Сайлауға түспейсің деген жоқпын - әкім
2016 ж. 14 наурыз
2374
0
«Бұдан бұрын «Қала мен Дала» газетінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының тұрғыны, кәсіпкер Ержан Дәулетовтің арызын басқанбыз. Өзін-өзі депутаттыққа ұсынған Дәулетовтің айтуынша, Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев: «Сайлауға түспей-ақ қой. Бәрін шешіп қойғанбыз. «Нұр Отанның» атынан түсетін дайын кандидатымыз бар», – деп білдірген. Кәсіпкер бұған көнбегесін әкім Дәулетовке және оның отбасына қысым жасаған.
Мақала жариялана салысымен Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев бірден жауап қатты және Ержан Дәулетовтің сөзін жоққа шығарды. Сонымен кім дұрыс, кім бұрыс айтып отыр? Әкімнің сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз.
«Сайлауды шымкентше ұйымдастыру… немесе «кандидаттықтан бас тарт» деген мақаланы оқып үнсіз қала алмадым. Бұл қалай болғаны?
Біріншіден еліміздің заңы бойынша әрбір азаматтың сайлауға түсуге толық құқығы бар. Иә, рас Ержан Дәулетов өзі келіп менің қабылдауымда болды. Ауыл ақсақалдары келді. Кездесу барысында ел ішіндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгіме болды.
Бірақ бұл кездесуде мен Ержан Дәулетовке «сайлауға түспейсің!» деп айтқан жоқпын, айтуға құқым да жоқ.
Екіншіден Е. Дәулетов №6 Түлкібас округтік сайлау округінен аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркелген.
Биылғы жылдың 27 ақпанында №6 Түлкібас округтік сайлау комиссиясы Дәулетовтың және оның жұбайының декларацияда көрсеткен мүлкі мен табысы жөніндегі мәліметін дұрыс емес тапты. Осыған сай «Сайлау туралы» заңға сәйкес кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жойды. Бірақ, бұған менің ешқандай қатысым жоқ.
Ержан Дәулетов өз кезегінде комиссияның шешімін заңсыз деп тапты және бұған қарсы арыз беріп сотқа шағымданған екен. Алайда Түлкібас аудандық соты бұл шешімді қанағаттандырусыз қалдырды.
Білгенімдей, Дәулетов әрі қарай Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сотына шағым түсіреді. Бұл жерде де арызданушының өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сондықтан Ержан Дәулетовтың декларациясын дұрыс тапсырмай, менен кінә іздеуі және дәлелсіз айыптауы әділеттілікке жатпайды деп санаймын.
Үшіншіден Дәулетовтың айтқаны шындыққа жанаспайды. Көктерек ауылында газ, ауыз су толық тартылған. Мектеп күрделі жөндеуден өткен. Ауылдың электр бағаналары ауыстырылып, көше бойына жарық шамдық орнатылған.
Қайрат ӘБДУӘЛИЕВ
Түлкібас ауданының әкімі
Дерек көзі: dalanews.kz