"Ақ жол" өкілі ауыл тұрғындарымен кездесті
2016 ж. 16 наурыз
2180
0
«Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы» ҚБ ОҚОФ төрағасы А.Орман облыстың ірі аудандарының бірі Сайрам ауданының орталығы Ақсукент елді мекенінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу Абылай хан орта мектебінің мәжіліс залында өтті, оған 100-ден аса адам жиналды.
А.Орман партияның Сайлауалды Бағдарламасымен қысқаша таныстырып өтіп:
- «Ақ жол» партиясының негізгі құндылықтары – либерализм, демократия, жеке адамның құқықтары мен бостандығы, этностар мен діннің тең құқықтылығы болып қала береді.
Партияның Бағдарламасында қамтылған салалардың барлығы маңызды, себебі Бағдарлама көпшіліктің құлағына жағымды жаттанды ұрандармен жазылған жоқ. Ондағы әрбір бағыт тарих сабағын зерделей отырып, өмірлік тәжірибеден алынған, әлемдік қоғамның әлеуметтік жағдайын, елдің саяси жағдайын талқылап, саралау барысында жазылған ғылыми жұмыс деп айтар едім» - деп бағалады. Сонымен қатар, ол өз сөзінде «Ақ жол» партиясының нағыз халықтық партия екендігін айтып өтіп, ҚР Парламент Мәжілісінің 5-шақырылымында атқарған жұмыстары туралы бірнеше мысалдар келтіріп өтті: «Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігі жөнінде әрдайым айтып отырады, ал «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлерді қорғаушы бірден бір партия. Қазір елімізде 3 миллионға жуық бизнес өкілдері бар. Кәсіпкерлікті дамытсақ, сөзсіз жұмыссыздық мәселесін де шешеміз, елімізді отандық өндіріспен қамтамасыз етуде де жетістіктеріміз көбейетін болады. Кәсіпкерліктің емін-еркін аяқтан тұрып, дамып кетуіне қолайлы жағдай жасап, 3 жыл мораторий жариялауға қол жеткізу де ақжолдықтардың жетістігі».
Сондай-ақ, А.Орман білім және жастар мәселесіне де тоқталды: «... тағы бір маңызды сала - жастардың мәселесі. Елдің ертеңі солардың қолында, жастарға қолдау көрсету керек. Білімді, өткір көзқарастағы патриот жастарды тәрбиелеудің жолдарын қарастыруды тоқтатпау керек. Менің ойымша, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында үнемі тығыз байланыс болуы керек. Жұмыс берушіге қандай маман және қанша керектігін анықтау керек, оқу орны сол кәсіп маманын оқытып шығаруды жоспарлау керек. Сұранысқа ие болмаған мамандарды дайындаудың қажеті не? Мысалы, заңгер, экономист мамандықтары тым көп болып жатса, керісінше мықты агрономдар, құрылысшылар, малдәрігерлері жетіспейді. Міне жастардың жағдайын ойлағанда осы мәселеге де көңіл бөлінуі қажет, сонда дипломын алып, жұмыс таппай жүрген жұмыссыз жастардың саны азаяр еді» - деді.
Кездесу қызықты да мағыналы өтті, жергілікті халық «Ақ жол» партиясының жұмыстары көңілге қонатындығын, сондықтан да алдағы атқарар істерге сәттілік тілеп, сенім білдірді.
qazaquni.kz
Материалдың жариялану ақысы “Ақ жол” партиясының сайлау қорынан төленді.