Қалам ұшындағы нұр
2016 ж. 29 наурыз
3579
0
Үшінші мыңжылдық қарсаңынан бері еңсе тіктеген еліміздің атын айдай әлемге жайған небір дүбірлі шаралар өтіп келеді. Бұлардың қай-қайсы да әрбіріміздің кеудемізді мақтаныш сезіміне кенелтетіні анық. Дәл қазір қазақ халқын төрткүл дүние түгел біледі десек артық емес. Бірақ біз өзімізді танып болдық па екен? Терең тарихымыздың тылсым қатпарларына дендей алдық па? Ұлтымыздың жұртқа мәшһүр ғазиз перзенттері өмірінің қалтарыс-қырларына үңілуді былай қоя тұрып, кезіндегі озбыр саясат қасақана тасада қалдырған ерлерімізді түгендеп біттік пе? Әлемдік өркениет кеңістігіне шыққан еліміздің өз-өзіне сын көзбен қарауы қай дәрежеде? Жалпы, жаңа қоғам мен бүгінгі күн алдындағы жауапкершілігіміздің деңгейі қандай?.. Міне, осы іспеттес сан алуан сауалдардың жауабын журналист Қайнар Олжайдың «Елорда» баспасынан шыққан кезекті «Қанат байлаған қазақ» кітабынан табар едік.
Әйткенмен, бізді бәрінен де бұрын кәнігі қаламгердің қолтаңбасы қызықтырған-ды. Әуелден-ақ жазу мәнері бөлек тілші бұл жолы нендей жаңалығымен көрінер екен дегендей әуестік билегенде, оның осы сапарда әрбір мақалада журналистикадағы ой кестелеудің фактографиялық, сараптамалық және көрнекі-бейнелі негізгі үш әдісін шеберлікпен бірдей қатар қолданатын машығын ширықтыра түскенін байқап тұшынғанбыз. Бұл тәсілдер назарға алынған нысанды бастапқы түйсіктік пайымдау мен теориялық игеруден бастап, сол дүниенің неғұрлым нақты, мейлінше толық бейнесін жасап шыққанға дейін жәрдемдеспекші. Бірінші және екінші әдістер бір-бірінен бейнеленетін нәрсенің мәніне тереңдеу дәрежесімен ерекшеленеді. Алғашқы амал журналиске белгілі құбылыстың сыртқы сипатына ден қойғызып, нақты «қайда, не, қашан» дегендей сұрақтарға жауап бергізсе, екінші тәсіл сөз болатын жәйттің маңызына бойлауға, таным нысанының астарындағы жасырын байланыстарын ашып, шиырлай зерттеуге бағытталады. Бұл жағдайда журналист жауап іздеген сұрақтар ауқымы да біртіндеп кеңейіп, оқиға мен жағдайдың даму ағымының себептерін іздеу, түрлі феномендер мәніне баға беру, әр алуан көзқарастар мен тұжырымдардың негізділігі мен қисындылығын безбендеу кезеңдері жүзеге асады.
Ал болмысты көрнекі-бейнелеу әдісі құбылыстың сыртқы сипатына ден қоюмен немесе заттың мәніне бойлаумен ғана шектелмекші емес. Мұнда танылған нәрсені эмоционалдық-көркемдік жағынан талдап қорытып, публицистік типтендіру деп аталатын биікке көтеру міндеті атқарылады. Егер осынау қарапайым да, күрделі үдеріс сәтті жымдасып, мәнерлі мәтінмен айшықталса, авторды шын мәніндегі журналистік өнер шыңына шығармақшы.
Міне, біз Қайнар Олжайдың аталған жинақтағы әрбір материалынан осынау өрнекті көріп, толғандық. Тілші қаламынан туған дүниелердің кез келгенінің айрықша дамытылатын ішкі динамикасымен бірге, «Бір сезгенім бар еді», «Бір көргенім бар еді», «Бір сауалым бар еді», «Бір сәлемім бар еді» деп аталатын осынау төрт бөлімді очерк, мақала, сұхбаттар жинағының жалпы композициясы да көз тартты. Және бір анық аңғарылатыны – журналист жазуда да, мақалаларды жинақтауда да көп қиналмайды, балуанға оң-солы бірдей демекші, қаламды еркін, батыл сілтеп, оқырманын көл-көсір тосын дерекке, қызықты ақпаратқа қанықтырады. Мұның бәрі ерекше пішінмен кестеленіп отырады. Бұған қоса қолға алған нысанын үңги қаузап, сәт сайын көркемдік, логикалық тұрғыдан ұтқыр шешімдер ұсынатын автордың оқушысын да әңгімеленетін нәрсеге еріксіз еліктіретін қасиетін аңдаймыз. Тілші өмірді аудиториямен бірлесе зерттейтіндей әсер қалады. Мұның сыры журналист мүддесінің бұқара көпшіліктің мейлінше маңызды, өте ділгір қажеттіліктеріне әбден сай келетіндігінен болса керек.
Мысалы, кітаптағы көптеген көкейкесті ойлар айтылатын жазбалардың қатарындағы «Мегаполистің маңайы» аталатын мақаланы алайық. «...Бұл аймақта жаңа қалалар орнауына қажетті шарттар баршылық. Біріншіден – жер кең. Екіншіден, су бар. Үшіншіден, тас жол мен теміржол сайрап жатыр» дегендей қарапайым ғана ұғынықты тілмен жазылған дүниеде Алматының қасынан қанаттас қалалар салу мәселесі көтеріледі. Расында да, онсыз-ақ кейінде әбден ластанып кеткен Алматыны қашанғы нығарлай беруге болады? Сөйтіп, орындарына жаңа құрылыс салу үшін кезінде әр қазақтың көзайымы болған осынау әсем қаладағы ескерткіш мұрасындай сәулеттік жағынан теңдесіз ғимараттарды шетінен қиратып жатқанымыз қаншалықты қисынды екен? Одан да қолда тұрған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ірге кеңейткен жөн емес пе?
Осындай бағытта келелі ой қозғайтын автор: «...қанаттас қалалар экономика, ғылым-білім, әлеуметтік және рухани жағынан өз қотырларын өздері қасымақ. Олар қастарында тұрған алыпқа жабыспай, жалтақтамай дербес өмір сүруге ұмтылады. Олар салыну себептеріне орай өндірістік, өндірістік-көліктік, курорттық және тұрғындық болып бөлінеді»,– деп қарастырылып отырған жергілікті жағдайды әлемдегі мейлінше орнықты, мейлінше дамыған өзге феномендермен сәтті салғастырады. Стамбул, Париж, Римнің... ұтқыр тәжірибелері алға тартылады.
Бір қарағанда, белгілі бір аумаққа ғана қатысты қатардағы жәйттей көрінетін осы ойдың «жалпы қазақты қалай қоныстандырамыз» деген мемлекеттік деңгейдегі іргелі... мәңгілік мәселемен ұштасып жатқанын аңдаймыз.
Байқап отырсақ, бір мұнда ғана емес, кітап авторының әрбір мақаласының қатпарында үлкен ұлттық мүдде жатады. Мәселен, сән қуып, қолдан жасалған жүдеулікке ұмтылып, түрлі зиянды дәрілерді ішуге әуес қарындастарымыз туралы «Ашқұрсақ аруларда» қазақ қыздарының әсемдік өлшемі дәл әлгіндей жолмен «сымбаттылық» құрбандығына шалынып, о дүниелік боп жатқан шетелдік «сұлулардай емес», мейлінше қазақы, табиғи болуы керектігін үндейді. Ақселеу Сейдімбектің аузымен: «Біз жер бетін жайлай бастаған жүдеу қыздар бейнесін елімізге ешқашан жолатпауымыз керек. Оған қарсы күресте ежелгі әйелдер бейнесін, аңыздар мен жырлардағы образдарды насихаттаған жөн» дейді. Жалпы, әрбір дүниесінде: «...Эгей теңізінің бір шығанағы Икария аталған. Дедал өзін өртеген арал Икар делінеді. Тура біздің «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» қалған Қарқаралы, Моншақты тауларының тізбегіндей» деп, немесе: «Әлбетте, қазақтар жыл құстары сияқтанып көшетін», болмаса «Майданда жап-жас қазақ қызы барлық ұлттардың жауынгерлеріне әнмен қуат қосты», «Ұлттың мінезі күнделікті тұрмысынан көрініс тауып жатқанда ғана жарасым болмақ», «Былтырғы ұясына қайта келген қарлығашты көргенде қуанбайтын қазақ жоқ» деп ойды дүркін-дүркін туған топыраққа сабақтастыра өрбітетіні де халқын айрықша қадірлейтін қаламгер қолтаңбасын айшықтай түседі. Және мұның бәрі әлгі алдымен «Өзіңді тану» туралы философиялық қағидадан бастау алатындығы анық. Сол секілді нақты бір нысанды талдау үстінде сонау баяғы балаң шақта әжесінен, яки студент кезде ұстаздарынан естіп қалған тосын уәжге жүгінуін, не қажетті дәйектемені халық ауыз әдебиетінен іздеуін, болмаса керекті жерінде: «Ең ғажабы, ақын соны сезген. Жанымен сезген.
Бүгін Күн тұрып алды күреңітіп, Шіркіннің ашылмады реңі түк», –
деп ақиық ақындардың жырларымен дерек салғастыруын да кітап авторыныңешкімнен шатастырмайтын мәнерінің тағы бір қыры ретінде тануымызға негіз бар.
Оқырманының да жанына жағымды, жүрегіне жақын, таным-түйсігіне де ежелден етене осындай құралдар арқылы талқыланып отырған көріністің мейлінше дәл картинасын жасап беретін журналист мұндағы құбылыстар мен нақты өмірдегі әрекеттер байланысын да әрдайым тамыршыдай дөп басады. Ал зерттелетін жәйттердің арақатынасын жіті зерделеп, сәтті дамыту кейде терең сараптамалық та сипатқа ие болатын көркем-публицистикалық мақалалардың басты субстанциясын қалыптастырмақшы.
Одан соң жинақтағы әрбір материалдың өзіндік мінездері де байқалып тұрады. Мәселен, егер ақпараттық мақалаларда белгілі факт баяндалып, сараптамада алғашқы планға автордың белгілі дерекке негізделген ой-толғанысы, әрі сол ойдан туған эмоциясы шығатын болса, тілші осы әдістерді тоғыз тарау қамшы өргендей қажетінше ұтқыр қиюластырып әкеледі де, әсерлі көркем-публицистік жанр кеңістігіне шырқатып жіберіп, самал желпіген сайын далада бауырын еркін жазып, көсіле салған жүйріктей жүйткиді. Сөйтіп, эмоционалдық-бейнелі талдау, суреттеліп отырған шындықтың көркем-типтік формасы жетекші сапаға ие болады. Сондай-ақ, қолға алған нысанды танудың да негізгі үш үлкен тәсілін – эмпирикалық, теориялық және көркем әдістері арқылы жинақталған материалдың анализдік, синтездік, индукциялық, дедукциялық, аналогиялық, тарихи, логикалық, гипотетикалық... деп аталатын талдау, себеп-салдарлық қорыту, бағалау, болжау, бағдарлау амалдарын жан-жақты қолданатын бесаспап тілші қаламынан шыққан дүниелердің сараптамалық-танымдық журналистиканы кейде терең ғылыми-зерттеулермен шендестіретінін, тіпті кейде сол деңгейден асырып та жіберетінін байқап, езу тартып, бас шайқамасқа лажыңыз қалмайды.
Орта және аға буын өкілдерінің есінде болар, баяғыда «Эврика» деп аталатын ғылыми-көпшілік, ғылыми-публицистикалық кітаптар сериясы шығып тұратын еді. Онда, атақты академиктер мен әйгілі ғарышкерлердің, әлем таныған инженерлердің, негізінен, совет ғылымының жетістіктері туралы мақалалары топтастырылатын-ды. (Мәселен, соларда қозғалған «Мұхиттар тереңіндегі өмір», «Әріптесіміз – робот», «Рентген сәулелері туралы сөз», «Ғарыштық көпірлер», «Психика құпияларына үңілсек», «Адам экологиясы математик көзімен», «Жасанды ақыл» дегендей тақырыптар әлі күнге дейін есімізде). Өкінішке қарай, бүгінде бұл салаға қалам тартып жүрген өзіміздің тілші бауырлар жоқтың қасы. Ал журналист Қайнар Олжайдың сөз болып отырған жинақтағы «Ағындағы ақпарат», «Күннің күрең дақтары», «Даланың соңғы диуанасы», «Берия атылған бункер», «Аяқталмаған ай сапары», «Тұман тұсаған тағдырлар», «Тас обаны танисың ба?», «Су астының сырттаны», т.б.мақалаларын оқып отырғанда, оның сол олқылықты бір өзі толтыруға ұмтылатындай көрініп қалатыны да жоқ емес. Және ол осы мақсатына белгілі деңгейде жетіп те отыратындай көрінеді. Кітаптағы алуан жанр арқылы нақты нысанды, белгілі кейіпкерді жан-жақты ашуда сол құбылыс сырын қоғамдық мақсаттармен, қалыпты нормалармен, түрлі идеалдармен салыстыру, жағдайға аналогиялық баға беру (талдап тексеру, болмыстың маңызды қырларын көрсету), ұғындыру (себептермен, заңдылықтармен немесе дәлелденген пікірлермен байланыстарды табу) және жинақтап қорыту үдерісінің ыждаһатты еңбекті қажет ететіні түсінікті. Һәм осынау ауқымды істің өте оперативті атқарылатынын ескерсек, қаламы жүрдек журналистің аса алғырлығы елес беріп өтеді. Мұның бәрі, әрине, терең білім, мол тәжірибе, кәнігі машық арқылы да келетін жетістіктер екені анық.
Аталған тартымды тақырыптарымен қатар, автордың кітаптың келесі бөлімдеріндегі бірі – жаужүрек ұшқыш, екіншісі – ғаламат теңізші, үшіншісі – таңғажайып барлаушы, төртіншісі – сайыпқыран генерал дегендей, кезінде ерен ерліктерімен көрінсе де, солақай саясат кесірінен қасақана елеусіз қалдырылған халқымыздың аяулы ұлдарының еңбектері; немесе қазіргі танымал тұлғалардың елге белгісіз қырлары; болмаса, қазақтың ноғай, чешен, татар, кәріс ағайындармен ара-қатынасы туралы қызықты дерек, тосын тұжырымдары оқырманын бей-жай қалдырмайды. Мұның сыры, әсілі, журналистің жазу үстінде қозғаған саласына орай білгір орнитолог, тәжірибелі агроном, жаңашыл инженер, талғампаз өнер зерттеушісі, дарынды әдебиет сыншысы, сезімтал психолог, сұңғыла саясаттанушы, зерделі тарихшы... деңгейіне көтерілетіндігінде шығар.
Қ.Олжай материалдарының тағы бір қыры – көбінесе сұхбаттағыдай, пікірлесудегідей сұрақ-жауаптық пішіні болмаса да, мазмұндау астарында аудиториямен арадағы көзге көрінбейтін диалогтік сипат жататындығында сияқты. Негізінде, осындай қасиеттерінен-ақ автордың оқырманға деген зор құрметін байқауға болады. (Мұндай кезде бүгінгі кейбір бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің, әсіресе, жас тілшілердің немесе телерадио жүргізушілерінің айтатыны өте жұтаң болғанымен, ешкім ондай құқық бермесе де, өздерін сонша ақылды, білімді көрсетуге тырысып, сылдыр су «жаңалық», «деректерімен» бос сөз сапыру арқылы онсыз да елегізген елдің басын қатыратынына қынжылатының еске түседі. Әрине, өзгені қойып, өзін де, атқарып жүрген кәсібін де бәлендей сыйлай қоймайтын мұндай бауырларымыз өздерін асырап отырған халыққа әр кезде мейлінше жаңа, әрі ең қажетті ақпарат беру қажеттігін, журналистердің басты міндеті – сәт сайын құбылып жатқан әлемдегі маңызды оқиғаларды тез саралап, жылдам жариялау екенін мүлде ескермейді. Мұнымен де қоса олардың қастерлі Қазақ тілін бүлдіруге «үлес» қоса бастағаны және бар! Осындайда сонау кеңес дәуірінің өзінде жастайларынан-ақ ұлтқа деген жанашырлықтың, жаңашылдық пен ізденімпаздықтың, тапқырлық пен батылдықтың үлгісін көрсетіп, қазір әрқайсысы бір-бір мектепке айналған баяғы «Лениншіл жастың» серкелері ойға оралып қалады. Қайнар Олжай да сол әйгілі «ұстаханадан» түлеген журналистика саңлақтарының бірі ғой).
Тегінде, қаламын ақ қағаз бетінде еркін «ойқастатып», халық тағдыры жолындағы бейбіт майданда ұтқыр пікір, батыл ойларымен туған еліне қалтқысыз қызмет етуді мақсат еткен мұндай мамандарды ұшқыштар тілінде «ас» дейтін болар. Ал қазақша кәдімгі «хас», яғни өз ісінің шын шебері... Бастапқыда тоқталғанымыздай, «Қанат байлаған қазақ» авторының негізгі бір артықшылығы – тіл фокустары мен стиль құпияларын жіті сезіну қасиетінде екені даусыз. Асқақ сөз, әсіреқызыл теңеуге әуестігі жоқ. Қарапайым жазады. Бәрібір көркем. Мәтінінің ырғағы басқа. Публицистика тіліне ұтқырлықпен ғылыми, әдеби бояу элементтері қатыстырылатын өзіндік «рецепті» бар. Баяндалатын жәйттің иін қандырып, оқушысын да жетелей отыра, аса ұзаққа салатын қазанаттардай талмай жосылу мәнерін әдейі таңдайды-ау деген де ой тумай қалмайды. Мұнымен бірге, қалыпты дәстүрге мойынсұнбай, түренді ылғи тыңнан салуынан (тіпті, сұхбат жанрында да) дайын трафаретті қаламайтын қаламгердің нағыз шеберге тән кірпияздығын танимыз.
Жалпы, бүгінде өнерге деген екі түрлі көзқарас бар. Әсіресе, ел Тәуелсіздігінен кейін кез келген нәрсені әлемдік контекспен бағалап, салмақтайтын болдық. Сол тұрғыдан алғанда, «Өнер – өмірдің көркем бейнесі» және «Өнер – көркем текст» деген ұстанымдар пайда болды. Ал мазмұнның әр алуандығымен қатар, форманың да шексіз екенін дәлелдеп, тартымды журналистік мәтін дайындау – шынында да, үйренуге тұратын үлкен өнер шығар.
Әйтеуір, маңызды мағлұмат беруімен қатар, жан әлемін де тазарта түскендей «Қанат байлаған қазақтағы» журналистік еңбек романтикасының әсері бір сәт шуақты күйге бөлегені рас.
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz