ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА ЕЛДІ НЕГЕ ДҮРЛІКТІРДІ?
2016 ж. 09 ақпан
4189
16
Апта барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қарағандыда жүкті әйелдің доңыз тұмауынан көз жұмғанын хабарлады. Осыдан кейін жұрттың бәрі дүрлікті. Сөйтсе, сала басшысы байқаусызда мүлт кетіпті. Мұны естіген Қарағандының Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының қате ақпар бергенін айтып дабыл қақты.
Әйтсе де, Тамара ханым біздің елдегі қателесіп отырған жалғыз министр емес. Бұған дейін де Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мемлекеттік тілде 8 сөзден 3 қате жіберіп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Сол кезде де бас ұстаздың қатесін қарапайым қатардағы мұғалімдер түзеген еді. Бұл жолы да дәп солай болды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің қатесін басқарма басшылары түзеді.
Дегенмен, бұл өңірде соңғы екі айда 27 адамның доңыз тұмауын жұқтырғаны белгілі болды. Науқастардың барлығы тиісті ем-дом шараларынан кейін, аталған аурудан толық жазылған көрінеді. Әзірге аймақ көлемінде Н1N1 вирусының салдарынан кісі өлімі тіркелмепті. Доңыз тұмауынан көз жұмды делінген 33 жастағы Сәуле Ақпанова ауруханаға сырқаты асқынған күйде жеткізілгендіктен, бірден жан сақтау бөліміне түсіпті. Кәдімгі тұмауға шалдыққан әйелге қажетті емдеу шаралары жүргізілгенімен, дертіне дауа бола алмай, бес күннен соң жан тапсырыпты. Апта көлемінде денсаулық саласында орын алған жаңалық бұл бір емес, әрине. Жаңа реформа енгізуден, білім министрлігінен қалыс қалмайтын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі алдағы уақытта міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асатындығын мәлімдеді. 2017 жылдан бастап науқастар қайда барып ем қабылдайтынын өздері шешетіндіктен, қызмет көрсету сапасы төмен ауруханалар мен емханаларға жұрттың жоламайтындығын айтады сала мамандары. Әлбетте, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің игілігін көру үшін азаматтардың өзі де ай сайын ақша аударып отыруға тиісті. Үкіметтегілер жаңа реформа еліміздегі медициналық қызмет сапасының жақсаруына әсер етеді деп топшылап отыр әзірге. Сонда «кәдуілгі халыққа тегін медициналық қызмет көрсету ісі қайда қалады?» деген заңды сауал туындайды. Жаңа жүйе жұртты жарылқай ма, жоқ әлде онсыз да шекесі қызбай тұрған саланың қордаланған мәселесін көбейте түсе ме? Бұл әрине, уақыттың еншісінде.
Денсаулық саласының осы аптада мәлімдеген жаңалығы мұнымен де бітпейді. Осы уақытқа дейін ведомство 2015 жылдың аяғына дейін еліміздің барлық өңірлеріне тастанды балаларды салуға арналған арнайы қорапты қоюды жоспарлаған-ды. Күні кеше «Бэби-бокс» жүйесін енгізу тастанды балалар санын арттыруы мүмкін» деп аталған жаңашылдықты енгізуден бас тартатындығын айтты.
Бұл тұрғыда: «Бэби-бокс» жүйесін енгізу бала құқығы жөніндегі Конвенция мен Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы» туралы Заңның 60-бабына қайшы келеді. Ол тармақта былай деп жазылған: «Әрбір бала отбасында тәрбиеленуге, өзінің ата-анасын білуге құқылы» деген пікір білдірді сала басшылары. Сонда мұндай заңның бар екені денсаулық министрлігіндегілердің енді есіне түсіп отыр ма? Әлде шақалақтарды дәретхана шұңқырлары мен қоқыс қораптарынан тауып ала береміз бе?
Германия, Италия, Венгрия, Оңтүстік Америка, Бельгия, Чехия, Австрия, Латвия, Словакия, Ресей сынды көрші мемлекеттерде өз жемісін беріп келе жатқан бұл жүйеден бас тарту қалай десек те орынсыз.
Өйткені, еліміз бойынша жыл басынан бері әжетханадан, жол бойынан, тіпті құбырлардан, қоқыстың арасынан қаншама шарана табылды. Бейкүнә сәбилерімізді әр жерден бір тауып алып, жағамызды ұстап жатқаннан гөрі «Бэби-бокс» қорапшасын қолдану әлеқайда тиімдірек емес пе? Әрбір бала отбасында қалай тәрбиеленеді, қалай олар ата-анасын біледі? Егер де олардың көпшілігі жол бойында шырылдап жатса? Бұл жерде ең бастысы, жарық дүниеге келген нәрестенің амандығы емес пе?..
Гүлмира САДЫҚ
"Қазақ үні" газеті