Ұялы телефон сатып аларда мыналарды ескеріңіз
2016 ж. 14 наурыз
4047
0
Қазір телефон сіздің әлеуметтік жағдайыңызды анықтайтын көрсеткішке айналғаны рас. Супер смартфон үшін көпшілігі банктен несие алуға да даяр. Істен шықса қыруар қаржы босқа шығындалады. Қалай дұрыс таңдау жасауға болады? Соңғы уақытта бағасы қымбат, сапасы керемет деген телефоным бұзылып қалды деп шағымданатындар көп. Тұтынушылар телефонды сауда орталығына барып ауыстырып алуға, сапасыз тауарды қайтарып беруге тырысып бағады. Мәселе ушығып жатса, тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын ұйымнан көмек сұрайды. Ол жерде ҚР тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңның аясында кеңес беріледі. Десе де сатушылар заң талабын орындауға көп жағдайда құлықсыз.Бұл жағдайдың орын алуына тұтынушының өзі кінәлі. Себебі сатып алуды растайтын құжаттарды алмайды. Түбіртек те, кепіл талондары да жоқ. Қолыңызға құжат алмасаңыз, басыңызды дауға өзіңіз тыққаныңыз. Түбіртектің қандай қажеттілігі бар? Біріншіден, түбіртекте сатушының барлық реквизиттері көрсетіледі. Қандай да бір мәселе туындаса, қиналмай табасыз. Екіншіден, түбіртек — айғақ. Яғни дәл осы жерден алғаныңызды дәлелдейді. Кепіл қағазын да сатып алғаныңызды растайтын құжат деуге болады. Бірақ талонды алар кезде мұқият қарап алыңыз. Ондағы мөрдің бар-жоғын, болса қандай екеніне мән беру керек. Тек қана «ақшасы төленді» деген жазу емес, ЖШС, ЖК деген толыққанды мөр тұруы тиіс. Бұл өте маңызды! Себебі мөрде сатушының барлық мәліметтері бар. Сондықтан тауар сатып алғанда өзімен бірге келген қағаздарды лақтырып тастамаңыз! Құрылғы істен шыққан жағдайда сізге көмекке келетін сол құжаттар ғана. Әрине түбіртек пен кепіл талонын жоғалтып алсаңыз, куәгерлердің көмегімен дәлелдеп бере аласыз. Бірақ ең ыңғайлысы — құжаттарды лақтырмау. Уақытыңызды да, жүйкеңізді де сақтап қаласыз. Ұялы телефон алар сәтте бірге келетін жабдықтардың түгел екендігіне көз жеткізіңіз. Қай зат бар, қайсысы жоғын қарап шығыңыз. Бұзылып қалғанда дүкенге қайта барасыз. Дүкен жабдықтардың бәрін түгендейді. Біреуі жетіспесе, сатып алған уақытта оның болмағанын дәлелдеу мүмкін болмай қалады. Есіңізде болсын, Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға сәйкес, істен шыққан телефонды дәл сондай жұмыс істеп тұрған түріне ауыстыра аласыз. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарына кететін шығынды да талап ете аласыз. Егер қаласаңыз, бұзылған телефонның ақысын қайтарып беруді сұрай аласыз. Бірақ тек бір нұсқаны ғана таңдау қажет. Дегенмен телефонның жөндеуге келмейтінін дәлелдеу керек. Сіздің тікелей қатысуыңыссыз бұзуылуып қалуы да мүмкін. Мұндай зерттеу жұмыстарын сервис орталықтары мен аккредитацияланған мекемелер өткізеді. Егер телефонның бұзылуына тұтынушының кінәсі жоқ болып шықса, сатушы телефонды ауыстырып береді не ақшаны қайтарады. Егер талдау нәтижесіне күмәнданып тұрсаңыз, өз қалтаңыздан ақша шығарып, басқа орталыққа тексеріс жасатсаңыз болады. Талдау нәтижесі мен қажетті құжаттарды қолыңызға алып, сотқа барғанда жеңіске жету мүмкіндігіңіз жоғары болады. Қағазбастылықтан бас тартқыңыз келсе де, қағаз — керек! Қандай құжат болмасын, лақтыруға асықпаңыз. Дереккөзі: 7kun.kz