МҮГЕДЕКТІҢ МҰҢЫ КӨП, АРБАСЫНЫҢ ЖЫРЫ КӨП

2010 жылдың тамыз айында Алматы қаласы Түркісіб аудандық әкімшілігіне барып, пәтер бөліміне жолықпақ едім. Кішкене баласын бауырына басқан, жас шамасы 35-тен асқан әйел адам, өз сөзіне өзі шашалып: «Сіз, «Алғадансыз» ғой, сіз мені білмейсіз бе? Мен…», - деп менің қолымнан тас қылып ұстап алып, мені жібермейді, өзі жылап тұр. Не болғанын сұрауға мүмкіндік бермей өксігін басқанша жылады. Менің бар түсінгенім, қайдан болса да, мені білетін адам, анығы бұл кісіге көмек керек. Кезекте тұрған он шақты адам да менің жаныма шоғырланып қалды. Бәріне менің «Алғадан» екенімді айтып, 31 мамырда мүгедек баласына арба алуға көмектесуге барғанымды айтып, ал, өздерінің әлі мүгедектер арбасын ала алмай жүргенін, оның бер жағында кемтарларға бөлінген әлеуметтік үйден де құр қалғанын айтып жатты. 4 баласы бар, 14 шаршы метрде 6 адамнан тұратын отбасы өмір сүріп отырғандарын, ал, мүгедек баласы коляскада отырмағандықтан, үй берілмегенін тағы баяндап өтті.

Есімі Ибраимова Камила екен. Түркісіб ауданы, Сүйінбай көшесі, 168-ші жатақхананың тұрғыны. Баласы Олжас, 17 жаста екен.

Мен жағдайға қаныққан соң пәтер бөліміне кіріп, мән-жайды сұрадым. Айжан Сыздыққызы деген қызметкер осыдан бір жарым ай бұрын тұрғын-үй комитетіне бұл кісінің құжаттарын дайындап өткізген. Сол жерден жұмысқа қоңырау шалып, өзімнің әріптестерім В.Печеных пен И.Мирсакиеваны жағдайды анықтау үшін Камиланың үйіне жібердім. Олар оның үйінде болып, тұрмыс жағдайын көріп, бәрін суретке түсіріп алған.  Не себепті пәтер берілмегенін білмек болып, комитетке бірнеше рет бардым. Үй жөніндегі Камиланың құжаттары бізде емес деп шығарып сала берді. Құдаттардың қайда тапсырылғанын білу үшін жедел шара ұйымдастырдым. Біреулер менің бұл жүгірісімді іске алғысыз деп сөгіп жатты. Бірақ мен, өзіме керек құжатқа қолымды жеткіздім. Тұрғын-үй комитетіне журналистер мен 10 шақты адам алып барғанда білгенім – олардың Ішкі саясат департаментіне берген жауабында 3 бөлмелі пәтер болмады, сосын бере алмадық деген, ал бізге берген жауабы – кезегі келген жоқ, сондықтан үй берілмейді делінген.  «Жетім көрсең, жебей жүр» демей ме дана халқымыз. Әкімшіліктің пәтер беру бөлімінде қызмет атқарып отырған Қайрат Заманбекұлының екі аяғынан баса алмайтын мүгедек баласын бауырына қысып, алдына келген ананың мұң-зарына жүрегінің селт етпеуі, көңілімізге «жақсыдан жаман туғаны-ау» деген ой мен өкініш ұялатты.

Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын насихаттау, тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында қызмет атқарып жүрген «Күретамыр» қоғамдық қорына жолықтым. Осы Қор президенті А.Қадырбаеваның хатымен әлеуметтік қорғау депар­таментіне бардым.  Әлеуметтік қорғау департамен­тінің орынбасары Қ.Әбдібеков деген азаматқа қоңырау шалып, тоқтамай шерімді айттым.  Қалалық әкімшіліктегі Б.Доспанбетов пен Қ.Нұрқаділовтен көңілім қалған мен оның өзіммен жылы сөйлескеніне қуанып, жұмыс орнымдағы Виталий Печеныхқа телефон шалып, баланы анасымен әкімшілікке алып келші деп өтіндім. Өзім олардан бұрын келіп, телефонмен сөйлескенім болмаса, көрмеген адамым көп күттірген жоқ. 087-ші Волга машинасы да келіп тоқтады. Мен ол кісінің артынан жүгіріп: «Ағай, мен сізге «Күретамырдан» телефон шалдым, арбаға қолы жетпей жүрген мүгедек бала туралы», – деп ол кісінің менімен бірге жүруін өтіндім. Виталийдің машинасында отырған баланы көрсетіп едім, адамдығы бар азамат екен, машинадағы баланы көріп, баланы қозғамай-ақ қой, менімен жүр, – деді. Кабинетіне келгеннен соң қажетті жерлерге телефон шалып, анықтамамызды өзгерткізіп, 7-ші ауруханаға жіберді. Виталий екеуміз баланы машинамен алып, арқалап жүріп мүгедектігі туралы 1274 нөмерлі анықтама алып, ақыры осы балаға мүгедектер арбасын алып беруге қолымыз жетті.

Мүгедек балаға арба алып бердік, арбаның жыры осымен бітті. Енді пәтермен қамту үшін тағы да қозғалыс жасауымыз қажет. Әкімшілік пен шенеуніктердің арасынан тағы да бір иманжүзді жан кездесер деген үміттемін.

 

Бибігүл РЫМҚҰЛОВА,

Алматы қаласы