ҰЛЫ ҚЫПШАҚ ҰЛДАРЫ ҰМЫТ БОЛМАСА ЕКЕН
2010 ж. 24 желтоқсан
9076
3
Тақыр жерге шөп шықпайды
Атамыз қазақ: «тақыр жерге шөп шықпайды, шыға қалса, көп шықпайды» – деп тегін айтпаған шығар. Тобыл бойына келгенде, сазды Әйетті көргенде ардақты батырлар, аяулы ақындар, еліне елеулі, халқына қалаулы болған азаматтар көз алдымызға келеді.
Қас батырлар Жабағы мен Жаманқара, Жалбыр, қара сөзде ешкімге дес бермеген Наурызбай Қазыбайұлы, қара сөздің ұстасы Бейімбет Майлин, Алаштың ардақтылары Елдес Омарұлы мен Әлжан Байғарин, Сібір Омар атанған Омар Досжанов, сахна саңлағы Елубай Өмірзақов, қазіргі заман қаһармандары Сейітхан Темірбаев пен Леонид Телятников. Ауыл шаруашылық өндірісін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Сапар Ерғалиев. Бұл тізімді одан әрі соза беруге де болар еді. Бірақ, сөзіміз ұзап кетер деп қысқа қайырғанды жөн көрдік.
Тарих қойнауына үнілсек, Қостанай уезіне қараған бұрынғы Қыпшақ болыстары: Дамбар, Қарабалық, Әйет, Шұбар, Сарыой және Арақарағай. Патша үкіметі шығарған «Степное положениеден» кейін аға сұлтандық жойылып, болыстар сайланғаны белгілі. Дамбар болысында бірінші болыс болып сайланған қарта қыпшақ Жанбурабаласы Шүйіншалы деген кісі екен. Одан кейін ұста қыпшақ атақты Қарпық байдың баласы Бекмағамбет болыс болады. Бекмағамбеттен кейін болыстықты үш мың жылқысы бар балуан қыпшақ Жаппас байдың баласы Ахмет алған.
Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, сонда Жаппас бай: «Енді болыстық қырық құлаш шыңырау құдыққа түсті, оны қолында қырық бес құлаш темір арқаны бар адам ғана алар?» – депті.
Ахмет қайтқаннан кейін әуелі қарта Жұмабай деген кісінің баласы Әбдіғапар, одан соң қазыбай қыпшақ Наурызбай бидің баласы Байеке болыс болған. Ал осы шынжыр балақ, шұбар төстердің арғы аталары туралы осы уақытқа дейін жұмған аузымызды ашпай, кейінге қадам баспай, білсек те, білгенімізді айтпай келдік.
Күні кеше жалпақ жерді дүбірге бөлеп, Балқанға дейін барған, Дунайдан ат суарып, ұлы Ұрымға, қызы Қырымға кеткен жауынгер қыпшақтардың тұяғы, асылдың сынығы, жақсының қиқымы қандай сұрқылтай заман болса да, осалдық көрсетпеген. Керісіңше, ірілік танытып, мәрт мінезімен, кесек қимылымен, тура сөзімен көпке үлгі, елге ұйтқы болып отырған.
Солардың бірі қара қыпшақ Қобыланды батырдың тікелей ұрпағы, ту байлап, жауға шапқан Жабағы батыр. Оның қалмаққа қарсы соғыстарда ерекше көзге түскені белгілі.
Жабағы батыр аты елеусіз қалды
Қыпшақ даласына ат қойып келген қалмақтардың үлкен тобы Жабағы батырдың ауылының дәл іргесінде ажал табады. Жасанып келген жауға қарсы қайрат қылып, қойдай қырса да, бұл шақта шау тартып қалған батырдың астындағы атына оқ тиіп мертігіп, аттан құлап түскен батыр жаяу соғысып, қылыштасып жүргенде ту сыртынан атылған оқтан жаралы болады. Жарадан сау қалмасын білген қолбасшы соғыс біткен соң жұртын жиып: «атаңа нәлет қалмақтың өліктерін сасытпай, үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер, ал күні ертең мен ол дүниелік болып кетсем, сол шұңқырдың үстіне оба үйіп, төбеге өзімді жерлеңдер, ата жауымыз тіріліп кетіп жүрмесін, үстерінен басып жатайын» – десе керек. Батыр бабаларының өсиетін ұрпақтары бұлжытпай орындаған.
Жазықтағы жалғыз төбенің қолдан үйілгеніне күмән келтіру қиын. Батыр зираты шынында да қарауыл төбеге ұқсайды. Жабағы батыр елдің шетінде, желдің өтінде жастыққа жантайып жатқандай. Жастығын алып өлген ерде арман бар ма?! «Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің, япырмай!» – деген Абай сөзі осындайда еріксіз ойға оралады.
Бажайлап қараған адамға, жалғыз төбе Жабағы батырдың мысындай, сұғанақ көзін қадаған дұшпанға алыстан көрсетіп жатқан сұсындай.
Жабағы жорықта жалғыз жүрген жоқ, жауға жалғыз шапқан жоқ, дұшпанын жалғыз атқан жоқ. Жанында сенімді серіктері, сайдың тасындай сарбаздары, найзасын жауға тіреген, садағын кезеп шіренгенде аттарын тізерлеткен жаужүрек батырлар болды. Солардың бірі Жаманқара батыр. Ол да қайтыс болар алдында: «Жабағы батырға жақындап барып жатайын, тірлікте дәмді бірге татып едік, жауды бірге шауып едік» – деген тілек айтқан.
Жаманқара балаларының жоқтауы
Қыпшақ шежіресіне қарағанда, қарабалық қыпшақтан тарайтын Танабұғаның екінші баласы Қошалақтан Тақсопы, одан Жолжақсы, ал Жолжақсыдан Жантілес туады. Жантілес найза мен қылыш соғатын әйгілі ұста болған. Ұста аталатын ру осы Жантілестен тарайды. Күні бүгінге дейін атадан балаға мирас болып келе жатқан оның төсі мен балғасын Қарабалық өңірін мекен қылған Құмаш деген үрім-бұтағы үйінде көздің қарашығындай сақтап отыр. Аталған рудың Жантілес аты айтылмай, ұста атанып кеткен. Шежіре бойынша, Жантілес Жаманқараның бесінші атасы, яғни, түп атасы. Тектіден текгі туады деген де рас. Жаманқараның Қарпық, Қараман, Қарман, Тағылшы және Тағылы деген балалары болған.
Орыс құжаттарында 56 жастағы Қарпық Жаманқарин туралы мынандай деректер келтірілген: “Лицом моложе, слишком полный, росту среднего, волосы черные, сын простого киргиза. Кипчакского рода, карабалыцкого отделения... Место кочевания: летнее – в разных местах степи за Новой линией, зимнее – в верстах в 8 от Велико-Петровской станицы. Семейство: шесть жен, два сына и две дочери. Состояние: лощадей около 1000 и очень большие деньги, а также ведет торговлю с Бухарией”.
Қоңырөзек, Жалқарағай, Құла айғыр, Сарқамыс секілді түгін тартса майы шығатын шұрайлы қоңыстарды мекен қылған Жаманқара балаларының ата қоңысын жоқтауы ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды. Ата-бабасынан мұра болып қалған жерден еріксіз көшкен есіл ерлер туралы Сүйірқұл молда «Қара дәптерінде» қара көзден жас шығара отырып жырлаған:
Қарман байдың қонысы Қоңырөзек деген жер екен. Жаманқара ұрпағының ата қоңысын жоқтауында сол қиын-қыстау кезең айқын бейнеленген:
Қоңысы Қарман байдың Қоңыр өзек,
Табиғат көрік беріп қойған безеп.
Мұраға аталардан қалған жерден
Амалсыз ауатұғын келді кезек...
Жаманқара балаларының жоқтауы тарихтың шындығын айтуымен құнды, айтушыны ақын деп танымасақ та, мысалға келтірілген шумақтардың өзінен шешендік, айтқыштық дәстүрді байқаймыз.
“Қазағым, таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетiп, бос қалды бiздiң қойын“ – деп Мағжан ақын жырлаған, халықты қапа қылған зар заман қазақты қысқы қыстауынан, жазғы жайлауынан айырғаны тарихи шындық.
Қоңырөзек, Жалқарағай, қалдың нағып,
Зорлық күш сенi бiзден алды қағып.
Мың-мыңдап жылқы жайған құнарлы жер,
Қайтарып алар заң жоқ мұңды шағып...
Жаз жайлап, қыс қыстаған Мырзакелдi,
Сирек ед ол маңайда оған тең-дi.
Құла айғыр, Жалқарағай бұйраттардай
Босқынға кiм бередi ондай жердi?!
Атақты Жамекеннiң бес баласы,
Ақылды, терең ойлы, мол санасы,
Қуылып туған жерден ауғандықтан,
Кек қайнап, қан боп ақты көзден жасы.
Қарпық бай үлкен ұлы Жамекенiң,
Өзiне нәсiлдерi артқан сенiм,
Ызасы түкбеттiлер өтсе-дағы,
Қарулы ала алмады күштен кегiн.
Көпке мәлiм Тағылшы ердiң аты,
Өжет және ұнамды парасаты.
Әркiмнiң көңiлiне қайғы салды,
Жайылып кетiп оның жазған хаты.
Кенжесi Жамекеннiң Тағылы бай,
Мал-мүлкi тұрмысына болды оның сай.
...
Бiр кезгi Жантiлестiң жiгiттерi,
Өрбiткен Жанғараның түлiктерi...
Мен кезінде жырды қарт ақын Өтеміс Қалабаевтың өз аузынан жазып алған болатынмын. Қарабалық қыпшақтан Шоманақ, Қарсақ, Танабұға, Жолыншы және Жолжақсы тараса, Жолыншыдан Сопы, Сопыдан Қарта туады. Жантілес Жолжақсының баласы. Қартадан Қошқар, Жауар, Мамажар, Мәметек, Әлеке және Әлігеш туады. Жабағы батырдың ата тегін одан әрі таратсақ, Қошқардан Тәуке, Тәукеден Сыма, Сымадан Тоқмәмбет, Ақжігіт, Ақмәмбет. Абылай ханнан бата алған, ақжолтай батыр атанған Түгел батыр осы Ақжігіттің баласы. Түгелден Ипан, Ипаннан Жабағы батыр туған. Ягни, батырдың немересі де атаға тартып батыр болған. Батыр болайын деп ойламаған да шығар, айқасы мен шайқасы көп қысылтаяң заманы қанына тартып туған ұланды батыр қылған.
Түгел батыр – Бейімбет
Майлиннің атасы
Ақжігіт көркем сөздің зергері Бейімбет Майлиннің түп атасы. Таратып айтатын болсақ, Ақжігіттен Өтеген, Қожық, Түгел, Атан, Жобал туады. Атаннан Тәукебай, Тәукебайдан Майлы, Майлыдан Жармағамбет, Жармағамбетген Бейімбет. Сүйтіп батыр туғызған ел ақын да туғызған.
Түгелдің тарихының өзі аса қызық. Ақжігіттің келіншегі босанып, ұл тапқанын естіген жұрт сол кезде Хан ордасына жақын болған Ақжігіттің баласына ат тауып қоя алмайды. Сонда ханның өзі: «Ақжігіттің баласы маған да бала болады, ендеше баланың атын өзім қояйын, есімі Түгел болсын! Төрт құбыламызды түгендеп жүрсін!» – деп батасын беріпті. Түгел ер жетіп, жорықтарға қатысып, ерлігімен таныла бастайды. Жас жігіттің қысылтаяңда жау қашырған осындай бір ерлігіне ырза болған Абылай хан оған: «Не қалайсың? Қаласаң, бағымды да, тағымды да берейін» десе керек. Сонда Түгел: «тағыңызды не қылайын, тақсыр, маған бағыңыз да жетеді. Бірақ, Алла-тағаланың берген бағы басыңыздан аумасын!» – деп жауап беріпті.
Бейімбет Майлин «Бай ермегі» деп аталатын өлеңінде (Б.Майлин.Ел сыры. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1994 жыл, 90 бет) осы өлеңнің кейіпкері Жұмағазы ақсақалдың аузымен Түгел батыр туралы кепті тілге тиек қылады.
«Түгел батыр қазақтың серкесі екен,
Алақанға салатын еркесі екен.
Ел қоңысы ол кезде Сыр, қуаңда,
Құмды, шөлді, сонарды қылған мекен.
Түгел десе түп-түгел ақыл-қайрат,
Булыққан жігер-күші бойда қайнап.
Қатарын бала күннен басып-озып,
Қайтпайтын болат болып шыққан жайнап.,,»
Одан әрі Түгелдің пір іздеп шығып, аруақ қонған Абылай ханға жолығып, тілдескені, кәміл пірден екеуі бірге барып бата алғаны айтылады.
Түгел батырды Би-ағаң жаужүрек батыр ғана емес, елді соңына ерткен ақылы асқан ер есебінде сипаттайды:
«Түгел» деген дауысы жерді жарды,
Ер азамат, бағыланды ертіп алды.
Сарыарқадан бір кәпір қоймаймын деп,
Қалың қалмақ еліне ойран салды...
Б.Майлиннің бұл өлеңі 1923 жылы наурыз айында ауылда, яғни, Түгел батырдың ел-жұрты тұрып жатқан атамекенде жазылған.
Түгелден Ипан мен Жәнібек туса, Түгелдің Абылай хан өз қолынан берген жорық туы кенже балада қалған. Жәнібектен Қарақұл, Қарақұлдан Күсіп, Күсіптен Мырзағали туады. Мырзағалидың Сақтаған және Хасен есімді екі баласы болған. Хасен бұл күндері арамызда жоқ. Аталған сарыала ту оның жұбайы, Таран ауданының орталығында тұрып жатқан Ысқақова Зағипа апай күтіп отырған батыр ұрпағының шаңырағында сақтаулы. Көненің көзін апай біздерді танып, дәретін алып, Құран оқытып барып көрсетті. Қобдиша ішінде жатқан ту күн көзіне көрсетіп ұстаса үзіліп кетердей сүзіліп түр. Туды көрген адамның бойында жігер пайда болады, көз аддыңа самсаған қалың қолдың алдында кетіп бара жатқан батырдың өзі келгендей әсер қалады.
Көнеден қадған екі бірдей жәдігер Түгел батыр мен Жабағы батырдың ұрпағы Рақымберген ақсақалдың үйінде сақтаулы. Өтеміс Қалабаев пен Асылбек Тәшбаев ақсақалдар жазып қалдырған шежіреге және Рақымберген ақсақалдың деректеріне сүйенсек, Жабағы батырдың баласы Бердалыдан Кенжебай туған. Рақымберген Кенжебайдың баласы. Жабағы батырдың туы және өзі ұстаған кісесі осы шаңырақта. Түгел батырдың туы үш бұрышты болса, Жабағы батыр туы төрт бұрышты. Шетіне оюлап өрнектер салынған. Тудың ортасында да өрнектер бар. Ал теріден жасалған кісенің ортасына көз қойылған. Басында ол арада асыл тас болған деп жобалаймыз. Бірақ, кейін тасы жоғалып, орнына басқа бір зат салынған тәрізді.
Абылайды хан көтерген ормандай көп Орта жүз, соның ішінде Бұхар жыраудың сөзіне жүгінсек: қара керей Қабанбай, қанжығалы Бөгембай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек болғаны белгілі. Хан сарбаздарын басқарған қыпшақ сардарлары да аз болмаған. Бірақ, жоғарыда аттары аталған батырлардың ұрпақтарында олардың ұстаған туы қалмаған. Ал кейінгі ұрпаққа мақтаныш етіп көрсетер осындай қасиетті мұраны ғасырлар бойы жоғалтпай, сандыққа салып, сары алтындай сақтап келген Түгел мен Жабағы батыр ұрпақтарына Алла жар болсын дейміз.
Зеңбірек құйған Құлбаба батыр
Ресейдің Челябі облысында тұратын қазақтар Құлбаба батырды да жыр қылып айтады. Құлбаба өмірде болған адам. Орал бойын мекен қылған қазақтар сол кезде кедей-кепшіктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, көтеріліске басшы болған Емельян Пугачевты қаба сақал ақ патша деп атаған. Оның қалың қолына қосылған башқұрт батыры Салауат Юлаевтың туы астында жүздеген қазақ сарбаздары шайқасқан.
Бірде қазақтың бір шоғыр ауылы қазіргі Магнитогорск қаласының маңайындағы Жантас тауына ат басын тірейді. Қанды шайқастан әбден титықтаған, халқы қойдай қырылып, азып-тозған ел осы жерге табан тіреп, өзара ақылдасып, бір тоқтамға келеді. Жаудан қорғануға от-қару керек болғандықтан, зеңбірек құюды үйрену үшін Құттықадам бидің баласы Құлбабаны бас қылып бірнеше жігітті көршілес орыс қалаларына аттандырады. Міне, осылайша зеңбірек құю ісін меңгерген Құлбаба кейін Пугачев жорығына қосылады. Қазақ ұстасы құйған зеңбіректерді қазақ сарбаздары шөгіп жатқан екі түйенің өркештері арасына салып, ататын болған.
Құлбаба туралы атақты ақын Ақсұлу Орысбайқызы толғау жыр шығарған. Жырда:
Әуелде Теміртастың кенін ашып,
Сол кеннен біздің елге темір тасып.
Салдырып ел шетіне қара дүкен,
Темірді сомдап соққан көрік басып,
Болыпты біздің елде Құлбаба атты
Бір ұста еш көрмеген шаршап-жасып.
Темірден шебер болған түйін түйген,
Қызарған көк темірді талша иген...., - дей келіп, оның қолдан зеңбірек жасаған ерліктері де айтылады.
Қантөгіс шайқаста қаза тапқан Құлбабаны қанды көйлек жолдастары тау басына жерлейді. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, ол жерленген жерде құлпытастың орнына өзі құйған зеңбірек қойылған деседі.
Патшаның отарлау саясаты Совет үкіметі тұсында тағы жалғасын тапқаны мәлім. Смағұл Сәдуақасұлы 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 7 және 8 сандарында жарық көрген «Қазақтың азабы аз ба еді?» деген мақаласында: «Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепе-тең. Ал құқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан да төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі орыстар. Олардың кейбіреулері патша заманынан келе жатқан қазақтың ескі жауы...» – деп ашық жазған болатын.
Отыз жетінші жылғы зобаланда да қазақтар қанды қырғынға ұшырады. ĄҚК мұрағатында сақталған № 02754 істегі құжаттарға назар аударсак, Қостанай облыстык УНКВД үштігінің 1938 жылдың 13 акпанындағы қаулысы бойынша Жітікара ауданының Забеловка селосының тұрғыны Нұрхан Мұстафин ату жазасына кесілген. Үкім 1938 жылдың 16 акпанында орындалған. Дәл осы күні белгілі ақын, Жітіқара каласының тұрғыны Сейітжан Бекшентайұлына да «Жітіқара-алтын» прийскісінде үкіметке қарсы үгіт жүргізген бай-молдалар тобының мүшесі деген айып тағылып, оған да осындай үкім кесілген. Сүйтіп, алғашқысы өз елінде Дархан әулие деген атқа ие болған, кейінгісі арқалы ақын болған қос азамат бір уақытта ұсталып, бір мезгілде каза тапкан.
Аталған екі арыс 1990 жылы 22 тамызда акталды. Нұрхан Мұстафинның сол кездегі өмірбаяндық деректерінде оның 55 жастағы Мұдиха және 45 жастағы Айнакүл деген екі әйелі болғаны, қыздары Кәмаш бес жаста, Кәлима бір жаста екені көрсетіліпті. Нұрханның құба қыпшақ екенін біз кейінірек анықтадық.
Өтеміс Қалабаевтың шежіресіне сүйенсек, Қарпық байдың Құрманқұл, Омар, Ахмет, Бекмұхамбет, Дүйсенбай және Уәші деген балалары болған. Бекмұхамбеттен Мірсалық, Әбубәкір, Садық, Жорабек, Әбдібек, Сыздық және Хакім тарайды.
Бекмұхамбет болыстың бәйбішесі – Наурызбай бидің қызы. Бұл туралы орыс құжаттарында мынандай деректер бар:”Имееет двух жен. Первая – дочь зауряд-сотника Наурызбая Казыбаева Мура и вторая – дочь киргиза Коскадама Тутаева Айтока. От первой имеет сыновей Мир-Салиха, Садика, Абубакира и Хакима и дочь Айхану, от второй – сыновей Журабека и Абдибека, дочь Айканы”.
Әбдібектің баласы Сейіт Қостанай облыстық газетінің бас редакторы болып қызмет аткарған, елге белгілі қайраткер.
Болыстар да елге болысқан
Торғай облысы әскери губернаторының штаттан тыс кіші шенеунігі болып қызмет атқарған Бекмұхамбет Қарпықов патша үкіметі тарапынан үш алтын, төрт күміс медаль, алтын сағат секілді сый-құрметке ие болған. Шұбар болысының болыстығы қызметіне 1869 жылы кіріскен. Сонымен біоге оқу орындары мен кітапханаларға қайырымдылық көмек көрсеткен. 1880 жылы соғыста жараланғандарға жасаған көмегі үшін Қызыл крест белгісімен марапатталған. Ресей жерінде аштықтан азап шеккен шаруаларға мал жинау үшін ат салысқан.1899 жылы ол Қостанай уезі бойынша құрметті мировой судья болып тағайындалады. 1902 жылы денсаулығына байланысты өз еркімен отставкаға шығады.
Бекмұхамбет болыс туралы ел аузында сақталған қилы-қилы әңгіме бар.Солардың бірін біз Әділбай деген қарияның ұрпақтарынан өз құлағымызбен естіген едік. Толқып аққан екі өзен – Әйет пен Тобыл бойына орыстардың әлі көптеп келмеген кезі болса керек. Осы күнгі Рудный қаласының маңайындағы коңыста жаппастың Биші деген байы қыстап отырады. Одан сәл әрілеу Әйет өзені жағасында балуан қыпшақ Баяу деген байдың қыстауы болады. Осы екі байдың арасында барыс-келіс, алыс-беріс көбейіп, Баяу бай үлкен баласына Бишінің кызын айттырып, қырық жетіні матап береді. Енді бір жылдан кейін келінін түсіремін деп отырғанда Баяудың баласы қайтыс болады. Баласы өлген бай құдасына барып: «аға өлсе, іні мұра, қызыңды енді кіші балама атастырып, бата жасайық, келінімді бер» – десе, Биші тұрып: «оған қарсылығым жоқ, бірақ, балдыз қалың төлейсің» – дейді.
– Байеке, ондай сөзді қой, құдай қосқан құдамыз. Балам өліп отырғанда, мені тағы шығындатпа» – деген бай сөзіне құдасы көнбейді. Сүйтіп, қызын көршілес алтыбас қыпшактың бір жігітіне бермекші болады. Бұл хабарды естіген Баяу қалың балуанның елу жігітін апарып, жаппасты қамап тұрып, қызды тартып алып, үйіне әкеледі. Содан баласы Жандарды жанына қосып, қыз екеуін Бекмұхамбет болыстың үйіне апарып тастайды. Бұл қорлыққа шыдамаған Биші бай зарын айтайын десе қалың жаппасы жоқ, әрі ойлап, бері ойлап, «жаппастан шыққан төре еді, бір жәрдем кылса, солар қылар» – деп, Аманқарағайдағы Әлмағамбет, Тілеу деген екі төреге барып, «қалың қыпшақ қызымды тартып әкетті» – деп мұңын шағады. Төрелердің екеуі де орыс оқуына жетік кісілер екен. Олар жаппастың жоғын жоқтап, Бекмұхамбет болыс қыпшақтың сөзіне токтап, мұның арты үлкен дауға айналады. Екі жақ араздасып, дау бір жылға созылады. Ақырында Бекмұхамбет болыс пен екі төре Қостанайда кездесіп, дауды бітірейік деп келіседі. Бітім түрі мынаған саяды. Үлкен жиналыс жасалып, жаппас пен қыпшақ екі жарылып отыруы керек. Осы ортадан қыз бен жігіт қол ұстасып өтуі керек. Өтіп келе жатқан бетінде қыз бөлініп, әкесіне кетсе, қыпшақтың жұмысы жоқ, кыз жігітпен бірге жүре берсе, жаппастың жұмысы жоқ. «Бұл хабарды естіген соң әдейі атыма мініп, Бекем ауылына бардым», – дейді Әділбай кария. Көп кісілер Бекмұхамбет болысты солай атайды екен. Бара сала Жандардан:
– Қызды көндірдің бе ? – деп сұрадым.
– Ой, антұрған, бір безбүйрек, болатын емес, – деді.
– Енді мұның түбі калай болады? – десем,
– Қайдам?! – деп иығын қозғады да қойды.
Таңертең тұрған соң:
– Беке, мына хабарды естіп пе едің? – дедім.
– Естідім! – деді.
– Ендеше, шай ішкен соң жүреміз, шайды біздің үйден ішейік! – деп нығытып қойды.
Барсак, самауырын екі иінінен дем алып, табақ үстінде тұр.
– Мына екеуі не істеп жүр? – деді Бекем.
– Не істесін. Көнетін пәле емес, – деді бәйбіше.
Бекем Жандарды шакыртып алды да:
– Сен ит, бір жылдан бері бір қызды көндіре алмай, әтек пе едің? – деп ақырды.
– Шақыр келінді! – деп тағы айқай салды.
Жүгініп алған Бекемнің бетіне ешкім қарай алмады.
– Үйдің жанында келіп тұр ғой! – деді бәйбіше.
– Кірсін үйге!
Келіншек үйге кіріп, сәлем істеп еді.
– Шоқаңдама, келін! Қоқандама, келін! – деп тағы ақырды.
Келін безгек тиген адамнан бетер селкілдеп кетті.
– Бір жылдан бері жалғыз қызымдай еркелетіп бақтым. Көнбейтіндей не кінә
таптың? Біреудің әлпештеп өсірген баласы мынау. Бұдан не кінә таптың?
Шай ішкен соң мәжіліске жүргелі отырмыз. Айтқанымды орындап шығамын деген уәденді бер де, шайынды кұй! – деп айтарын айтьш-айтып тастады.Сол кезде келіншек тәлтіректеп барып, түзеліп, бәйбішеге ақырын ғана бірдене дегендей болды.
– Апырмай, мырзам-ай, зәрінді шаша бермесеңші. Көндім деп тұр ғой – деді бәйбіше.
– Құлағым еститіндей қылып дауыстап айтсын! – деді Бекем.
– Атажан-ай, не айт десеңіз де, айтайын, – деп келін өкіріп жылап қоя берді. Сонда ғана сабасына түскен Бекем: «шайынды кұя бер, балам, көктейсің,көгересің, бай боласың!» – деп батасын беріп, жайғасып отырып, шайын ішті.
Кейін барып білсек, қыздың қасарысып жүргені, жоғарыда айтылған алтыбастың жігітімен ертеден танысып, “бұл тиемін, ол аламын” деген уәделері бар екен.
Сонымен жиылыска келсек, біздің жақ он шақты, қарсы жақ бес-алты үй тігіпті. Жұрт жиналып қалған. Мал сойылып, саба-саба қымыз пісіліп жатыр екен. Жаппас жағы шалғынның үстіне түкті кілем жайып, оның үстіне жібек көрпелерді төрт қабаттап салып, екі жағына бір-бірден екі үлкен құс жастык қойыпты. «Бұл кімдерге жасалған құрмет?!» – деп таң калдык.
Бір уақыттар болғанда үш боз атты пәуескеге жеккен қоңыраулатқан арба жаппас жағына келіп токтады. Ішінен екі кісі түсті. Кигендері ак шапан, бастарында ақ қалпак, мойындарына асқаны алтын баулы сағат, аяктарында жалт-жұлт еткен әмірқан етік. Қолдарына ұстағаны күміс таяқ. Маң-маң басып, жібек көрпелердің үстіне барып отырды. Бұлар кім десек, жанағы төрелер осылар екен.
«Жаппас жағының салтанаты басым болды-ау, келініміз айнып кетпесе жарар еді» – деп қылпылдап біз отырмыз.
Бір уақытта Бекем тұрып: «Ана әулиелері келді ғой, екі баланы бір бірінің қолынан ұстатып, ана шеттен апарып жіберіңдер. Қалың жұртты жарып, жүріп өтсін!» – деп айқай салды.
Екеуін де алып бардық. Қол ұстасып жүріп келеді.
«Ия, әруақ! Жар бола көр!» – деп ішімізден күбірлеп тұрмыз. Бір кезде әке-шешесі отырған тұсқа келді.
«Ойпырмай, ойпырмай!» – деп біздің жақта отырғандар кеу-кеулесіп кетті. Оларға қайырылмай, тұсынан өте бергенде: «ақ сүтін берген емшегінді тастап, қайда барасың, қалқам-ау!» – деп көйлегінен емшегін шығарып, шешесі жүгірді. Келініміз: «Осы елдің талқысына салғандарың да жетер!» – деп тоқтамай жүре берді.
Қоңыраулатып келген қос төрені ортаға алып жаппас жағы ештеңеге қарамай, елдеріне қайтты. Етімізді жеп, қымызымызды ішіп, біз де үйге қайттық. Сол Жандар 1928 жылы кәмпескеленді. Бұл Бекемнің бір ғана ісі. Осы сияқты талай жұмысты өз қолымен атқарды ғой. Ел намысы дегенде белсеніп кірісіп кетуші еді, сабазым! Сүйткен, қайран Бекем-ай!» – деп Әділбай қария әңгімесін аяқтады.
Әңгімеге құлақ қойып отырған жастар жағы тым-тырыс. Келіннің кылығын не құптағаны, на ұқпағаны белгісіз. Бірақ, осындай ел ағалары бар тұста шайқалған шаңырақ, бұзылған ұя аз болушы еді. Қазір не көп, тастанды бала көп, жесір қалған ана көп. Шіркін-ай, қазіргінің келіндеріне де осындай бір ата бұйыртса, көптік етпес еді.
Қостанай өңірінде Түйемойнақ жерінде өмір сүрген Бейбіт ақын:
“Болмады бұрынғыдай заманамыз,
Құлады не бір мықты бағанамыз.
Алдымда сүйенерге адамым жоқ,
Осыны ойлаймыз да қамаламыз”, – дейді.
“Шұбардан көшуші едік шыға жайлап,
Әйетте қонушы едік бие байлап”, – деп өткен күнін аңсаса,
“Наурызбай, Бекмұхамбет қайда кетті?
Сабаздар бұлбұлдай-ақ сайрап өтті” , – деп ел ағаларын сағынады.
“Бұл күнде әкімдікті орыс алды,
Зәкүнге қара қазақ қайран қалды.
Ықтияр, ерік өзінен кеткеннең соң
Ұрынып, қымбат пұлға сатып алды”, – деген жолдарда заманның ащы шындығы жатқан жоқ па?!
Бейбіт ақын туралы деректер Асылбек Ташбаев пен Өтеміс Қалабаевтың жазып алған шежірелерінде бар. Қарабалық қыпшақ арасында құба руынан шыққан Бейбіт ақын атақты Қазыбай бидің баласы Наурызбай биге атқосшы болған. Кезінде “алдымда асқар таудай бір бел еді, кеткені Наурызбайдың маған өтті”, – деп би қайтқаннан кейін қатты қамыққан ақын заманның райына қарай құбылған адамдарды көрген сәтте:
“Заң– закон осы күні болды басқа,
Әкімдік қарттан кетіп, қалды жасқа.
Әр ру ішіндегі “жақсыларын”
Таласып, қоямыз деп салды тасқа”, – дейді.
Озбыр болыстар да аз болмаған
Болыстар да түрлі-түрлі болған. Олардың көрсеткен озбырлығы да аз емес. Асылбек Ташбаев қолжазбасында Әділбек қарияның айтқан әңгімелері мысалға келтіріледі.
«Жаңылмасам, 1903 жыл болуы керек, деп жазады осы қария,- қыстауда киіз үйде отыр едік, тоғыз жасар кезім, салт ат мінген он кісі келіп, біздің үйге қонды. Әжем жақсылап қонақасы берді. Қонақтардың басшысы Ахмет болыс бетінде шешек дағы бар, істік мұрын, қой көзді, тапалтақ кісі екен. Таңертеңгісін аттарын ерттеп, жүргелі тұрғанда, біздің үйде мені оқытуға ұстаған ноғай молда бар еді, сол байғұс жалпақтап, үзеңгіге аяғын салғалы тұрған болысты қолтығынан алып аттандырам деп жетіп барғанда, ат осқырынып, орнынан қозғалып кетті.
Сонда болыс: «мына тегіңді ұрайын, солдатқа барудан қашып жүрген қаңғыған башқұрт атымды жорта үркіткенін көрдіңдер ме, сал штрафты, төлемесе, байлап алып кетемін, түрмеге жабамын!» – деді.
Жандайшаптарының біреуі: «Бес сом айып салынсын» – деді.
– Болысеке, бұл байғұс өзіңді аттандырамын деп барды ғой, әуре қылып қайтесіз – деп әжем өтініп еді.
– Қой, бәйбіше, араға кіріспе, аяп тұрсаң, айыбын өзің бер! – деді.
Әжеміз бес сомын тауып беріп, молданы әзер алып қалды.
Кейін естісек, болыс біздің үйден шыққан соң Қайыңдыкөлдегі ұсталарға барады. Сол ауылда кірме жаппас Естек деген кісінің үйіне түседі. Ол жаны қалмай малын сойып, қонақасы береді. Ас желініп болған соң жоғарғы жақта отырғандарға орамал, төменде отырған болыстың атшысына қайыс береді. Болыс атшысынна «ана қол сүрткен қайысты маған бер?» - деп алып алып, бүктеп, астына басып отырады. Асты жеп, қол жуып болған соң болыс: «мына жаппасты әбден есіртіп жіберген екенсіңдер. Маған жасап отырған қорлығын көрдіңдер ме? Менің атшыма қайыс бергені менің келгенімді теріс көргені емес пе? Толық қылып айыбымды алып беріңдер! – дейді.
Болыстың сөзі екі болмайды, байғұстың тақымына басып жүрген жақсы аты бар екен, соны алып береді.
Ахмет өзі қасында ұры ұстаған болыс болған. Ақыры елге жасаған зорлығы алдына келіп, қысты күні суық тиіп, қатты ауырып, содан өледі.
Ахметтен кейін болыс болған қарта Жұмабайдың баласы Әбдіғапар уызына тойған бай баласы болған. Елге зияны тимеген деседі. Ал одан кейін болыс болған Наурызбай бидің баласы Байеке елді оқуға шақырып, мектеп ашқызып, халыққа шарапаты тиген.
Одан кейін болыс болған Жасыбайдың Нұрмағамбеті момын кісі болған. Ал тағы бір болыс Байқанның Дүйсенбайы қазақша сауаты болғанмен, орысша оқымаған кісі екен. 1916 жылы жұрт жиылып келіп, солдатқа адам бермейміз деп кеңсесін өртеп жібергенде де ешкімге зиянын тигізбеген. 1918 жылы болыстықты өз қолымен Совет үкіметіне тапсырған.
Қарабалықта бірінші болыс болған қарақыз қыпшақ Аққошқардың Мырзабегі. Ол кісі өзі өлгенше болыстықты ешкімге бермеген. Ол қайтқан соң барып қарсақ Қыдырдың Сайымы болыс болады.Ол да параны судай сіміреді, көңіліне жақпаған адамдардың әйелдерін тартып алып, басқаларға сатады. Елді қорқытып ұстайды. 1916 жылғы дүрбелеңде жиылып келген халық оны аяғына арқан байлап сүйреп шығарып, бауыздап өлтіреді.
Дамбар болысынан бөлінген соң Әйет болысын атақты Қарпық тұқымдары бірінен соң бірі билейді. Шұбар болысын Жаманшалдың Смайыл, Жүсіп деген екі баласы басқарады. Олар өздері болыстықтан түскенде де айтқандарынан шықпайтын өз кісілерін болыс қылып сайлайды.
Сарыой болысын Қара Алдияров басқарады. Ол отыз жыл бойы болыс болып, өзі болыстықтан түскенде орнына баласмын қояды. Совет үкіметі орнағанда барып болыстықтан айырылады. Арақарағайдың бірінші болысы Қылышбайдың Әлімі болады. Әлім қайтқан соң оның немере інісі Күліктің Нұрмағамбеті болыс болады. Ол өлген соң болыстықты інісі Қошанның Омары алады. Одан соң Ордабайдың Қожахметі болады. Қожахметпен таласып,болыстықты Қылышбайдың Мінайдары алады. Ол өлген соң немере інісі Ереке болыс болады. Онымен таласып, сайлауда жеңген Ордабайдың Мұхамбетжаны болыс орнына отырады. Одан кейін болыстықтың дәурені өтіп, билік ревкомға көшеді.
Елдің сөзіне қарағанда, Қостанай уезіне қараған қыпшақ болыстарының ішінде елді айдап өргізіп, қойдай иіріп, жусатқан Қарабалықтың болысы Сайым Қыдырұлы, Сарыой болысы Қара Алдиярұлы, Арақарағай болысы Мінайдар Қылышбайұлы және Дамбар болысы Ахмет Жаппасбайұлы. Олардың қай-қайсысы да Абайдың әйгілі “Болыс болдым мінеки” өлеңін еске салады.
Ақылбек Шаяхмет
Қостанай