АУЫЛ ҚАМЫ – ЕЛ ҚАМЫ
2010 ж. 24 желтоқсан
2203
1
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың бірден бір жолы – ауылшаруашылығын дамыта түсу болмақ. Мемлекет те бұл саланы даытуға ден қойып келеді.
Мәселен, келер жылдан бастап мал шаруашылығын дамытуға мемлекет қазынасынан 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінбек. Қарапайым халыққа берері мол бұл жобаны «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі жүзеге асырмақшы. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайы республикамыздың жер-жерінде өтіп жатқан басқосуларда кеңінен талқылануда. Жақында ғана Қостанайда өткен конференцияда асыл тұқымды ірі қара санын көбейту мәселесі талқыға түсті. Бұл бастаманы Ауыл шаруашылығы министрлігі де қолдап қуаттай түсті.
Ет экспортын жолға қою, мал өнімін алдымен Ресей нарығына жеткізу – негізгі міндеттердің бірінен саналды. Бұл орайда шағын және орта фермерлік қожалықтарға мемлекеттің арнайы бағдарламасы демеу болмақ. Стратегиялық маңызы бар құжат саланың экспорттық әлеуетін арттыруға өз септігін тигізетіні анық.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан шаруаларға тиісті қолдау да көрсетіліп отыр. Шаруаларға ірі қараны сатып алу үшін жылына 6 пайыз үстемемен берілетін насие де әжептеуір көмек болмақ. 50 бас малға дейін ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры қарыз беретін болса, ал мал басы 50-ден көбейсе, аграрлық несиелік корпорация өз мойнына алады. Өткен он айдың ішінде «КазАгро» саланы қолдауға 123 миллиард теңге жұмсапты.
Сондай-ақ, Өскемен қаласында Шығыс пен Кереку өңірінің ірі шаруашылық басшыларының қатысуымен өткен басқосуда да мал шаруашылығының мәселесі басты назарда болды.
Ауылшаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттау бүгінгі нарықтың басым бағыты екені белгілі. Өкінішке орай импорт та, экспорт та әлемдік нарықта өз рөлін айқындай алмай отыр.
Оның үстіне асыл тұқымды мал шаруашылығымен шұғылданатын қожалықтардың саны санаулы болғандықтан, үкімет тарапынан бұл салаға көрсетілер қолдау да күшейе түсті. Арнаулы бағдарлама қабылдануы да осы сөзіміздің дәлелі болмақ. Шағын және орташа фермерлікті дамыту арқылы үкімет өзекті проблемаларды шешудің жолын қарастырмақ. Бүгінгі күні Үкіметтің қолдау қаржысы қазір ұлттық холдингтер, екінші деңгейлі банктер арқылы субсидия, несие түрінде берілуде.
Мысалы үшін «Казагро» желісі арқылы шығыс пен Кереку өңірінің шаруалары 8 млрд теңгенің көлемінде несие алуға қол жеткізді. Агрохолдинг қазіргі таңда агроөндірістің 13 бағыты бойынша ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландырып келеді.
Ет өңдеуге арналған кешендер іске қосылғаннан кейін шығыс пен Керекуде сойылған малдың ет-өнімдерін Ресейге экспорттау жоспарланып отыр.
Елімізде мал шаруашылығының қарыштап дамуы – халықтың әлеуетінің арта түсуіне ықпал етпек.
Гүлмира САДЫҚОВА