ЖОЛЫҢ НЕТКЕН АУЫР ЕДІ, МАҢҒЫСТАУДЫҢ АУЫР МҰНАЙЫ!..

Қара өтірік айтса – өтірік. Хан өтірік айтса – қылмыс!» Қазақ мақалы

Маңғыстауда мұнай зауыты неге салынбады?..

08Маңғыстауда ауыр мұнай өндіріледі. Бозашыда. Қаражанбаста. Ауыр  мұнай деген не? Ол мұнай құрамында ванадий мен никель секілді ауыр металл кездеседі деген сөз. Одан бөлек күкірт, тіпті алтын да бар. Бұндай мұнайды тереңдете өңдеу Қазақстандағы химия, фармацевтика және басқа да салалардың дамуына аса зор септігін тигізер еді. Ауыр  мұнайды кәдімгі мұнай айдайтын құбырмен айдауға болмайды, ол тек танкермен тасымалданады. Бұл мұнайдың өзіндік құнын күрт көтеріп жібереді. Шетелдерге ол осының салдарынан су тегін кетіп жатыр десе де болады.

Ал, енді ауыр мұнайдан әлгі ауыр металдарды айырып алу технологиясы бар ма? Әрине, бар. Оны өңдейтін зауыт Кеңес Одағында Бакуде бар болатын. Бірақ, оның сапасы, әрине, ойдағыдай емес, әлемдік стандарттан әлдеқайда төмен жатыр. Жақсы өңдейтін зауыт Сицилияда, Италияда. Сөз жоқ, Жапонияда. Сол кеңес дәуірінің өзінде-ақ бұндай мұнайды толық өңдейтін зауыт салу қажеттігі туындап, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бір топ маман осы мәселені көтерген болатын. Бастамашысы - «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Нұрлыхан Өтеуұлы Бекбосынов.

Жауғаштының 1989 жылы «Қазақстан Коммерция» сыртқы экономикалық байланыс қауымдастығын құрғаннан кейін «Ермакферроқорытпаның» басшысы Семен Аронович Донскойдан бөлек қоян-қолтық жұмыс істеген екінші адамы осы Бекбосынов болды. Жауғашты ПГМК-мен де (Прикаспийский горно-металлургическй комбинат) өте жақсы бірлесе жұмыс істеді. Бұл комбинат уран (атом) өнеркәсібінің көшбасшысы  еді. Аммофос, нитроаммофос секілді тыңайтқыш та шығаратын. Нарық заманында бұл комбинат жабылып қалды. Себебі, сол маңайдағы уранның кені таусылды, аммофос өндіретін кен орны болмады.

1991 жылы ақпанда Нұрлыхан мен Жауғаштының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі ҚазақКСР Министрлер Кеңесі Маңғыстауда жылына 6 млн.тонна ауыр мұнай өңдейтін зауыт салу жайлы бірлескен қаулы шығарды. Бұл қаулыда көптеген министрліктер мен ведомстволарға «...жылына 6 млн.тонна теңдессіз Бозашы мұнайын өңдейтін,  жоғары сапалы бензин, реактивтік және дизельдік отын, битум және басқа да өнімдерді шығаратын, сондай-ақ ванадий мен никель айырып алатын өндірісі бар Маңғышлақ мұнай өңдеу зауытының жобасы мен құрылысын іске асыру» жөнінде тапсырмалар берілген болатын. Зауыттың қуаты 3 млн.тонналық бірінші кезегі 1995 жылы пайдалануға берілуі тиіс деп есептелді. Тапсырыс беруші ол кезде КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігіне қарайтын «Маңғышлақмұнай» (Ол кезде Маңғыстау деген ресми атау әлі жоқ) өндірістік бірлестігі еді.

Және жалаң тапсырмалар берумен іс шектелген жоқ, қаулы бойынша бюджеттен қаржы да бөлінді. «Нысанның теңдессіздігі мен оның саланы дамытудағы маңызын ескере отырып, 1991-1995 жылдарға арналған жоспарда ММЗ бірінші кезегінің құрылысын КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің орталықтандырылған бастауынан қаржыландыру алдын-ала қарастырылсын, ал, 1991 жылдың жоспары бойынша «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігіне құрылыс индустриясын дамыту мен дайындық жұмыстарын 16 млн.рубль мен құрастыруды қажет етпейтін жабдықтар сатып алуға 3 млн.рубль бөлінсін».

Бұл ақшаны кеңес өкіметі қайдан алды? Аспаннан ақша жауған жоқ, қазақтың өз бидайын өзіне қуырып, Қазақ КСР-інің сыртқы саудамен айналысатын мекемелерін іске тарта отырып, жыл сайын Маңғыстау мұнайының бір миллион тоннасын экспортқа шығаруды, содан түскен табысты тікелей құрылыс жұмысына жұмсауға шешім қабылданды.

1991 жыл… Жұрттың бәрі үшін де бұл оңай жыл болған жоқ. Кеңес Одағы деп аталатын алып империя күн санап күйрей бастады. 1989 жылдан кейін Одақ құрамынан ашық шығуға бет алған Балтық жағалауының  үш республикасы 1991 жылы наурыз айында өткен бүкілодақтық референдумға қатысқан да жоқ, қалған республикалардың әрқайсысы өз бетінше күнкөріске іштей дайындала бастады. Бірақ, Мәскеу бұрынғыша екі тізгін, бір шылбырды қолынан шығармауға тырысып бақты.

Экономикасы дамыған, инфрақұрылымы да ел қатарлы Қазақстанның бұл кезеңде минусынан плюсі көп еді. Басқаны айтпағанда, республикада әскери зауыттар аз болмайтын. Қазба байлық қоры жөнінен оған теңесер ел мүлде аз, тіпті, рений, осьмий секілді құны алтыннан жүздеген, мыңдаған есе қымбат сирек металлдар да өндіріледі Қазақстанда! Қысқасы, Жаратушының ерекше ықылас-махаббатынан пайда болған бұл байтақ өлкеде не жоқ дейсіз, бәрі бар! Ең ақыры космодромға шейін. Қазақстан шикізаттан бөлек көп дайын өнімді де сыртқа шығарып сатады. Қазақ КСР-інің өнімі әлемнің 78 еліне жөнелтілетін  және оның басым бөлігі дайын тауар болатын.

Бастысы бұл да емес, бастысы – адам байлығы. Кеңес кезеңінің мамандары әлемдегі ең мықты мамандар болғандығына Жауғаштының сенімі кәміл. Олай болуының негізі әлемдегі ең озық кеңестік білім беру жүйесінде жатыр деп білетін. Оның бұл пікірімен толық келісуге болады. Дәлел ретінде 1961 жылы Гагарин аспанға ұшқанда бүкіл Америка есінен танып қалғанын еске алайықшы. «Қалайша, күні кеше ғана бес жыл қырғын соғыстан шыққан кедей ел АҚШ-тан бұрын ғарышқа  жол сала алды?!» Конгресс бұл жайттың сырын анықтау үшін арнайы комиссия құрып, бір жылдан соң құзырлы комиссияның жасаған түйіні мынаған сайды: «Кеңес Одағында орта және жоғары білім беру жүйесі АҚШ-тағыдан артық дамыған!» АҚШ сондықтан да сырттан жібітіп, іштен ірітіп отыру саясат қолданды, олар ең алдымен біздегі  білім мен денсаулық саласын ақсатуға тырысты, осы жымысқы тірлігінің арқасында өз дегеніне қол жеткізе білді, ал, сондай жағдайға ұшырамас үшін, Африка, Латын Америкасы мен Азиядағы көп елдің кебін құшпас үшін Қазақстанға жігерлі саясат жүргізсе жетіп жатыр еді деп есептейді Жауғашты...

...1991-дің тамызында Мәскеуде атышулы путч болды, барлық одақтас республикалар өзінің егемендігін жариялап, КСРО бүкіл елдің көз алдында ыдырап, тарап бара жаты. Басталған іс аяқсыз қалмасын деген оймен Жауғашты Нұрлыхан Бекбосыновпен және тағы бір топ мамандармен бірге тізе қосып қимылдай жүріп, Қазақстан Үкіметін қайта-қайта мазалаудың арқасында 1991 жылы қазан айында ауыр мұнайды терең өңдейтін Маңғыстау мұнай зауытын салу жайлы ҚР Министрлер Кеңесінің өзінің жеке қаулысын қайта шығартты.

Грозный қаласындағы «Гипронефтехим» институты зауыттың жобалау жұмысын жасамақшы болды. Ол үшін инвестор табу керек, байқау (тендер) өткізу қажет. КСРО Сыртқы сауда министрлігінде мұнай-химия өнеркәсібіне қажетті машина, құрал-жабдық әкелумен айналысатын «Машинаимпорт» дейтін бүкілодақтық бірлестік (ББ) бар. «Қазақстан-Коммерция» компаниясы екіжақты, «Маңғышлақмұнаймен»  және шет елдерден мұнай технологиясы бойынша әріптестер іздеумен айналысатын субмердігер ретінде «Машинаимпортпен» келісім-шарт жасасты. Шетелдік инвесторлар тарту үшін біздің көздеген мақсатымыз не екенін анық көрсететін байқау құжаттарын дайындау қажет болды. Сол құжаттарды техникалық тапсырма түрінде жаңағы аталған Грозныйдың «Гипронефтехим» институты жасады. Жауғашты шетелдік талапкерлермен Лондонда жұмыс істеп жатыр. «Біз жасаймыз!» дейтіндер – телегей-теңіз! Мұнайға кім қызықпайды дейсің, америкалықтар да, жапондықтар да, немістер де, бәрі балға үймелеген арадай Жуғаштының айналасында. Оларға грозныйлықтар жасаған техникалық тапсырманы таратып берді. Ал, олар болса бірінен соң бірі келісіп алғандай: «Бұл құжат - қажетті деңгейде жасалмаған, жасалуы керектің бәрі қамтылмаған, шикі құжат» дейді. Осы кезде, 1992 жылы,  Қадыр Бәйкенов Энергетика министрі болып тағайындалды, ал Бекбосыновты Маңғыстаудан әкеліп оның бірінші орынбасары етіп қойды. Тиісінше«Маңғышлақ мұнайға» бас директор болып Ләззат Қиынов барды.

Енді грозныйлықтар жасаған құжат жарамаса, жарайтындай етіп қалай жасалуы керек, ондай құжатты кім жасайды деген сауал туды. Мәселені шұқшия зерттеуге жаны құмар Жауғашты сұрастырса, Лондонда америкалық Юниверсал Ойл Продакшн (UOP)  деген компанияның Европадағы бөлімшесі бар екен, ол мұнай мәселесіне байланысты ең көп лицензия алған және зор тәжірибе жинаған компания екен. Солармен кездесті. Бірақ, Жауғаштыға олармен тіл табысудан көрі Бәйкенов пен Бекбосыновты техникалық тапсырманы қайта жасауға көндіру қиынға түсті. Қанша дегенмен, қалыптасып қалған кеңестік ойлау жүйесі адамның санасынан бір күнде қолын көтеріп шыға салмайды ғой. «Грозныйлықтар жасаған жобаның несі жаман?» деген сұрақ қайта-қайта қойылады. Әңгіме оның жақсы-жамандығында емес, әңгіме ол тапсырманың негізінен техникалық жағын жасап шыққанында болып тұр, ал шетелдіктерге керегі – қаржылық мәселенің кең тарқатылып көрсетілгендігі. Жауғашты Бәйкеновті Лондонға алып барды, фирманың өкілдерімен кездестірді, көндірді ғой, ақыры. Осынау ұзақ-сонар, қай жақ болсын өз мүддесін жанын сала қорғаған келіссөздерге Жауғашты үріп ауызға салғандай сүйкімді референт қызды ертіп барып жүрді. Бұл не үшін? Өңкей ер азаматтар жиналған кезде мұндай қиқулы жиынның «ыстығы» оп-оңай көтеріліп кете беретін. Араларында «арпа ішінде бір бидай» болып сылаңдаған сұлу әйел баласының отыруы жігіттердің сабасынан асып-төгілмеуіне септігі тиетін. Бұл да болса істің қамын ойлағандық...

Сонымен, үш-төрт айдың ішінде шетелдіктер техникалық құжатты дайындап шықты, сосын істің талабы бойынша осы мәселеге байланысты халықаралық тендер жариялау туралы Қазақстан Үкіметі қаулы шығарды, яғни Үкімет те бұларды қолдап отырғанын көрсетті. Тендерлік комиссияның төрағасы болып Бекбосынов тағайындалды. Жауғашты – комиссия мүшесі. Халықаралық байқау жарияланды.

Ол бір жылға жуық уақыт жүріп, 1992 жылдың аяғында аяқталды. Қатысқан Kellogg (АҚШ), Salzgitter (Германия), Lurgi (Германия), ERG (Италия), Mitsui (Жапония) секілді 18 топтың ішінен бірінші турдан кейін үшеуі: америкалықтар (Kellogg), немістер (Salzgitter) және үш жапон фирмасынан құралған консорциум қалды.

«Жапан» деген сөз нені білдіреді?»

Сонымен, 1993 жылдың қаңтарында жапондық «Мицуи-Мицубиши-Тойо инжиниринг» консорциумы байқауды ұтып шықты. Бұған дейін бәрі ашық күрес, адал бәсеке болып келді, «откат-маткат» дегенді Жауғаштылар білмейтін. Неміс-америкалық тандем - Келлог-Зальцгейтер консорциумы жеңіске жету үшін барын салып-ақ бақты, ең соңына дейін тартысты, дегенмен, таразының басын жапон жағына қарай аударған нәрсе – олардың болашақ зауыттың техника-экономикалық негіздемесін тегін жасап береміз деген сөзі болды. Бұл дегеніңіз 1,5-2 млрд.доллар және дәрігердің аурудың диагнозын дәл тауып қоюына тең нәрсе... Дайуа Еуропа Лимитед (DAIWA, Жапония) компаниясы 1993 жылдың шілде айына дейін қазақстандықтардың қаржылық (техникалық) кеңесшісі ретінде жобаның сараптамасын жасап шықты.

Болса да, Үкімет басшысының да, Өкімет басшысының да құлағына тендер туралы ақпарат жетіп жатыр ғой, олар да мақұлдап, оң пікір білдіруде.

Жеңіске жеткен жапондар енді жалғыз талап қойды: Қазақстан үкіметі «Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының жобасы басымдық берілетін инвестициялық жоба болып табылады» деген қаулы қабылдаса екен деді. Бар болғаны – осы! Шынына келгенде, жапондар үшін бұнда тұрған ешқандай айрықша кеңшілік те, артықшылық та жоқ, бұл көзге көрініп тұрған, солай болуға тиіс дүние, оған басымдық берілуі жапондар үшін емес, бірінші кезекте Қазақстан үшін қажет нәрсе. Біздің елге бұл ауадай қажет зауыт, енді соның солай екенін қағаз жүзінде рәсімдеу ғана. Егер жапондар кепілдік талап етсе, онда басқа мәселе, ол жерде ақшаның иісі шығады. Шетелдік көп фирмалар кейін осыдан күйіп кетіп жатты. Жапондар оны талап еткен жоқ. Талап еткендері - біздің Үкімет үшін орындалуы түкке тұрмайтын бір жапырақ қағаз. Ол қағаз болмаса жапон фирмаларының өкілдері өз еліндегі директорлар кеңесін, басқа да құзырлы органдар мен лауазымды тұлғаларды «Қазақстанмен әріптес ретінде жұмыс істеуге, оларға сенім артуға болады» деп қалай айта алады, қалай сендіре алады?

Жапондар көреген екен... Біздің Үкімет өзінің абыройын аман алып қалатын алақандай қағазды ақыры бермеді ғой! Міне, бәленің бәрі осы арадан басталды. Терещенконың үкіметі қаулы да шығармайды, неге шығармайтынын түсіндіріп те айтпайды. Осы кезде... Жемқорлық деген қалай, қайдан пайда болады десеңізші – осы кезде «жаңа зауыт салып керегі жоқ, оның орнына Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жабдықтаса жетеді, сол қажетірек» деген «идея» пайда бола кетті. Ол идея қайдан шыға келді? Оны шығарып жүрген ағылшындық кәсіпкер Роберт Кисин деген біреу. Ол біздің Үкіметтегі Сыртқы экономикалық байланыс министрі С.Әбішевке шыққан. Ағылшындар сол жобаны қаржыландыруға дайын-мыс.

Бітті! Бәрі осы «идея-сымаққа» тастай жабысып қатты да қалды. Жауғашты Сыздық Әбішевпен Маңғыстау жобасын қорғаймын деп, тіпті төбелесіп те  қала жаздады.

Біз екі зауытқа бірдей мұнайды қайдан аламыз?

Осы да уәж бе?

- Айналайын-ау, бұл екі зауыт бір-бірімен жолы ешқашан қиылыспайтын, мүлдем бөлек екі дүние ғой! Маңғыстаудың зауыты тек ауыр мұнайды ғана өңдейді, және ондай мұнайдың қоры көп бізде. Сенің нең күйе кетті? Неге қарсы шығасың?

Түсінер, ұғынар емес. Немесе ұққысы келмейді. Ал, жапондар ауыр мұнайды өңдеудің әдемі технологиясын ұсынған болатын – мұнайдан бензин, дизельдік отын секілді өнімдер бөлек алынып, қалғанынан битум-мұнай алынады. Өңдеудің екінші циклында осы битум-мұнайдан барып ауыр, сирек металдар ажыратылады. (Сөз ретінде айта кетейік, біздің елімізде битум шығаратын алғашқы зауыт жайлы Қазақстан Президенті «НұрОтан» халықтық демократиялық партиясының 2010 жылы өткен төтенше құрылтайында ғана тапсырма берді, ал зауыттың іске қосылуы 2013 жылға жоспарланған еді). Жапондар байқауда ұтып шыққанннан кейін Мәскеуге келді, Жауғашты 3 ақпан күні Лондоннан ұшып келіп, 4 ақпанда олармен Мәскеудегі Халықаралық сауда орталығында құрамында Иномата (Мицубиши), Фукунага (Мицуи), Ямада (Тойо) және Каори (аудармашы) бар жапон делегациясымен кездесті. Сол күні Астрахан арқылы Ақтауға алып келді. 5 ақпан күні Қиыновпен және Ақтауға ұшып келген Бекбосыновпен кездесу болды. 6 ақпанда Алдын-ала келісім-шартқа қол қойылды және зауыт салынатын құрылыс алаңы белгіленді. Ол үшін Ақтаудан Қаламқасқа қарай шыққан жол бойында шамамен 25 шақырым, теңізден 6 шақырымдай жер таңдап алынды. Әдеттегідей, митинг өткізілді, шампан атылды, бәрі оны тағы да жақсылап «жуды». Қуанышта шек жоқ! Лазарь деген азамат салынып жатқан кәсіпорын құрылысының директоры болып тағайындалды. Ол жұмысқа кірісіп те кетті. Электр желісі тартылды. Теңіз жағасында жұмысшылар поселкесі салына бастады. Не керек, 100 миллионнан астам доллар инфрақұрылым орнатуға жұмсалды.

Бұл құрылыстың жүріп жатқан себебі  жоғарыда айтылған, 1991 жылы қазанда қабылданған Үкіметтің қаулысы бар ғой, соған сүйенгендік еді. Ал, мына басымдық беру жайлы қаулы қабылданбай жатса, Жауғаштылар оған ол кезде онша мән беріп те жүрген жоқ. Несі бар ойланатын, ол бір аса ауыр, қабылдануы қиын мәселе емес қой, бұрынғы қаулы бар, тендер-байқау өткізілді, жеңімпаз анықталды, жеңімпаздың ұсынып отырған жобасы да  әдемі, біз үшін тегін ТЭН секілді үлкен жеңілдігі және бар, бірінші сыныптың баласы үшін де ешқандай қиындық туғызбайтын есептей оп-оңай нәрсе. Үкіметтегілердің мың-сан шаруасы бар, қолдары тимей жатқан шығар... Анық Кисиннің «Атырау жобасы» бұлар жеңе алмайтын «жауға айналады» деген ой Жауғаштылардың үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ. Бұл екі ортада Жауғашты Жапонияға барып қайтты, себебі ол Мицуи компаниясымен бұл жобаға дейін де жақсы жұмыс істеп жатқан, «Ямаха» тәрізді электротехникалық бұйымдар, Мицуи арқылы «Тойотаға» шығып, алпауыт фирманың автомобильдерін Қазақстанға әкеліп сатып жатқан. Қысқасы, Жауғашты бұл компаниялар үшін Қазақстандағы бірден-бір сенімді әріптес.

Осы сапарында техникасымен, технологиясымен әлемнің алдына шығып кеткені сонша, өз алдына бөлек планета, бқлек әлемге айналып үлгерген еліне келген кімді болса да бір таң қалдырмай қоймайтын жапондар Жауғаштыны басқа бір мәселеде ойлантып тастады.

- Сіздерде «жапан» деген сөз бар ма? - Иә, бар. - Бар болса ол сөз нені білдіреді? -«Жапан» деген сөз көз жетпес құла түзді, қол жетпес алысты, алып айдаланы білдіреді. - Міне, міне, біз өте көне замандарда сіздердің сол айдаладағы, алыстағы аралдарға келіп орналасып қалған  бір бұтақтарыңыз боламыз. Біздің шыққан жеріміз сол Алтай тауының арғы беті, бергі беті.

«Ойпырмай,ә!» деп ойлады Жауғашты. «Мынау өзі шынында да жаны бар сөз екен. Көшпенді ата-бабаларымыз қайда бармаған біздің. Біз орыстың тілімен «жапон» деп айтып, жазып қалыптасып кеттік, ал жапондар өзін «жапан» деп атайтыны рас қой...» Жапондардың бұл сөзінің қисыны тарихи деректермен өте жақсы қиюласатынына Жауғашты кейінірек, қазақ тарихымен тереңірек айналысып, ғалымдарға демеушілік көрсеткен кезінде көз жеткізді...

Айтпақшы, бейтаныс, беймәлім қай нәрсені болсын білгісі, танығысы келіп елеңдеп тұратын  қазақтар секілді жапондар да жаңалыққа жаны құмар халық (олардың шынымен қазақтан шыққанына бұл да бір қосымша дәйек бола алатын шығар...). Тек бізден айырмашылығы жаңалықты өмірге ендіруге аса құштарлығы болса керек. Дегенмен, бұны біздің табиғатымызға тән бойкүйездігіміз деп, өзімізді жерге ұра жөнелген жөн бола қоймаса керек, жапондардың да шын мәнінде «жаңалықшыл ұлт» атанғаны (генерал Макартурдың 1945 жылы "жапондар нағыз жалқау ел екен" деп Эйзенхауерге жазған хаты бар...) Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Күншығыс елінде асқан табандылықпен жүргізілген идеологиялық-экономикалық саясаттың арқасы. Оған ұлттың үлкен-кішісі, кәрі-жасы, бірі қалмай атсалысты. "Жаңалықшыл" атану, титтей де болсын жаңа дүниені өмірге ендіру - жапон атаулы үшін ең үлкен мәртебе болып саналды. Күні бүгінге дейін император шетелдік қонақтарды өзіне тамаққа шақырғанда олармен табақтас болу бақыты өнерпаздарға немесе ақын-жазушыларға емес, нақ осы өнертапқшатардың үлесіне тиеді...

Біз де айтамыз, бірақ, айтумен шектелеміз. Мысалы, автордың ойынша Президент Н.Назарбаевтың соңғы жиырма жылда аузынан шыққан екінші керемет сөз (біріншісі: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ!») –  «Инновация біздің ұлттық идеямыз болуы тиіс!» Өте орынды пікір, бірақ, оны жапондар секілді ұлттық идеяға айналдыру үшін күн сайын, сағат сайын, үзіп алмай, тоқталмай, бір сәтке де аялдамай істелуі тиіс күнделікті қара жұмыс істелінген жоқ. Іліп әкетіп, дамыта жөнелетін Бас уәзір, тіпті тиісті сала уәзірі де табылмады, Президенттің өзі де өте әдемі, нағыз өміршең идеяны айтумен шектелді. Осындайда Ленин атты бір ел басшысының арнайы Жұмысшы-шаруа бақылауы деген, министрліктен де құдыретті мемлекеттік ұйым (кейін оны бар билікті большевиктер партиясының қолына жиып берген Сталиндей «күн көсем» Партиялық бақылау етіп өзгертті) құрғаны еске түседі екен...

02Өмірзақ Ақжігіт, «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» кітабынан үзінді (жалғасы бар)