Осы аптадағы жаңа тағайындаулар
2016 ж. 19 наурыз
3212
0
Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында айта қоярлықтай кадрлық тағайындаулар жүргізілген жоқ.
Дегенмен, Мәдениет министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі бекітіліп, Павлодар қаласы әкімінің жаңа орынбасары қызметіне кірісті. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға апталық шолуын жасайды.
Сонымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды. Бұл қызметке ведомства жауапты хатшысының бұйрығымен Әкімшілік департаменттің директоры Еренай Тілеуұлы Дәржібаев бекітілді. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әкімшілік-кадр департаментінің директоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Әкімшілік департаментінің директоры қызметтерін атқарған болатын.
Ал Павлодар әкімінің жаңа орынбасары қызметіне Жеңіс Шақатов тағайындалды. Жеңіс Қайырлыұлы Шақатов 1972 жылы дүниеге келген, екі жоғары білімі бар: 1994 жылы қазақ мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы бизнес құрылымдарда бастаған. 20 жылдан астам уақыт салық органдарында қызмет еткен. Ауданның салық инспекторынан бастап мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы жолын өткен. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодарда мемлекеттік кірістер басқармасын басқарды.
Арман Әбенов Қазақстан «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның бас директоры болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды, онда Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі және ЕО-мен әріптестікті және ынтымақтастықты кеңейту бойынша келісімдер жасасу жөніндегі мәселелермен айналысты. А.Әбенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Халықаралық Экономист» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2005 жылы «Іскерлік Әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша Waynesburg University, Pennsylvania, USA "MBA" бітірді. Еңбек жолын 2002 жылы Қазақстанның банк секторында бастады. 2006 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің бас маманы лауазымына мемлекеттік қызметке орналасты. Әр жылдары Инвестициялық саясат басқармасының бастығы, Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаментінің директоры лауазымдарын атқарды. «Қазақстан Республикасы тәуелісіздігіне 20 жыл» медалімен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
Жаңадан құрылған «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» РМҚК директорының міндетін атқарушы болып ғалым Карл Байпақов тағайындалды.
К.Байпақов 1940 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор., Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Санкт-Петербор мемлекеттік университетін бітірген. Тарих, археология және этнология институтында жұмыс істеп, кейіннен Археология институтының директоры болған.
Дерек көзі: ҚазАқпарат