"ЕСАЛАҢ" АУЫЛ
2016 ж. 24 наурыз
3903
1
Кәдірхан Баққараев қазақ жерінде сықақ жанрында ұзақ жыл қалам тербеп келе жатқан бірден-бір қаламгер. Сықақшының "Ұзатылған қауын", "Алтын жұмыртқа", "Штирлицтің ішірткісі", "Арбаның артық дөңгелегі" және "Қазақ тілін ардақтау – ардың ісі" кітаптары жарық көрген. Оның назарларыңызға ұсынылып отырған мына "Есалаң" ауыл" әңгімесі "Ауыл" жылына арналған (2003) өңірде өткізілген жабық әдеби бәйгеде жүлдеге ие болған. Автордың отты тілі мен жақсы ойына қоса, енді көркемдік шешім концепциясына мықтап ден қоюына тілектеспін.
Несіпбек Дәутайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры.
Кәдірхан Баққараев, журналист
"ЕСАЛАҢ" АУЫЛ (Сықақ әңгіме)
Асқанбайдың біздің жақтағы ауылдың сіңірі шыққан өлесі кедейлері үшін анау-мынаудың қолы жете бермейтін, құдайға бір табан жақын, асқан бай – супер бай кейпінде көрінеді. Дүниенің бәрі де салыстырмалы ғой. Анығын айтсақ, ауыл-аймақтың алыс жақындағы бес-алты жылдан бері тусырап жатқан жайылым-өрісінде оның он бес мыңдай қойы, бес жүздей жылқысы, екі жүздей сиыр аралас ірі қарасы, жүзге тарта түйесі, жиырма-отыз малшысы, он-он бес жалшысы бар. Ал Асқанбайдың өзі болса, астанадағы аспанмен тілдескен үйлердің бірінде отырып-ақ, ауылмен, ауданмен спутниктік байланыс арқылы ұялы телефонмен сөйлеседі. Күн құрғатпай, қаланың у-шуынан жалықса оқта-текте, жипке жып етіп отырып, үлде мен бүлдеге оранған жеңгемізбен бірге елге тартып кетеді. Берісі Тамды, арысы Бетпақ, Мойынқұмды жайлап жатқан малын аралап қайтады. Асекеңнің мұнда келуі үлкен оқиға. "Қожайын келді... ", - деп малшылар мен жалшылар мәре-сәре. Өйткені, мал иесі бала-шаға, қатын-қалашты алдайтын жылтырақ, арзанқол дүниелермен жеңіл мәшиненің жүк салатын қорабын толтыруды ұмытқан емес.
Асқанбайды осыншама байлыққа кеңелткен кім? Мұны ойлағанда Асқанбайдың өзі де мырс етіп күлетін. Күлетіндей де бар. "Осы ауылдың адамдары шетінен есалаң емес пе", - деп күлетін.
Ана жылы қирауға шақ тұрған кеңшардың қызылтор директоры еді. Асқанбайдың табан астында ию-қию оқиғаны қолдан жасай салатын бала кезден үйренген өнері бар-тын. Кеңсеге бір шеті тиіп тұрған жөндеу шеберханасының ауласында саудырап, ұрынарға қара таппай ерігіп жүрген автогараждың 7–8 жүргізушісі тұр екен. Таңертең өзі шақыртса да, олармен жүздесуге асыққан жоқ. Әбден жүйкесін жұқартып, титықтатып, мысын басып келушіні ділгір етіп, күттіріп қою – Асқанбайдың тәсілі. Бұл жолы да солай болды. – Құттықтаймын, жігіттер, - деді директор келгендердің бас-аяғына көз жүгіртіп. Жүргізушілер аң-таң. "Не үшін құттықтайсыз?", - деп суырылып ешкім сұраған жоқ.
–Аңсаған армандарына жеттіңдер, жігіттер, - деді енді қалың қабақты томырық, тіпті тымырсық директор мінезін мүлде өзгертіп, жаздай жайнап орнынан көтеріліп, жастардың қолын кезек-кезек қысып.
Директор біздің қай арманымызды айтып тұр екен дегендей олар біріне бірі таңдана қарады. "Бұл құттықтау ненің құрметіне болды алдымен соны неге айтпады", – деп олар іштей дағдарып тұрған кезде директор төс қалтасынан бір топ кіл жаңа, жарқыраған кілттерді жүргізушілерге үлестіре бастады. Кеңшарға мемлекет тарапынан жіберіліп тұратын жүк автомашинасының кілттері.
Дәл майдандағы көрсеткен ерлігі үшін берілетін орден-медальді командирдің өз қолынан алғандай ауылдың кілең бозымдары толқу үстінде еді. "Қорыққан мен қуанған бірдей", - деген ғой. Олар қолдарына тиген кілттерді қайда тығарларын, немесе қайда тағарларын білмей сасқалақтады. Жан қалтасына салып, қайта алып, нақ әлемдік олимпиядалық ойынның алтын медаліне ие болғандай жылтырақ кілтті қайта-қайта қолдарына алып қарай береді, қарай береді. Әрине, бұл жай, тегін кілт емес. Кеңшарға келген жаңа жүк автомашиналардың кілттері. Гаражда кімнің қашан су жаңа автомашина алатындығы, ал оның ескі-құсқысының кімге бұйыратындығы туралы жазылған сала құлаш тізім бар.
Осындайға кезегінен "аттап" кетіп көлікке ие болғандар барын қарыштап директордың көңілін табатын. Мәшине алғандардың, әйтеуір бас инженер мен директорды құр қалдырмайтыны бесенеден белгілі еді. Ал бұл жолы директор қалыптасқан жүйемен санаспай, кілтті тегін таратып жіберді емес пе. Бұл жақсылықтың белгісі ғой. Заман жаңарды, заң өзгерді деген осы... Жігіттер осындай байламға тоқтады.
Су жаңа мәшинені су тегін алған жүргізушілердің бетіне қан жүгіріп, шаттанған сәтін байқаған директор:
–Ертең таң қараңғысынан алыс сапарға жол тартамыз, – деді бастық тапсырма мен тықсырманы нықтап.
Жол үстіндегі жүргізушілердің көңіл-күйі шарықтап, ауыз жаппай әндетіп келеді. Ауылдағы бала-шағаның қуанышында шек жоқ. Әкелері тұлпар мініп жорыққа аттанса ше? Неге шаттанбайды? Асекең ғана сазарып, бозарып, түсі сан құбылып міз бақпай отыр. Үдере көшкен автокөлік легі Астанадағы үйінің ауласына енгенше түнеріп, тіс жармады.
Ертеңгі шайдан соң Асқанбай суырып салма өнерін қайтадан басқаша бастады. Кешегі жүргізушілерден кілттерді шұғыл жинаттырып алған болатын.
- Ал, мырзалар, - деді ол міңгірлеп, -мәшинелерімді өзіме жеткізіп бергендеріңе рахметімді білдіремін. Енді былай болсын. Ауылға пойызбен қайтасыңдар. Билеттерің міне. Ол ештеңе бүлінбегендей сыздап, маңғазданып жан-жағына барлай қарады. Мұндай тосын, суық хабарды естігенде ауылға қайтатындардың ұнжырғасы түсіп кетті. Алайда, ең өкініштісі: тал түстегі тонаушының алдында отырған мүскін-мүсәпірдей ешкімнің қозғала қоймағаны.
"Байеке, біз сіздің сөзіңізге құдайдай сеніп едік. Ал сіз бізді жұрт алдында масқара етіп алдап отырсыз. Астанаға ердей болып келіп, жердей болып ауылға қайтып, нетіп, қайтып барамыз? Астымыздағы көліктен айырылып, ел бетіне қалай қараймыз?", - деп, ең болмаса біреуі суырылып сөйлеуге жарамады ғой. Есесіне Асқанбайдың қол астына көшкен қыруар дүние-мүліктің – машиналар құжаттарына олардың қолын қойдырып, өзіне жекешелендіріп алғанын естіген былайғы жұрт жағасын ұстады. "Тірі жүре берсең, пәленің бәрін көре бересің".
Ертен құдай амандық жолын берсе, сендердің өздерің де менің жеке меншігіме айналасыңдар ("Құлақ кесті құлдарым боласың", - деген сөз), - деп Асқанбай ұсынған қағазға да олар ойланбай-ақ, тіпті оқымай-ақ қол қоя салуға әзір.
Айтпақшы, Асекең осы ауылдың бір топ шал-шауқанын алыс сапарға бақпаның баласындай аялап апарып, екі-үш күн небір кереметтерді көрсетіп қайтты. Ауылға келген соң Асқанбайдан асқан құдіретті күш жоқ екен деп, ол ұсынған қағаздың саусағымен көрсетіп нұсқаған тұсына қолдарын рахаттана қоя берді. Ертеңіне бір-ақ білді. Алдарындағы ауылындағы 5-6 отар қой, қойшылары "отбасымен" Асекеңнің жеке меншігіне айналып кетіпті. Міне, сөйтіп бірсәтте Асқанбайдың жекеменшік жалшысы-малшысы болды... Абай айтқандай: "азат басың..." құлға айналды.
Иә, біздің жақтағы "Есалаң" ауылының адамдары осындай. Ал, сіздерде ше...?
Қәдірхан БАҚҚАРАЕВ, журналист, Тараз қаласы,
qazaquni.kz