«ТЕМІРБЕТОН» ҰЖЫМЫН НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?
2016 ж. 09 наурыз
2644
1
АҚЖОЛДЫҚТАР АЛМАТЫДАҒЫ «ТЕМІРБЕТОН-1» ЗАУЫТЫНЫҢ ЕҢБЕККЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазір кезектен тыс өтетін Мәжіліс депутаттарын сайлау науқаны қызған шақ. Саяси додаға білектерін сыбанып кіріскен алты партия да еліміздің барлық аймақтарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлаушылардың алдында болашақта іске асырамын деген бағдарламаларымен таныстыруда. «Ақ жол» партиясы өкілдері Алматыдағы байырғы кәсіпорын «Темірбетон-1» зауытының ұжымымен кездесті. Байырғы кәсіпорын деп босқа айтып отырған жоқпыз, тарихы тереңде жатыр. Алматы қаласындағы өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған үйлерді салуға пайдаланылған темір-бетон құрылыс материалдарының басым бөлігі осы зауыттан шыққаны ақиқат. Сол ғимараттар қанша жер сілкінісі болса да осы күнге дейін шыдап тұр. Қазіргілермен салыстырғанда сапасы анағұрлым жоғары. Екінші ерекшелігі, дәлірек айтсақ ерлігі - еліміздегі қоғамдық жүйенің ауысуына байланысты бізге беймәлім болған капиталистік нарықтың қыспағынан аман-есен шығып, өзін жоғалтпауы дер едік. Әйтпесе Алматыдағы алып кәсіпорындардың көбісін тарих тізімінен ғана таба аламыз бүгіндер. «Жаппай жекешелендірудің» бірінші кезегінде-ақ оларды жіліктеп бөліп алғандар, ақыры өндірістік бағытын жоғалтып, сауда-саттық, ойын-сауық орталықтарына айналдырып, жалдық ақыларын жанбасына басатын жайлы орын жасап алды. Мысалы, Алматы үй құрылысы бірлестігі, Алматы мақта-мата комбинаты сияқты әлемдік деңгейдегі кәсіпорындар бүгін атымен жоқ. Бұл зауыт кәсіпорын басшылығы мен еңбеккерлер ұжымының табандылығы арқасында аман қалды десек артық айтқандық емес. Қазір зауытта төрт жүзден астам адам еңбек етеді. Тұрақты жұмыспен қамтылып, уақытында еңбекақысын алып тұрады. Өнімнің негізгі және қосалқы үлгілерін қоса есептегенде төрт жүз елудей түрін шығарады. Сапасы жоғары зауыт өнімдеріне тапсырыс берушілерден реніш айтылған емес дейді зауыт директоры Мұрат Бискултанов. Нұрлан Жазылбеков, Қайрат Айтбай, Дмитрий Васильев бастаған ақжолдықтар алдымен зауыттың цехтарын аралап, материалдық құндылықтарды өз қолдарымен жасап жатқан жұмысшылармен әңгімелесті. Кәсіпорындағы негізгі жұмыс ауыр, ер адамдарға қолайлы болғанмен нәзік жандылардың да саны аз емес екен. Қыс айларында құрылыс атаулы тоқтайтындықтан қазір тапсырыстар азайған. Дегенмен, цехтағы мамандар жұмыссыз отырған жоқ. Ал жаз шыға тапсырыстар көбейіп, қызу науқан басталмақшы. Ол кезде қосымша жұмысшыларды тартып, үш ауысымда жұмыс істеуге тура келеді. Бұдан кейін зауыттың үлкен залында жалпы ұжыммен кездескен ақжолдықтар еңбек адамдарын не толғандыратындарын білді. Тұмыстық-әлеуметтік жағдайлар барлық жерде айтылатыны белгілі. Бізді қатты қынжылтқан мына мәселе болды. Зауыттың бөлім басшысы А.Халаоровтың ашына айтуынша тапсырыс берушілер зауыт өнімін алған соң оның келісімде көрсетілгендей тиісті ақысын төлемейді екен. Қаншама миллиондаған қаржы кәсіпорын қоржынына түспей қалып жатыр. Бұл жерде басты кінә «Казкоммерцбанк» секілді қаржы орындарының үлесінде болып отыр. Зауыт басшылығы сот арқылы жеңіп шыққанмен нәтиже жоқ, қаржы қайтарылмайды. Сот орындаушылары да олардың алдында қауқарсыз. Өйткені біздегі банктер кілең мықтылардың қолында, оларға от та, сот та жүрмейтін көрінеді. Соның кесірінен темір-бетон бұйымдарын шығаруға қажет негізгі шикізатты сатып ала алмай қалатын кездер болып қалады. Оның үстіне жаңа техника алып, өндірісті кеңейту де қажет қой. Міне осындай игі істі атқаруға жоғарыда аталғандар кедергі болуда. Зауыт ұжымы алдымен осы мәселені «Ақ жол» партиясынан шешіп беруді өтіне сұрады. Мұндай мәселемен тікелей араласып, кәсіпкерлердің құқығын тұрақты қолдап келе жатқан «Ақ жол» партиясы өкілдері зауыт ұжымы алдында уәде беріп, қолдан келетін көмектерін аямайтындықтарын айтты. Зауыт ұжымына халыққа аса қажет құрылыс материалдарын шығарып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосып жатқан еңбектері үшін алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта берік байланыста болатындарын білдірді. Бір байқағанымыз, бұл кездесуде әрбір адамның жеке басына қатысты жағдайлардан бұрын, ұжым алдындағы ортақ мәселелер көбірек көтерілді. Осыған қарап кәсіпорынның ауызбірлігі мықты екеніне, бәрі бір мақсатқа жұмылғандығына көз жеткіздік, байырғы кәсіпорынның болашағы бар деген сенімге келдік. Зейнолла АБАЖАН "Қазақ үні" газеті Мақаланың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.