ҚАЗАҚТА АҚЫН ӨТКЕН ҚҰЛЫНШАҚТАЙ
2016 ж. 18 ақпан
9990
1
Құлыншақ Кемелұлының туғанына – 175 жыл
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірінде өмір сүрген, заманында аса танымал болған дүлдүл ақын, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Құлыншақ Кемелұлының туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Суырып салма ақындық өнерімен, табанда тауып айтар мазмұнды уәж, мағыналы сөздерімен өзі өмір сүрген ортада, замандастары арасында аты асқақтап, атағы алысқа кеткен Құлыншақ Кемелұлы жөнінде жалпы жұртшылық, әдеби қауым біраз хабардар десек қателеспейміз. Ақын туралы, оның шығармашылығы туралы Кеңес үкіметі жылдарында да, тәуелсіздік кезеңінен бері де аракідік айтылып келеді. Аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда, баспалардан шыққан жыр жинақтарында жарық көрген ақын туындылары арқылы оқырман Құлыншақ Кемелұлының шығармашылығын біршама біледі деген ойдамыз. Ақын туындыларын насихаттауға зерттеуші-ғалымдардың өзіндік үлес қосып жүргенін айта кеткеніміз орынды. Бұл ретте академик Рахманқұл Бердібайдың, филология ғылымдарының докторлары Ханғали Сүйіншәлиевтің, Нысанбек Төреқұловтың, Дандай Ысқақұлының, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлының, филология ғылымдарының кандидаты Болат Қорғанбековтың, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Жолтай Әлмашұлының, жазушы-журналист Өтеш Қырғызбаевтың және басқалардың зерттеу, насихаттау жұмыстары айтулы ақынның бет бейнесін сомдауға қосылған өзіндік үлес деп білеміз. Ал енді заманның небір аласапыран оқиғаларына қарамастан, ақын есімінің, оның шығармаларының халық жадында осы кезге дейін сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатуының себебі неде деген сауалға келер болсақ, оны Құлыншақ Кемелұлы туындыларының өміршеңдігінен, ақынның халық көкейінде жүрген ой-пікірлерді сол халық атынан шебер тілмен, ұтымды ойлармен жеткізе білуінен іздеген жөн. Өз заманында ақынның өлең сөзде от ауызды, орақ тілді тайпалмас жорға болғанын кезінде оның өз тұрғыластары да айтып кеткен. Мысалы, замандасы, кезінде Сыр бойының (қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданы) атақты ақындарының бірі ретінде танылған Бұдабай ақын Құлыншақтың жампоздығын былай деп жырға қосады: Көтеншіде Құлыншақ, Өлең сөздің ұстасы, Майлықожа, Мәделі, Бұлар оның тұстасы. Сөздерінің бар еді, Тістейтіндей қысқашы. Ең озығы Құлыншақ, Өлең десе ұрыншақ. Шу асауды тоқтатқан, Бұғалақты бұрын сап. Және бір замандасы Майлықожа Құлыншақпен айтысындағы сөз арасында «Қосылдық екі жүйрік сайымызға...», «Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің...» дей келіп, «Ақын ең бағың қалың, озған атың» деп, Қ.Кемелұлының жалпы жұрт таныған талантына көпшіліктің назарын аударады. Құлыншақ Кемелұлы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының «Жартытөбе» ауылында 1840 жылы туып, 1911 жылы қайтыс болған. Көркем сөзге қабілеттілігімен ел аузына ерте ілініп, ақындық, импровизаторлық өнерімен жиын-тойларда сан рет сөз сайысына түседі. Молда Мұса (Мұсабек Байзақов), Майкөт, Майлықожа, Бұдабай сияқты және басқа ақындармен айтысып, өзінің жүйрік тілді, ұшқыр ойлы ақын екендігін танытады. Өз бетімен сауатын ашып, Шығыс шайырларының шығармаларын оқыған, қисса-хикаяларды жаттаған. Қобызға, домбыраға қосылып жыр, қисса, толғау, терме айтқан. Оның «Қыз Жібек», «Шора батыр», «Шекер - Шырын» тағы басқа халық дастандарын домбыраға, сырнайға, қобызға қосып, таңды таңға ұрып, нәшіне келтіре жырлағанын көне көз қарттар күні бүгінге дейін айтып отырады. Құлыншақ көптеген арнау өлеңдер жазған. Оқиғаның мән-жайына орай табан астында шығарылып, тапқырлығымен, ұрымталдығымен, ұтымдылығымен замандастарының ілтипатына ие болған осындай бірсыпыра өлеңдері қазақтың ел ішіндегі ежелгі дәстүрі бойынша ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, бүгінгі күнге дейін жетті. Мысалы, «Көлбайға», «Дүйсенбіге», «Жаманқараға», «Ондыбайға», «Майлықожаға», «Қожабергенге», «Нарынбайға», «Үмбетке», «Өзігелдіге» тағы басқа арнау өлеңдерінде ақын әлеумет құбылыстарын терең талдаумен бірге, адамның жеке басындағы артықшылықтар мен кемшіліктерді қысқа да нұсқа түрде көкейге қонымды етіп, шебер жеткізе біледі. Осы арада ақынның халық жадында жатталып қалған бір-екі шумақтан тұратын тапқыр ойларының бір есептен хакім Абайдың жеке адамдарға арнау ретінде жазған және мәселеге сын тұрғысынан қараған «Кім екен деп келіп ем түйе қуған», «Шәріпке», «Абыралыға», «Жақсылыққа», «Рахымшалға», «Дүйсенқұлға», «Разаққа» тағы басқа да өлеңдерімен сарындас келетінін айта кеткеніміз жөн. Мұндай арнауларында ақын мақтауды не даттауды емес, мәселенің мәнісін ашып, шындықты шырайын келтіре айтуды мақсат тұтады. Мысалы, «Жандәулетке» деген шумағында ақын аты бәйгеден оза алмай қалып, ашу буған адамды әрі сабырға шақырып, әрі оның бұл қылығының жөн еместігін бетіне басып, былай дейді: «Жандәулет, жүремісің, желемісің, Өзіңді ашу буып келемісің. Көк шоқай ат бас бәйге алмады деп, Қайтесің, соған бола өлемісің». Немесе Толысбай деген ағайынына айтқанын оқып көрелік: «Ей, Толысбайым, Толысбайым, Көкпеңбек екі көзі орыстайым. Мейлің жең, шелектерді, мейлің жеңіл, Мен саған ағайын боп болыспаймын». Ақынның бұл жердегі «Шелек» деп отырғаны ру аты. Қой тоғыту кезінде ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ру адамдарының жанжалына куә болған Құлыншақтың жоғарыдағыдай шумағынан кейін аузы дуалы ақынның әділдігіне риза болған қауым татуласып тарасқан екен дейді. Тағы бірде ел аралап жүрген ақын Тама тайпасының Бұзау руынан болып келетін ауқатты бір отағасының үйіне тоқтайды. Үй иесі келген қонақтың кім екеніне онша мән бермей, қазанға салынған бір жауырынды ақынның алдына көлденең тартады. Сонда ақын жауырынға қарап отырып былай деген екен: «Басында бұзау едің торпақ болдың, Сен неғып мұндай жерде қорқақ болдың. Салғаның қазаныңа жалғыз жауырын, Үһілеп өзің де оған ортақ болдың». Қателігін кеш түсінген үй иелері мал сойып, ақынды жақсылап күткен екен дейді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша Құлыншақ дүниеден таршылық көрмеген. Ол өзінің кейбір замандас ақындарына ұқсап, мал-мүлік қууға салынбаған. Ақын шығармаларын зерделеген адам оның өлең-жырлары арасынан жиын-тойларда салтанат иесіне көпшік қойып, марапаттаумен арзан бедел жинап, ат-шапанға ие болу барысында айтылатын шығармаларды мүлде кездестірмейді. Бұл кездейсоқтық емес. Себебі ақын өлеңді таза өнер деп білген. Сондықтан жоғарыда өзіміз айтқандай арзан мадақтауларға, дүние үшін адам бойындағы кемшіліктерді іркіп қалуға бармаған. «Қисық батырға», «Ондыбай болысқа» айтқандары, «Мазақ қылма Көлбайым», «Құдабайға айтқаны», «Ағайынға болыспаймын» атты тағы басқа өлеңдері осы сөзіміздің дәлелі. Құлыншақ көп жылдар Сарыарқа жағында ел аралап, әйгілі Шөже ақынмен дидарласқан. Поэзия алыбы Жамбыл: «Майлықожа, Құлыншақ, пірім еді бас ұрған» деп Құлыншақтың ақындық үлгісін жоғары бағалаған. Міне осындай үзік-үзік деректердің өзі Құлыншақтың өз заманында аты алысқа кеткен ақпа ақын екенін дәлелдей түседі. Ақын шығармаларының ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, бүгінгі күнге жеткен жұқанасының өзінен Құлыншақ Кемелұлының халқын, туған жерін сүйгені, елінің салт-дәстүрін қадірлегені және өзгені де елдікті сақтауға үгіттегені, көзі ашық, көкірегі ояу ақынның отаршылдыққа жан-тәнімен қарсы болғаны айқын аңғарылады. Әсіресе «Амалсыз асы біз күмірә» деген толғауында ақынның ел арасына дендеп ене бастаған, халықтың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріне жат әдеттерге денесі түршіге қарағаны бірден байқалады. Мысал үшін толғаудан қысқаша үзінді келтірелік: «...Азғана сөзді қозғайын, Тыңдасаңдар жақсылар Әзіргі мынау күндерден. Жайлауымды жау алып, Ықтияр кетті-ау күллі елден! Бұған да шүкір қыламыз Патшамыз орыс-ты, Күннен күнге қылып тұр Көңілдегі жоқ істі. Қадаулы ағаш, тартқан сым Қаптаған хахол сыймайды Қазақтан алды қонысты. Қазынаға қарыздар Халық көбейді борышты... Момынның көңілі толы жас Зәлімнің көңілі семірді. Кісі-сымақ ысқырып, Есігіме тебінді. Қадақ болған кісідей Ала алмай жүрмін кегімді...» «Пенденің көп-ті күнәсі», «Тәнің де мейман жаныңа», «Тыңдаушың жаман кездессе», «Бидің әділ болмағы», «Не жақсы», «Жаратылыс туралы», «Би болмас белін жалпақ буғанменен» және тағы басқа өлеңдерінде ақын қоғам қайшылықтарын тайпалған жорға тілмен айшықты жеткізеді. Ақынның отбасы жөнінде айтар болсақ, Құлыншақтың екі әйелі, екі ұлы, үш қызы болған. Үлкен ұлы Ысқақ та әке жолын қуып, ақындықты таңдады. Ысқақтың өлеңді суырып салып айтуға қабілеттілігін аңғарған соң әкесі оны жиын-тойларда қасына ертіп жүріп баулыған. Өкінішке қарай қағазға түспегендіктен, Ысқақ Құлыншақұлының да көп өлеңдері ұмыт болған. Тек Қадиша қызбен айтысы ғана айтыс туралы жинақтарда жарияланған. Құлыншақтың кенже ұлы Исақан 1986-жылы қайтыс болды. Ақыннан тараған әулеттің басым көпшілігі күні бүгінге дейін Созақ ауданының аумағында өмір сүріп жатыр. Құлыншақ 1911-жылы Меккеге қажылыққа барып, содан қайтып келе жатқанда ауырып, жол үстінде көз жұмады. Оның сүйегінің қайсы жерге қойылғанын анықтап ешкім айта алмайды. Қасындағы серіктері «Елге сәлем» деген бір ауыз өлеңін ғана айтып келіпті. Ер жігіт үйде де өлер, түзде де өлер, Көп жасаса ер жігіт жүзге келер. Пәнденің маңдайына жазуы сол, Үйде өлгенмен апарып түзге көмер. (1-нұсқа) Осы сәлемнің өзін әркім әр түрлі етіп айтады. Кейбіреулер аяғына қосымша сөз жалғайды. Бұл арада бір ескерте кететін жәйт – ақынның кейбір өлеңдерінің ел арасында әртүрлі нұсқада айтылатыны. Ауыз әдебиетінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұл жәйт ақынның соңғы жылдары жарық көрген жинақтарында да ел арасында айтылуына қарай, екі немесе үш нұсқасы қатар берілген. Сол сияқты ақынның кейбір өлеңдерінің, ол жөнінде жазылған толғаулардың (Мысалы, Есіркеп Өмірбеков пен Сұлтанбек Аққожаевтың ақынға арнаған толғаулары – О.Ж.) толық нұсқасы табылмағандықтан, шығарма жинақтарға соңына көп нүкте қою арқылы берілгенін айтқан жөн. Келешекте олардың толық нұсқасы табылар деп үміттенеміз. Құлыншақ ауыз әдебиетінің от тілді, орақ ауызды алыбы болған. Суырып салма ақындығымен атағы Қазақстанның көп жеріне жайылған. Өзінің ақындық ерекшелігімен ел ауызына ерте ілігіп, жиын, той және де басқа басқосуларда өнер сайысына түскен. Ертеде көп ақындардың өлеңдері баспаларда жарық көрмей, бірте-бірте ұмыт болып кеткен. Құлыншақ мұрасы да осындай халге душар болды. Құлыншақ туралы көне көз қариялардан көп мәліметтерді білуге болар еді. Бірақ ол кісілердің көбісі қайтыс болып кеткен. Солардың ішіндегі халық поэзиясының алыбы Жамбылдың берген бағасы бір төбе. Ол Құлыншақты өзіне ұстаз тұтқан. Мысалы: «Қаздай қалқып ерінбей, Өлең тердім жасымнан. Майлықожа, Құлыншақ, Пірім едің бас ұрған». Міне осы сөзде көп мағына жатыр. Атақты жыршы Сұлтанбек Аққожаев Құлыншақты былайша дәріптейді: «Әкесі Құлыншақтың Кемел еді, Сүйген екен немере, шөберені. Алты ұлы, алты ауыл боп жүре берді, Адамға бұдан артық не береді. Құлыншақ алтауының ең кенжесі, Дарыған өнерінде өлең еді. Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп, Үш тоғыз дүниемен жібереді. Сұлтанбек тағы бір өлеңінде былайша айтады: Ұстазым – орта жүздің Құлыншағы, Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы. Қосылып құнаныңда ат бәйгеге, Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай сағы». Шәкірті сүйсініп жырлаған осындай дүлдүл де жүйрік ақынның бүгінгі күні насихатталуының өз дәрежесінде емес екенін айта кеткен орынды. Бұл жөнінде ақын шығармашылығын зерделеушілердің бірі, Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының құрметті азаматы Есіркеп Өмірбеков өзінің «Шежірелі өлке» деген кітабында былай деп жазады: «1990-жылы Созақ елінің жұртшылығы «Жартытөбе» ауылында ақынның туғанына 150 жыл толу мерекесін өткізді, бірақ ақын тойы жұпыны өтті. Оның тойына ауданның кейбір ауылдарынан өкілдер келмей қалып, «естімедік» деп кейін өкпе айтып жүрді. Құлыншақ ақынның көп өлеңдерінің айтылмай, жария болмай, жоғалып кетуіне оның Меккеге қажылыққа баруының өзі себеп болды. Кешегі дінді уағыздаушыларды отап тұрған заманда қажының өлеңін айту да, жазып-жинақтау да қауіпті еді. Сонда да болса әр жерде бір ауыз, екі ауыз өлеңін білетіндер кездесіп қалады» (Есіркеп Өмірбеков. Шежірелі өлке. Шымкент «Ғасыр-Ш» 2002 ж., 194 – 201-беттер). Өкінішке қарай, бұл жағдайдың одан кейінгі жылдары да қайталанып, ақынның 160, 170 жылдығының ескерусіз қалғанын, биылғы 175 жылдығының да атаусыз қалып бара жатқанын тиісті орындардың есіне салғанды жөн көріп отырмыз. Шөже ақыннан бата алғаннан кейін, Құлыншақ көп жерлерді аралап, өзін таныта түседі. Өкінішке қарай, солардың бірде біреуі қағазға түсірілмеген. Осы олқылықтың орны алдағы уақытта толтырылып, ақын шығармашылығы жөнінде толымды еңбектер жарық көреді деп үміттенеміз. Кеңес үкіметі жылдарында да Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығына талдау жасауға, оның әр кезеңде, әр жинақта шашырап жүрген туындыларының, ол туралы ғалымдар әр кезде ортаға салған ой-пікірлердің басын біріктіруге талпыныс жасалмады. Бұл мәселеге тек тәуелсіздік жылдары ғана көңіл бөлініп, әр жинақта, газет, журнал беттерінде шашырап жүрген ақын шығармаларын жинастыру қолға алына бастады. Бұдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2006 жылы демеушілердің көмегімен ақын шығармаларын және ол туралы зерттеулерді «Дүние ол бір көлдің қасқалдағы...» деген атпен бір жинаққа топтастырудың сәті түскен еді. Бірақ ол небәрі 500 дана таралыммен жарық көрді де, көпшіліктің көзайымы бола алмады. Енді міне ақынның 175 жасқа толуына орай әлеуметтік маңызы бар әдебиет бағдарламасы бойынша ақын жөнінде, оның шығармашылығы жөнінде Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жинақ шығарылып, республика көлеміне тарау мүмкіндігіне ие болып отыр. Әрине Құлыншақ жөнінде, оның шығармашылығы төңірегінде жоғарыда әңгімелегеніміздей, әдеби ортада, жұртшылық арасында айтылып келеді. Бұл ретте әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлының ақын шығармашылығын зерттеудегі тыңғылықты еңбегін атап көрсеткен жөн. Уақытында Оңтүстік өлкенің, Қаратау өңірі ақындарының шығармаларын ұзақ жылдар зерттеген ғалым, Құлыншақ Кемелұлының өлеңдерін ел аузынан жинап, олардың баспасөз бетінде жарық көруіне едәуір еңбек сіңірді. Ақынның «Өсиет» деген кітабы аталған ғалымның тікелей басшылығымен өмірге келген. Бұдан басқа, Құлыншақ ақын туралы жиі-жиі мақалалар жазып, оның өнерін өндірте насихаттағандардың бірі - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібай. Құлыншақ Кемелұлы туралы мәліметтердің молыға түсуіне ақын өмір сүрген ортаның да едәуір көмегі тиді. Атап айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы «Жартытөбе» ауылында тұратын ақсақал Рысқұл Рысжанов ақынның өмірдеректерінен мәліметтер жинауда, белгісіз болып келген өлеңдерін жарыққа шығаруда ұзақ жылдардан бері жалықпай еңбек етіп, кезінде бірталай шаруа тындырды. Соның нәтижесінде ақынның бет-бейнесі сомдала түсті. Сол сияқты ақын шығармашылығын насихаттауда аталған ауданның құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, артына аудан тарихының шежіресі іспеттес мол мұра қалдырған Есіркеп Өмірбековтің де сіңірген еңбегі мол. Құлыншақтың шығармашылығын насихаттауда ақын өмір сүрген ауданның тумасы, белгілі радиожурналист Ғалым Есенсариевтің және журналист-зерттеуші Алмас Ақылбектің айтарлықтай еңбек сіңіріп жүргенін ризашылықпен атап өткеніміз жөн. Олар баспасөзде, радиода халық ақындарының өнерін, соның ішінде Құлыншақтың ақындығын әңгіме өзегіне жиі-жиі арқау етеді. Ақын шығармаларының кітап болып таралуына аталған зерттеушілер айтарлықтай еңбек сіңірді. Осы азаматтардың мұрындық болуымен және зерттеуші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақовтың баспаға дайындауымен Құлыншақ Кемелұлының шығармалары мен ол туралы зерттеулер Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, рухани мұраларына арналып, осы облыс әкімдігінің бастамасымен және демеушілігімен (идея авторы және көптомдықтың жалпы редакциясын басқарушы – белгілі ғалым, ұлтжанды азамат, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов – О.Ж.) шығарылып келе жатқан көптомдық басылымның 96-шы томында жарық көрді. Сол жинақ баспа жүзін көрер тұста журналист-зерттеуші Алмас Ақылбек Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай, Созақ өңірлерін аралап, біраз тың деректер жинады, ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған үш өлеңін, ел аузындағы ұрымтал сөздерін (Имандылық маңызы, Елге сәлем, Ергөбек бұлбұл құсың емес пе еді, Сараңның сазайы, Ишанның ақынды сынауы – О.Ж.) айналымға қосты, ақын шығармашылығына арнап көлемді мақала жазды (Қарадауыл Құлыншақ – О.Ж.). Құлыншақтың біраз өлеңдерін жатқа білетін адамдар да болған. Соның бірі - Отырар ауданының «Шәуілдір» ауылында өмір кешкен Омар Байымбетов. Осы жинаққа енген ақынның бірсыпыра өлеңдері сол кісінің айтуынан жазылып алынған. Құлыншақ Кемелұлының шығармаларын насихаттауда оның шәкірті, Оңтүстік өңіріне белгілі жыршы Сұлтанбек Аққожаевтың сіңірген еңбегін атап өту керек. Құлыншақтың суырып салма төкпе ақын, дөп басып айтар шешендігімен қоса, қазақтың көне қиссаларын домбыра, қобыздың сүйемелдеуімен таңды таңғы ұластырып жырлайтын үздік жыршылық өнерін бүгінгі күнге жеткізуші осы Сұлтанбек болатын. Ақын туып-өскен аудан жөнінде айтқанда, осы өлкеден шыққан арғы-бергі өнер адамдарының, ақын-жазушылардың шығармашылығына құрметпен қарап қана қоймай, қолдан келгенше қамқорлық жасауға ұмтылатын аудан басшылары жөнінде айтпай кету қиянат болар еді. Сондай абзал азаматтардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сенатор Қуаныш Айтаханов. Ол 1994-1999 жылдары Созақ ауданының әкімі болып еңбек еткен кезде шаруашылықты дөңгелетіп әкетумен бірге, өнер адамдарының, қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын өткізу, тарихи ескерткіштерді жөндеу тәрізді игілікті істерді қолға алып, халықтың алғысына бөленді. Соның ішінде Құлыншақ Кемелұлы шығармаларының жинақталып, бір арнаға түсуіне де қолдан келген көмегін аяған жоқ. Ақыр аяғында ақын шығармаларының, ол туралы зерттеулердің әлеуметтік маңызды әдебиеттер бағдарламасына енуіне де ықпал еткенін ризашылықпен атап көрсеткен жөн. Сөз соңында дүлдүл ақын Құлыншақ Кемелұлының 175 жылдығына орай жақында жарық көрген жинақтың бес бөлімнен тұратынын еске саламыз. Бірінші бөлім ақын өлеңдерін қамтиды. «Былай деген екен» деп аталатын екінші бөлімде ақынның ұрымтал, тапқыр сөздері туралы ел аузындағы әңгімелер топтастырылған. Үшінші бөлім ақын шығармашылығы туралы зерттеу еңбектерден тұрады. «Құлыншақ ақын – көркем шығарма кейіпкері» деп аталатын төртінші бөлімде ақын өмірінен жазылған көркем туындыларға орын беріледі. Ал бесінші бөлім оқырманды Ысқақ Құлыншақұлының шығармашылығынан хабардар етеді.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты
qazaquni.kz