Адвокат: Сейітқазы Матаев кешеден бері изоляторда
2016 ж. 24 ақпан
7260
1
Қазақстан журналистер одағының басқарма төрағасы әрі Ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейітқазы Матаевтың адвокаты Андрей Петров оны Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) изоляторынан коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы қалалық департаментіне әкеткелі жатқанын хабарлады. Петровтың Азаттыққа айтуынша, Матаев кеше түнде ІІД изоляторында болған. Адвокат оған бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі сотта бүгін түстен кейін шешілуі мүмкін екенін айтады.
Сейітқазы Матаевты кеше коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы қалалық департаменті "бюджет қаржысын жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деген күдікпен ұстаған. Онымен бірге кеше таңертең департаментке ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі басшысы Әсет Матаев та апарылған. Ол жерде бірер сағат тергеуден соң Әсет Матаев босатылған.
Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы Матаевтарды мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттау үшін бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деп күдіктенеді. Бірақ Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды және оқиғаны "үкіметтік емес ұйым мен ақпарат құралына қысым жасау әрекеті" деп бағалайды.
23 ақпан 2016 жыл.
azattyq.org