Елордада қоғамдық көлікте электрондық төлем жасау жүйесі жақында іске қосылады
2016 ж. 16 сәуір
1893
0
Елорда әкімдігі ғимаратында өткен Қоғамдық кеңес отырысында Жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері қалалық қоғамдық көліктерде электрондық төлем жасау жүйесі (ЭТЖЖ) карталарын қолданысқа енгізу туралы баяндады.
Аталған жобаны мамыр айында іске қосу көзделген.
«Біз азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін арнайы мәліметтер базасын жасап, карталарды дербестендірдік. Олар автобустармен тегін жол жүреді. Бұл ретте валидация жасауға, яғни автобуста картаны пайдалануға міндетті. Оқушыларға да дербес карталар беріледі, оны жазғы демалыс кезінде 30-шы тамызға дейін қолдануға болады», - деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан.
Елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарлағандай, карталарды арнайы белгіленген орындарда және жүргізушілерден сатып алуға болады. Егер жолаушының картасы болмаса, ол жолақыны жүргізушінің жанындағы терминалмен электронды карта арқылы немесе қолма-қол ақшамен төлейді. Автобус жүргізушісінің және әрбір есіктің жанына валидатор орнатылады.
ЭТЖЖ жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға мүмкіндік береді және осы саланың айқындылығын қамтамасыз етеді.
Дерек көзі: ҚазАқпарат