Әйелдер неліктен күйеулерінен таяқ жейді?
2016 ж. 11 наурыз
2657
0
Қазақстанның ерлері өз әйеліне қатыгез болып келетінін жиі естіп жатамыз. Тіпті жарына қол көтеруден де тайынбайтындар баршылық.
Бірі шындықты айтудан қымсынса, енді бірі бар кінәні өзінен көріп, шыдап жүре береді.
«Некелескенімізге 5 жылдан асты, күйеуім тұрақты түрде маған қол көтеріп тұрады. Біздің үш кішкентай баламыз бар, сол себепті ажырасуға дәтім жетпейді. Баратын жерім де жоқ, жұмысқа да шыға алмаймын, балаларымды жалғыз өзім қалай асыраймын? Әр ұрып-соғудан кейін жағдай ушыға түсуде, одан әрі шыдай беру мүмкін емес», - дейді күйеуінің қатыгездігіне тап болғандардың бірі.
"Родник" қоғамдық қорының директоры Нина Балабаева бұған ер адамдардың бәрін өз бақылауында ұстағысы келетіндігі себеп деп санайды: ақша қайда кетті, әйелі қай жерде жүр, кіммен жүр?
"Бұл орайда зорлықтың барлық түрі кездесіп жатады - физикалық, яғни ұрып-соғу, психологиялық, сексуалдық, тіпті экономикалық, яғни әйелінің өзіне толықтай тәуелді болуын пайдалану. Соңғы жағдайда әйелі күйеуіне көнуден басқа амал жоқтығына мойынсұнады», - дейді Нина Николаевна.
Нина Николаевна дәл қазір қордың «Аналар үйімен» келіссөздер жүргізіп, рақымсыз күйеуі қуып шыққан әйелге көмек көрсету мәселесін шешіп жатқанын айтып қалды. Әйелдің 1 жасар мүгедек баласымен баратын жері де қалмаған.
Тағы бір өкініштісі, осындай зорлықтардың балаларының көзінше болуы. Бұл балаға да әсер етпей қоймайтыны анық.
Әйел 15 рет соққыға жығылғанға дейін шыдап жүре береді екен. Тек өзіне сенім пайда болып, ешкімге тәуелсіз өмір сүруге дайын болғанда ғана бұл жағдайдан құтыла алады дейді Нина Николаевна.
«Алдымен ұрып-соғады, сосын кешірім сұрап, гүл сыйлайды. Кейін тағы бұрынғы әдетіне басады. Ал әйелдер кешіріп жүре береді», - дейді ол.
Өз күйеуінің үстінен полицейлерге арызданып тұрып, кейін райынан қайтатындары да аз емес. Күйеулерінен таяқ жейтін кей әйелдер бар ашуын балаларынан алып, оларға қол көтеретін кездер де болады.
Ал шыдамы әдбен таусылғандар, тіпті өз күйеуін өлтіріп тынып жатады.
«Бұл әйелдер кімдер? Зардап шеккендер ме, әлде қылмыскерлер ме? Сот оларды қылмыскер деп танып, темір торға қамады. Әрине ешкімнің өлтіруге құқы жоқ, дегенмен шыдам шегіне жеткенде адам өзін бақылай алмай қалады. Олар өз істеріне, әрине өкініп жатады. Бірақ тым кеш», - дейді Нина Балабаева.