Жер сатуға қарсы митинг өткізу жоспарлануда
2016 ж. 15 сәуір
5717
2
Атыраулық азаматтық белсенділер 14 сәуірде қала әкімінің атына әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатқан ауылшаруашылық жерлерінің сатылуына қатысты мәселені халықпен ақылдасу үшін митинг өткізуге рұқсат сұраған өтініш берді. Рұқсат етілген жағдайда митинг Атырау қаласының Исатай Махамбет атындағы орталық алаңында 24 сәуір күні сағат 14.00-де өтеді деп жоспарланған.
Митингіні ұйымдастырушылардың бірі белсенді Макс Боқаевтың Азаттыққа айтуынша, наразылардың басты мақсаты - "Қазақстан жер кодексіндегі кемшіліктер мен қарама қайшылықтарды түбегейлі жою үшін халықтың қолдауын табу".
- Қазақстанда бос жатқан жер жоқ. Бірақ олар біреудің иелігінде. Олар (үкімет - ред.) соны жалға бергісі келеді. Біз оны (қандай бос жатқан жер телімдерінің инвесторларға берілетінін - ред.) білуге тиіспіз, - деп мәлімдеді Макс Боқаев Азаттыққа.
Азаматтық белсенділер Facebook әлеуметтік желісі арқылы таратқан хабарламаларында жерді шетелдіктерге сатқызбауға шақырды.
14 сәуірде ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков заңға сәйкес жерді тек Қазақстан азаматтары мен жергілікті компанияларға сатуға болатынын айтқан.
Қазақстандағы жерге қатысты халықтың алаңдаушылығы наурыздың соңындағы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны туралы мәлімдемесінен соң үдеп кеткен. Үкіметтің жоспары бойынша жерді жалға алып пайдаланып жатқандарға жерін кадастрлық бағасының 50 пайызы шамасына тең бағаға, 10 жылға бөліп төлеу шартымен сату қарастырылған.
Дерек көзі: azattyq.org