Мұхтар ШЕРІМ. «Сирға кетім.»
2016 ж. 12 сәуір
3491
0
Түнде тас қылып, сезімге мас қылып қыбырламай , жыбырламай құшақтап жатқанмын. Таңертең тұрсам, кетіп қалыпты! Бетіме майкісін жауып кетіпті! Оңбаған десе! Иіскеп жатсын дегені ғой! «Сирияға кеттім, пока!» деп тіл хат та жазып кетіпті!
Орнымнан тұра салып, балаларымның арасын қарадым, жоқ, кәстролдің ішін қарадым, жоқ, әжетхананың ішінде жоқ! Зым-зия! Мешітке барып, намаз оқитын, бірақ шалбарының балақтарын кесіп тастамаған еді... Жүрегім сезеді, тошна Сирияға кетіп қалды! Тіл хат жазғаны бекер емес! «Ислам мемлекеті» деген жалған атпен танылған теріс ұйым құрамына қосылу үшін Сирияға кетсе, мына екі баланы кім асырайды, ойбай? Мешітте жүрген уахабистердің алдап-арбауына түсті! О, байымды қойнымнан суырып әкеткен уахабистер! Кіндіктерің айналып, маңдайларыңа шықсын! Тілдерің салаңдап, тізелеріңе жетсін! Қанша қазақтың тағдырына тұз құйдыңдар, сендер? Қанша қазақ соғыс өрті тұтанған Сирияда қаза болды?
Дереу жиналып, нервім қозып, қиналып, аудандық мешіттің бас имамына келдім. Ол кісі жайдары қарсы алды.
–Кетіп қалды! –дедім салған жерден.
–Кім кетіп қалды?
–Аспандағы айым, қойнымдағы байым!
–Сақалбай ма?
–Өткен аптада сақалын қызыл крәскіге бояп тастап едім, соған өкпелеп жүр ме, кетіп қалды..
–Білмедім, шырағым...
–Сіздер не білесіздер осы? Шетел миссионерлерінің иек астында жүргендерін де көрмейсіздер! Газетте солай жазып жатыр! Давай, байымды тауып беріңіз!
–Мен қайдан табамын, жоғалып кеткен адамды?
–Осымен төртінші рет байға тидім. Бәрі Сирияға кетіп қала береді! Екеуі сол жақта өлді. Тауып беріңіз деймін!
–Жылама, келін, жылама! Тиісті мекемелерге барсаңшы.
–Олар маған тауып бере қояды деп ойлайсыз ба? –дедім де, мешіттен шыға жөнелдім. Абысындарым күлетін болды. Дұшпандарым сыртымнан «үретін» болды! «Байы кетіп қалып еді, артынан іздеген де жоқ, тағы бір байға тиіп алады да!» деген сөзге қалмас үшін аудандық салық мекемесінің бастығына кірдім.
–Кетіп қалды... –дедім жыламсырап.
–Кім?
–Өмірдегі сүйеуім, қойнымдағы күйеуім...
–Қайда кетті? Оның бізге қатысы қанша? Не, салық төлемей қашып жүр ме?
–Сирияға! Жихад болмақшы жексұрын!
–Оның салыққа қандай қатысы бар?
–Қайдай білейін, бармаған жерім жоқ... Сізге де кіре салайын деп... Кешіріңіз, –дедім де, кабинетінен шыға жөнелдім. Сосын аудандық өрт сөндірушілер мекемесінің бастығына келдім.
–Кетіп қалды! –деп жыладым.
–Үйіңіз өртеніп, енеңіз ана дүниеге кетіп қалды ма? –деп сұрады ол.
–Жағыңыз қарыссыншы... Енем жақсы адам. Күйеуім кетіп қалды!
–Прокуратураның алдында өртенді ме не?
–Өртеніп өлсе абырой ғой! Сирияға кетіп қалды!
–Сирияның өрт сөндірушілерге қандай қатысы бар? Түсінбедім?
–Мен де түсінбей келіп отырмын ғой!–деп кабинетінен жылай шықтым! Әлі жылап жүрмін! Қазақ бауырларым-ай! Адаспаңыздаршы! Өзге діннің уын ішпеңіздерші! Өзге елде өлгенше, өз еліңде елбең қағып жүріңіздерші! Осылай үйде еңіреп отырсам, күйеуім кіріп келе жатыр! Сөйтсем, жоғалып кеткен сиырымызды іздеп жүр екен ғой! Сауатсыз десе! «Сирға кетім.» деп те жаза ма? Осыны да бір мектептің білдей мұғалімі дейді ау! Жылап отырғанымда мойнымнан иіскеп қоймайды ғой өзі, ей, құрып кетші ары!
qazaquni.kz