауылдар» қатарына кіргізіп те үлгеріпті. Ұңғыма қазғызып, бүкіл ауылға су тартылғанда Тасқұдық тұрғындарының үміт оты жылт еткендей болды. Аудан, облыстағы түрлі мекемелерді аралап, ауылдың болашағы бар екенін дәлелдеуге де тура келді. Толып жатқан құжаттарды жинастырып, жөнге келтіру де көп уақыт алды. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қабылдауында болып, қолдауын да көрді. Ауылға он шақырым асфальт жол салынып, газ да жүргізілді. Адамдардың ауылдан көшуі де біржола тоқтап, керісінше үш жыл көлемінде 12 шаңырақ қоныс тойын тойлады. Екі қабатты мектеп пен спорт залы салынған соң халықтың туған жеріне деген сенімі ұялады. Енді сусыз қаңсып жатқан мыңдаған гектар егістікке жан бітіру керек, оның да шешімі табылды. Ерте көктемде Шаян өзені асып тасып, жалғыз «Қапшағай» су қоймасын лық толтырған кезде артық суды босқа ағызып жіберетін. Сол су Тасқұдық ауылының егістігі үшін ауадай қажет болатын. Шешім біреу - жаңа су қоймасын салу. Сол су егістікті жаз бойы суаруға емін-еркін жетеді. Ол үшін құрылыстың жобалау-сметалық құжаттарын дайындатқызып, қаржылық мәселесін шешу керек. Оның да сәті түсті. Енді құрылыс басталмақшы. Тұншығуға шақ қалған Тасқұдық ауылының тынысы қайта ашылғандай. Қайта түлей бастаған туған ауылының бүгінгі кейпі Қалдыбектің құлазыған көңілін қалпына келтірді. Ата-мекен аман қалды, қарашаңырақ қайта бой көтерді. Демек, өмір жалғасуда...
СӨЗ СОҢЫНДА
Алғашқы танысқаннан арада ширек ғасыр өткенмен, жатсынбай шер тарқасып, бірер сағат шүйркелестік. Рас, кейіпкерімнің басынан одан бері де талай жағдайлар өткенін, өмірдің небір бұралаң жолдары артта қалғанын аңғардым. Сол жылдардың Қалдыбек үшін босқа өтпегені қуантты. Өзінен өрбіген ұл-қыздарын тәрбиелеп, туған ауылының қайта түлеуіне мұрындық болып, Шәмші шығармашылығын зерттеп, өзі де отызға тарта ән жазып үлгеріпті. Қалдыбектен бір мүшел жас үлкен болғандықтан ба, оны сол баяғы жалынды жас жігітке балап, алар асуы әлі де алда ғой деген сенімім басым. Ләйім, солай болғай да! Сөйте тұра «Енді жиырма бес жылдан кейін...» деген ой тағы да санама сақ ете қалды. Бұл жолы көкте қалықтаған қиялым селк етпеді. Алдағы жиырма бес жылды да жатсынбайтындаймын. Көз алдымда – сәні келіскен сахна, зал толы көрермендер, ортасында өзім де отырғандай сезінемін. Тыңдармандарын тебіренткен Қалдыбектің жаңа әндері құлағыма анық жетіп тұрғандай. Жүректен жылы ағын жылыстап, өн бойыма тарап жатқандай. «Жаратқан ием соған жеткізсін!» деп іштей қайта-қайта тілей бердім...
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті
Лебіздер
Ибрагим ИСА
АСЫҚПА
Қалдыбек Құрманәлиевке
Алыстап барып қайтамын саған, Сырымның бәрін айтамын саған. Өзіңді іздеп келемін-дағы, Жете алмай үйге қайтады шамам.
Шын сағынбасам, іздемес едім. Атыңды іздеймін түзде де сенің. Атын берем деп уәде бердің ғой, Мен өліп қалсам бір көшенің.
Қабағыңа қарап қорқамын, інім. Өзіңе келдім, ортамын бүгін. Таланттардың арқасы бар ғой, Аман жүрші әркез, арқалы інім.
Жаны ашитынды жағалап барам, Шашыңа қарап аға деп барам. Үлкендерден де қаймықпай жүріп, Өзіңді көрсем бала боп қалам.
Жетпей жүр әлі қашыққа демім, Өзімнен өзім қашып келемін. Келеді саған «аман жүр!» дегім, Келеді саған «асықпа!» дегім. Шын сыйлай білсең, бауырым менің, Жүрегімді саған шашып беремін.
Қазыбек ИСА
ІЗІНДЕ ЖҮРСІҢ ІЗГІ ӘННІҢ...
Қалдыбекке
Шаянға барса әншімін демес кім-кімде, Шардара барған шайырмын демес бұл күнде. Сәнімен емес әнімен әркез сүйкімді, Ақкөңіл досым, Алға бас, дәйім, іркілме!
Еріп ең маған есімді жимай жүргенде, Ескертулерден есейген жеттік күндерге. Жырымды менің түсінбейтіндер жетеді, Әніңмен ал сен әйгілі болдың бір демде...
Мен тұрған кезде жатақханасында қыздардың, Шықпайтын едің, Сол кезді ойлап сыздар мұң... Із қалдырмаған жерің жоқ сенің қайда да, Ізінде жүріп ізгі әннің...
Әрқашан солай, әнменен әсем жыр егіз, Сұлулар суық болмайтын бізге, білеміз. «Ұмытпа мені, аяулым» дейміз қыздарға, Өзіміз бірақ ұмытып кетіп жүреміз...
Арманға біздер жетерміз бәлкім, аңсаған, Қалықтап жүріп, жазарсың әлі қаншама ән... «Қариялар бүгінде азайып бара жатқан соң» Аз ақылымды айтып та қоям мен саған...
Қайыққа барған... Айыпқа қалған кештерің, Кеткен жоқ босқа, Өлеңмен бірге өскенің... «Ән аға» жайлы шедевр әнді жаздың да, Шәмшінің алдың ескегін...
Көз тартып тұрған көрікті сондай күзгі алма, Жұлынып қалса Ұрынып қалмай ызғарға... Сұлулар саған өңіңде ғана керек пе, «Кірмеші, жиі түсіме» дейсің қыздарға.
Кездестің елмен сарайда сәнді міне, кең Өткенің менен көктеміңді енді жыр етем. Алыстан іздеп, «Қиялдап жүрген қалқашың» Көрші ауылдағы аулада ойнап жүр екен...
Күрес қой өмір, Күндерің өтер жарыспен... Шаршаған кезде сырласып қайтқын Арыспен... Әнші боп кетпе әріптестерің секілді, Қой қайтаратын дауыспен...
Жұлдызды түнде гүл қызды біздер ән қылып, Қалада қатал Қайтушы ек ұзақ қаңғырып. Айтушы ек өнер туралы таңға-таңды ұрып. Жаңғалақ досым, Жасайсың қанша, білмедім Ал, әнің болсын мәңгілік!
1998 жыл
qazaquni.kz