ІЛКІМДІ ІСТЕРІМІІЗДІ ТАБАНДЫЛЫҚПЕН ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ
2016 ж. 07 наурыз
1808
0
«Ақ жол» партиясы өз тарихында бірінші рет Парламентте өзінің фракциясын құру мүмкіндігін алып, парламенттік азшылықта жұмыс істеудің мектебінен өтті. Толық төрт жыл бойы сайлаушыларының сенімдерін ақтау үшін барын салып жұмыс істеді. Еліміздің, қоғамның өзекті мәселелерін көтерді, олардың шешілуі жолында нәтижелі еңбек етті. Дегенмен, біздің соңына дейін жеткізе алмаған проблемалар бар, олардың маңызы әлі де төмендемей, сақталып отыр. Сондықтан да біз өткен сайлауда қабылдаған тұғырнамамызда белгіленген базалық міндеттерді орындауды соңына дейін жеткізуге тырысуымыз қажет.
Оның үстіне бүгінгі таңда Қазақстан қаржы-экономикалық дағдарысы мен өткір геосаяси қарама-қайшылықтардың салдарынан қазіргі заманның сын-қатерлерімен бетпе бет келіп отыр. Тек қана Елбасымыздың бастамасымен – ҰЛТ ЖОСПАРЫН белгілеудің, дағдарысқа қарсы шаралардың жасалуының арқасында Қазақстан ғаламдық сынақтардың соққыларына төтеп бере алады. Төтеп беріп қана қоймай, бұл жаңа кезең өнімді және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканың дамуын, біздің қоғамның ұлттық мүдделерін іске асыру үшін алғышарттар жасауы тиіс. Яғни, тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекетті одан әрі нығайтуы тиіс.
Сондықтан да «Ақ жол» демократиялық партиясы өзінің Саяси Бағдарламасында ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК – «ең басты құндылық және Қазақстанның прогрессивті дамуының шарты», – деп атап көрсеткен. Ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықты экономика, этностар мен діндердің теңқұқықтылығы – біздің бағдарларымыз болып қызмет етуін жалғастырылатыны Сайлауалды тұғырнамамызда айтылған. Партияның Алаш туралы Бағдарламасы да Тәуелсіздік мұраттарына қызмет етуде. Қазақ елінің зиялы қауымы оны бағалап та жатыр. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Бүгін біз ата-бабаларымыз күрескен, армандаған тәуелсіз мемлекетті құрып, әлемдік қоғамдастықта өз орны бар жаңа тұрпатты, қуатты елге айналуды мақсат етіп қойдық. «Ақ жол» әрбір қазақстандық үшін аса маңызды құндылық – Қазақстан Тәуелсіздігін баянды ету және оның ұлттық мүдделерін қорғауды ең бірінші стратегиялық бағыты ретінде ұстанады.
Тек бәсекелестікке қабілетті, еліміздің азық-түліктік, өндірістік, технологиялық және тауарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын дамыған экономикасы бар мықты мемлекет ғана шын тәуелсіз бола алады. Сондықтанда «АҚ ЖОЛ» партиясы келесі аса маңызды стратегиялық бағыты ретінде Нарықтық реформаларды және жеке бизнесті қолдауды бекітті. Біз «Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын әзірлеп, таныстырылымын жасағанбыз, ол жоғары деңгейдегі сарапшылар тарапынан жоғары баға алған. Президенттің Кәсіпкерлік кодекс қабылдау керек деген тапсырмасынан кейін біз әуелі заң жобасы ретінде дайындалған құжатты Кодекске айналдыру үшін жұмыс істедік. Нәтижесінде тарихи маңызды құжат қабылданды, өйткені ол Қазақстанда бұрын болмаған құқықтың жаңа саласын – кәсіпкерлік құқық саласын жасады. «Ақ жол» партиясы болашақта да орта таптың қалыптасуына және нығаюына жәрдемдесуді, сол арқылы халықтың әл-аухатын жақсартуды өзінің негізгі міндеттерінің бірі деп санайды.
Адал бизнестің абыройын кетіретін факторлардың бірі – сыбайлас жемқорлық екені белгілі. Онымен күрес Стратегиямыздың үшінші бағыты. «Ақ жол» шенеуніктер мен алаяқтардың біздің халқымыздан ұрлаған көп миллиардтаған қаржысын шет елдік банктерден Қазақстанға қайтару мәселесін Парламент қабырғасында сан мәрте көтерді. «Әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау» («Алаш» партиясының бағдарламасында жазылғандай) болуға тырысты. Ағынға айналған сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің мүмкіндіктерін төмендететінін, бизнесті жұтататынын айтты. «Ақ жол» партиясы шетелдік банктердегі қазақстандықтардың есеп шоттары туралы ақпараттарды ашуды, оларды салықтық декларациялармен салыстырып тексеруді, иелері шығу тегін түсіндіре алмаған немесе түсіндіргісі келмеген ақшаларды табу және қайтаруды талап етті және бұл бағытынан қайтпақ емес. Біз пайда болуы күмәнді табыстардың шығу тегін білуге құқылымыз. Өйткені, қылмыспен ұштасып жатқан табыспен өмір сүретіндердің жағымсыз кейпі қарапайым адамдардың көбінің түңілу және алданып қалу сезімдерін өршітеді, ал ол әлеуметтік шиеленісуді қалыптастыратын факторлардың бірі.
Демократияны дамыту, мемлекеттік органдардың, шенеуніктердің халық алдындағы есептілігі – біздің Стратегиямыздағы төртінші ұстаным. Осыған орай Парламентаризм, өкілетті органдар институттарын нығайту, соттардың әділдігі, кәсіби мемлекет құру маңызды.
Бұл ұстанымдарды Партия төрағасы БАҚ-та, әлеуметтік желілерге берген сұхбаттарында айтты. Олар Сайлауалды Бағдарламамыздың жобасында айқындала түсті. Бағдарлама стратегиямызды да, принциптік көзқарастарымызды да, ағымдағы атқарылатын жұмыстарды да, оны орындау тетіктерін де анықтап беріп отыр деп санаймын.
Ендігі жерде қабылданған заңдардың жұмыс істеп, еліміздің экономикалық дамуына негізделген бағдарламалардың жүзеге асуы жаңадан сайланатын Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының іскерлігіне де байланысты болмақ. Мен, бұдан жасырақ кезімде, әуелі Жезқазғанда, кейін Қарағандыда облыстық мәслихаттардың депутаты болып сайланғанмын. Онда шамам келгенше адал қызмет жасауға тырысқанымды айта аламын. Әйтеуір «үнсіз» депутаттардың қатарынан саналғаным жоқ. Содан түйгенім: Мәжілісте ғана емес, облыстардағы мәслихаттарда да халық қалаулысы болу жауапкершілікті, кәсіби шеберлікті, білімділік пен біліктілікті, ойлау қабілетінің жоғары деңгейде болуын, болашақты көре білуді қажет етеді.
Мен биылғы сайлаудың нәтижесімен халықтың үмітін ақтайтын, уақыт рухына сай көзқарастары бар күштер келіп, халықтың өкілетті органдарының жұмысына жаңа леп, жаңа серпін әкеледі деп сенемін. Әсіресе, елді қазіргі дағдарыс кезеңінен дағдармай шығаруға үлесін қоса алатын, қаржылық реттеу, бюджеттік саясатты оңтайландыру, бәсекелестікті ынталандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, заманауи технологияларға негізделген инновациялық өндірісті құру, әлеуметтік саясат салаларына қанық, экономиканың нарықтық және либералдық тәсілдемелерін мемлекетті одан әрі реформалауға қолдануға қабілетті бастамашыл адамдар келсе деген тілегім бар. Қоғамға серпіліс, жаңарту, жаңғырту жолы керек.
Біз еліміздің заң шығарушы органында жұмыс істеп тәжірибе жинақтадық. Халықтың мұң-мұқтажына қанықпыз, оның көкейіндегісін тап баса білуге үйрендік. Бізге қазір палатадағы санымызды көбейте түсуден де, қазіргі позициямызды бекіту маңызды. Сондай-ақ барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарда да өкілдеріміз болса игі. Біздің минимум міндетіміз де, максимум міндетіміз де осы. Егер Парламенттен алатын орнымыз аз да болса көбейе түссе, тіптен жақсы. Биыл 150 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан айтқан екен: «Болғаннан қашпа, болмағаннан саспа» деп. Әрине болғанға не жетсін! Халықтан жаңа сенім мандатын алып, Парламент Мәжілісіне өту бізге елге қажетті істерімізді табандылықпен жалғастыра беру үшін қажет-ақ. Ендеше, іске сәт! АҚ ЖОЛ!
Сәбит Байдалы, «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы
"Қазақ үні" газеті
Мақалалардың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.