Педофилден сақтанудың жеті жолы
2016 ж. 18 ақпан
4966
0
Ақтөбелік прокурорлар педофилдерден сақтану үшін ата-аналарға ескертпе парақ үлестіре бастады. Онда арам ниетті адамдардан баланы сақтау жолдары мен тәсілдері көрсетілген деп хабарлайды Керек-инфо.
Екі беттік нұсқау хат қазір облыстағы барлық мектептерге үлестіріліп берілген. Ол “Құрметті ата-ана! Бұл ескертпе сізге арналады. Себебі, сіз бала үшін ең жақын адамсыз...” деген сөздермен басталған.
Ата-анаға арналған алғашқы ескертпе “Жеті жоқтың ережесі” деп аталады. Онда баланы зорлық-зомбылықтан сақтандыру үшін 7 нәрсені жасауға тыйым салу керектігі айтылады.
1. Жасөспірімдерге көшеде бөгде адаммен әңгімелесуге және оларды үйге кіргізуге болмайды.
2. Подъезд бен лифтке бөгде ер адаммен кірмеу керек. Басқа үлкен адаммен немесе әйел адаммен бірге кірген жөн.
3. Үлкен адамдарсыз (ата-ана, мұғалімдер, үлкен туысқандар) бөгде автокөліктерге отыруға болмайды.
4. Балалар бөгде адамдардан сыйлық алмауы және олар үйіне немесе басқа бір жерге шақырған кезде келіспеуі керек.
5. Қас қарая көшеде жалғыз қалмаған жөн.
6. Егер үйде үлкендер болмаса, пәтерге кіруге сұранған бөгде адамды кіргізуге болмайды. Өйткені, педофильдер су, қоңырау шалу, ата-анаға хат қалдыру мен құжаттарды тапсыруға сұрануы әбден мүмкін.
7. Тәуекел тобынан (маскүнемдер, нашақорлар, сотталғандар ж/е т.б.) тіпті олар алыс туыстар болса да қашық жүрген дұрыс.
Ең бастысы, ата-ана қауіпті жағдайда баланың өзін осылай ұстауы ұят емес, қажеттілік екендігін айтып түсіндіргені дұрыс.
"Баланы педофилден қорғау үшін оған “жоқ” деп айтуды да үйрету керек. Егер біреу балаға қонаққа кіруді, үйіне дейін жеткізіп салуды ұсынса, көршің болса да одан бас тарту керек. Егер мектепке немесе балабақшаға бөгде адам келіп, ата-ана бұл туралы алдын-ала ескертпесе “жоқ” деп жауап беру керек. Ата-анасы жоқта бейтаныс адам пәтерге кіргізуін өтінсе де әрдайым қарсылық танытқан дұрыс. Егер бейтаныс адам баламен танысу үшін немесе уақыт өткізу үшін сый жасаса, қажетті көшені көрсетіп, сөмкені көтерісуге, дүкенге ертіп баруға ұсыныс жасаса да “жоқ” деп жауап берген жөн", -дейді Ақтөбе облыстық прокуратурасының бірінші басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов.
Прокурорлар ата-аналарға балаларына бірнеше сөз тіркестерін үйретуге кеңес береді. Мәселен, жеткіншек “Рақмет, бірақ ата-анам маған бейтаныс адамдарға қонаққа баруға тыйым салады” деген сөзді жаттап алуы тиіс. Бейтаныс адамның теріс пиғылын байқаған бойда “Кешіріңіз, мен ешқайда бармаймын” немесе “Мені жайыма қалдырыңыз!Әйтпесе, айқайлаймын” деген сөздерді айтуы тиіс.
Үйге жақындаған кезде балалар артында біреудің бар-жоғына көңіл аударуы тиіс. Егер біреу келе жатса, кіре беріске жақындамауы керек. Көшеде 15-20 минут жүріп, бейтаныс ер адамның артынан қалмағанын байқаса, бұл туралы алдынан шыққан кез-келген ересек адамға айтуы қажет. Подъезге кірген бойда, дереу сыртқы есікті жабуы керек.
Прокурорлардың пікірінше, өз баласының қауіпсіздігі үшін ата-аналар да бірнеше қарапайым қағидаларды естен шығармағаны дұрыс. Кішкентай баланы көшеде қараусыз қалдырмау керек. Егер балаларыңыз мектеп жасында болса, олар өздерінің қайда, кіммен жүргені туралы үнемі хабарлап отыруы тиіс. Ересектер балаларға қауіпті жерлерде қыдыруға, сабақтан қашатын, қаңғыбастыққа бейім жасөспірімдермен дос болуға тыйым салуы қажет. Сондай-ақ, ата-аналар подъезде, мектеп ауласында, балалар бақшасының маңында еш мақсатсыз серуендеп жүрген жалғызілікті ер адамдарға назар аударуы керек. Байқаған жағдайда, дереу полицияға шағым айтуы керек. Кей жағдайда қылмыскердің бұл ауданнан ізін суытуы үшін учаскелік инспектордың құжат тексеруінің өзі жетіп-ақ жатыр.
Арам ниетті адам автокөлік ішінде отыруы мүмкін. Ол мектеп жанына автокөлігін қойып, балаларды сырттай бақылап отырады. Егер ата-ана осындай күдікті көлікті байқаса, тез арада көлік нөмірін жазып, оның түсін, маркасын, тіпті жолаушы мен жүргізушінің сыртқы келбетін есте сақтауға тырысуы керек. Бұл туралы мектеп директоры мен күзетке хабарласқаны жөн. Егер баланы сабақтан, үйірме мен секциядан ересектер күтіп алатындай мүмкіндік болмаса, сыныптастарымен бірге қайтуды ұсыну керек.
“Балалармен жылы сөйлесіп, сенім артқан жөн.Өйткені, үйінде сүйіспеншілік пен түсіністік жетіспеген балалар көбіне осындай қатерге тап болып жатады,”- дейді прокурорлар.
Былтыр облыста жасөспірімдерге зорлық көрсеткен 5 сотталушы істі болған. Ал биыл 1 адам сотталды. Жыл сайынғы статистика жасөспірімдерге зорлық жасайтындардың көбейіп бара жатқандығын көрсетеді.
Қылмыстық істер жөніндегі судья Гүлжан Әжіғалиеваның айтуынша, балаларға қатысты зорлық көбіне қазақы ауылдарда және бір отбасының мүшелері арасында жасалады. Кей жағдайда тіпті өз анасы туған қызының сөзіне күмәнмен қарайтын көрінеді. Қылмыстық іс бойынша нақты дәлелдердің болғандығына қарамастан, ер адамның сөзін сөйлейтіндер де өте көп.
Жуырда Астана қаласында да өткен брифингте “осы жылдың алты айында балаларға қарсы жасалған заң бұзушылық шамамен 30 пайызға азайған” деп хабарланды. Ал тәуелсіз құқық қорғаушы, “Қамқорлық” қоғамдық бірлестігі жетекшісі Евгений Цайдың Азаттыққа айтқан пікіріне қарағанда, Қазақстанда адамгершілік мәдениеті қалыптаспағандықтан, балаларға қарсы қылмыстар көп жасалады.